Жетісулық әйелдер бизнесте белсенділік танытуда

0 0

Әйелдер кәсіпкерлігі Жетісу облысының экономикалық дамуына елеулі үлес қосып келеді. Бүгінде өңірде 25 мыңнан астам әйел өз кәсібін дөңгелетіп, шағын және орта бизнес саласында еңбек етуде. Бұл облыстағы кәсіпкерлік субъектілерінің 45 пайызынан астамын құрайды. Әйелдердің бизнестегі белсенділігі мен жаңа бастамаларын қолдау мәселелері Талдықорғанда өткен «Жетісу Women Forum – 2026» форумында кеңінен талқыланды.

«Әйел кәсіпкерлігі – мемлекеттің тірегі» тақырыбымен ұйымдастырылған жиынға кәсіпкер әйелдер, мемлекеттік органдардың, қаржы ұйымдары мен қоғамдық бірлестіктердің өкілдері қатысты. Басқосуда қатысушылар өзара тәжірибе алмасып қана қоймай, кәсіп ашуға ниетті азаматтарды қолдау, бизнесті кеңейту және ауылдық жерлердегі кәсіпкерлік әлеуетті арттыру жолдарын қарастырды.

Облыс әкімінің орынбасары Диас Есдәулетов әйелдердің кәсіпкерлікке араласуы өңір экономикасының дамуына тікелей ықпал ететінін атап өтті. Оның айтуынша, қазіргі көрсеткіш республикалық деңгейге жақындағанымен, саланың өсуіне әлі де мүмкіндік мол. Сондықтан мемлекет тарапынан қаржыландыру, субсидиялау, оқыту және кеңес беру тетіктері арқылы қолдау жалғаса береді.

Кәсіпкерлікке жаңадан қадам басқан әйелдер үшін тәжірибелік білім мен кәсіби сүйемелдеудің маңызы зор. Осы бағытта облыстық Кәсіпкерлер палатасының Іскер әйелдер кеңесі жүйелі жұмыс жүргізіп келеді. Палата директоры Дәурен Оңалбаевтың мәліметінше, биылдың өзінде 1500-ден астам әйел арнайы оқудан өткен. Оларға бизнес жүргізу негіздері үйретіліп, жеке жобаларын іске асыруға консультациялық және менторлық көмек көрсетілген.

Ауылдық жерлердегі кәсіпкерлікті дамытуға бағытталған «Бір ауыл – бір өнім» бастамасы да оң нәтиже беріп отыр. 2023 жылдан бері жобаға 138 кәсіпкер қатысып, олардың 25-і өңірлік кезеңнің финалына шыққан. Бұдан бөлек, 20-дан астам әйел «Ауыл аманаты» бағдарламасы арқылы гранттар мен жеңілдетілген несиелерге қол жеткізген. Әлеуметтік осал топ өкілдерін кәсіпке тартуға арналған «Кәсіпке жол» жобасы да осы бағыттағы жұмыстарды толықтырады.

Форум аясындағы көрме кәсіпкер әйелдердің қол жеткізген жетістіктерін көпшілікке таныстыруға мүмкіндік берді. Көрмеге азық-түлік өнімдері, бал, тұрмыстық және косметологиялық бұйымдар, зергерлік әшекейлер мен ұлттық қолөнер туындылары қойылды. Әр өнімнің артында жеке кәсіптің тарихы, табандылық пен ізденіс жатыр.

Мәселен, Бибігүл Әлімбекқызы ашытқысыз нан өндірісін дамытып қана қоймай, осы кәсіпті меңгергісі келетін әйелдерге шеберлік сабақтарын өткізеді. Ал Әсел Күлбекова жылыжай шаруашылығын қолға алып, әлеуметтік кәсіпкер Светлана Зубовичтің тәлімгерлік көмегімен жобасын дамытып, жаңа жұмыс орындарын ашқан.

Ұлттық қолөнерді кәсіпке айналдырған Сания Құрманғалиева жеті жылдан бері киізден ойыншықтар жасап келеді. Шебердің айтуынша, өнімдер табиғи материалдардан әзірленеді. Сонымен қатар ол ұлттық нақыштағы киімдер, сөмкелер мен арқа қоржындарын да тігеді. Алдағы уақытта өндіріс көлемін ұлғайтып, кәсібін одан әрі дамытуды жоспарлап отыр.

Көрмеде отбасылық кәсіптің үлгісін көрсеткен омарташы Ирина Сюраның да жұмысы көпшіліктің қызығушылығын тудырды. Жолдасымен бірге бастаған шағын шаруашылық бүгінде 300 ара ұясына дейін кеңейген. Олар балдың сегіз түрімен қатар перга, кремдер мен балауыз шамдарын өндіреді. Кәсіпке отбасы мүшелері де атсалысады.

Іс-шара соңында өңірде әйелдер кәсіпкерлігінің дамуына үлес қосып жүрген бірқатар азамат марапатталды.

Жалпы, форум әйелдердің экономикалық белсенділігін арттыруға, олардың іскерлік байланысын нығайтуға және табысты тәжірибелерді таратуға арналған маңызды алаңға айналды. Жетісудағы 25 мыңнан астам кәсіпкер әйелдің қызметі шағын бизнестің өңір экономикасындағы орнын нығайтып қана қоймай, ауылдық елді мекендерде жаңа жұмыс орындарының ашылуына және жергілікті өнім өндірісінің дамуына жол ашып отыр.