Қарағанды шаруалары келесі маусымның қамына кірісті

0 0

Қарағанды облысында ауыл шаруашылығы өндірісін дамыту және шаруашылықтардың тұрақты жұмысын қамтамасыз ету бағытындағы шаралар жалғасуда. Биыл өңірде 321 мың тонна картоп, 34 мың тонна көкөніс және 74 мың тоннаға жуық майлы дақыл өндірілді. Сонымен қатар аграрлық кәсіпорындар алдағы қыс пен келесі жылдың егіс науқанына дайындықты қатар жүргізіп жатыр.

Өңірдің агроөнеркәсіптік кешеніндегі негізгі көрсеткіштер облыс әкімдігінде өткен аппараттық кеңесте талқыланды. Басқосуда биылғы маусымның нәтижелерімен бірге ауыл шаруашылығы өнімдерін сақтау, өндірісті қаржыландыру және мал шаруашылығындағы өзекті мәселелер қаралды.

Өсімдік шаруашылығы бағытында Нұра, Бұқар жырау және Шет аудандары картоп өнімділігі бойынша жақсы нәтиже көрсетті. Жалпы, биылғы дала жұмыстарына екі мыңға жуық комбайн мен мамандандырылған техника тартылды. Шаруаларға арзандатылған жанар-жағармай беріліп, тыңайтқыштар, пестицидтер, сапалы тұқым сатып алу және суармалы егіншілікті дамыту шығындарының бір бөлігі субсидияланды.

Қаржылық қолдау тетіктерінің ішінде жеңілдетілген несие бағдарламаларының орны ерекше. «Кең дала» және «Кең дала – 2» жобалары арқылы 272 шаруашылыққа қаржы бөлінді. Бұдан бөлек, аграршылар қаржы институттарының көмегімен мыңнан астам ауыл шаруашылығы техникасын жаңартқан. Бұл өндірістің техникалық мүмкіндігін арттырып, маусымдық жұмыстарды тиімді ұйымдастыруға жағдай жасады.

Енді өңір үшін маңызды міндеттердің бірі – жиналған өнімді ысырапсыз сақтау және оны өткізуге қолайлы жағдай қалыптастыру. Қазіргі астық қабылдау кәсіпорындарының қуаты қолда бар өнімді орналастыруға жеткілікті. Дегенмен сақтау инфрақұрылымын кеңейту жұмыстары тоқтаған жоқ. Жыл соңына дейін қосымша 18 мың тонна астық пен 30 мың тонна картоп және көкөніс сақтауға мүмкіндік беретін қоймалар іске қосылмақ. Бұл нысандардың құрылысын «Евразия Инвест ЛТД», «Шахтерское» және «Баймырза Агро 2018» серіктестіктері жүргізуде.

Облыс әкімі Ермағанбет Бөлекпаев аграрлық салада жұмысты маусымдық міндеттермен шектемеу керектігін атап өтті. Оның айтуынша, келесі жылдың өнімділігіне бүгін қабылданған шешімдер тікелей әсер етеді. Сондықтан шаруашылықтар тұқым сапасын тексеріп, қажетті қорды қалыптастыруы, топырақ өңдеу мен техниканы жөндеу жұмыстарын уақытылы бастауы тиіс.

Сонымен бірге мал шаруашылығын қысқы кезеңге дайындау мәселесі де өзекті. Өңірдің климаттық ерекшелігіне байланысты мал қыстату алты айға дейін созылуы мүмкін. Осыған орай шаруашылықтарда жемшөп қорының жеткілікті болуы, қора-жайлардың дайындығы және малдың күтімі бақылауда болуы қажет. Аудан әкімдіктеріне алдағы төл алу науқанын да назардан тыс қалдырмау тапсырылды.

Ауыл шаруашылығы саласындағы тұрақтылық тек мол өнім жинаумен өлшенбейді. Оны сақтау, тиімді өткізу, өндірістік базаны жаңарту және келесі маусымға үздіксіз дайындалу да маңызды. Қарағанды облысында қолға алынған жұмыстар осы міндеттерді кешенді шешуге бағытталған.