Келесте жаңа өндіріс орны ашылып, 30 адам жұмыспен қамтылады

0 0

Түркістан облысының Келес ауданында өнеркәсіп саласын дамытуға бағытталған ірі инвестициялық жобалардың бірі аяқталуға жақын. Жүзімдік ауылында 2,5 миллиард теңгеге минералды су өндіретін зауыт салынды. Кәсіпорын іске қосылғаннан кейін жергілікті тұрғындар тұрақты жұмысқа орналасып, өңірде отандық сусын өндірісінің жаңа бағыты қалыптаспақ.

Өндіріс алаңына барған облыс әкімі Нұралхан Көшеров жобаның қазіргі жағдайын бағалап, кәсіпорынның алдағы жұмыс жоспарын талқылады. Кәсіпкермен әңгімелесу барысында өндірістік жабдықтардың жеткізілуі, оларды іске қосу және зауыттың тұрақты қызметіне қажетті инфрақұрылым мәселелері қозғалды.

«SARYAGASH SU ONIMDERI» ЖШС жүзеге асырып жатқан жоба Жүзімдік ауылдық округінде орналасқан. Жалпы аумағы 2103 шаршы метр болатын өндірістік ғимараттың құрылысы 2025 жылдың наурызында басталып, бүгінде толық аяқталған. Кәсіпорынның технологиялық желісін жабдықтау үшін Қытайдың «XINJIANG YELIDA INTERNATIONAL TRADE CO LTD» компаниясынан 2 миллион АҚШ долларына заманауи қондырғылар сатып алынған.

Зауытта газдалған және газдалмаған минералды су өндіру жоспарланып отыр. Жобаның ерекшелігі – дайын өнімді тек ішкі нарыққа ұсынып қана қоймай, шетелге де экспорттау мүмкіндігінің қарастырылуы. Бұл жергілікті өндірістің ауқымын кеңейтіп, ауданның экономикалық әлеуетін арттыруға жол ашады.

Нұралхан Көшеров инвестициялық бастамалардың өңір дамуына қосатын үлесіне тоқталды. Аймақ басшысы жаңа кәсіпорындардың ашылуы өндірістік бағыттарды көбейтіп, халықты жұмыспен қамтуға мүмкіндік беретінін атап өтті. Сондай-ақ жауапты басқармаларға жобаны іске қосуға қажетті мәселелерді созбалаңға салмай шешіп, кәсіпкерге тиісті қолдау көрсетуді тапсырды.

Кәсіпорын толық жұмысын бастаған кезде 30 адам тұрақты қызметке қабылданады. Ауыл тұрғындары үшін бұл жаңа табыс көзі мен еңбек нарығындағы қосымша мүмкіндік болмақ. Бұған қоса, өндірістің іске қосылуы жергілікті кәсіпкерліктің дамуына және ауданның инвестициялық тартымдылығының артуына ықпал етеді.

Қазір құрылыс кезеңінен кейінгі іске қосу жұмыстарына басымдық беріліп отыр. Алдағы уақытта зауыттың өндірістік желілерін толық дайындап, өнім шығаруды бастау көзделген. Осылайша, Келес ауданында жаңа өндіріс орнының ашылуы ауыл экономикасын жандандырып, Түркістан облысының өнеркәсіптік және экспорттық әлеуетін кеңейтуге бағытталған маңызды қадам болмақ.