Таразда «Сергек» жүйесі іске қосылды

0 9

Жамбыл облысының орталығында орнатылған 48 аппараттық-бағдарламалық кешен (35 – желілік учаскеде және 13 – қиылыстарда) қаланың жол қауіпсіздігін қамтамасыз ететін болады. Жүйе жылдамдық режимінен асып кету, бағдаршамның тыйым салу сигналына өту, жол белгілерiн сақтамау секілді жол ережелерінің бұзылуын тіркейді. Бұл туралы Өңірлік коммуникациялар қызметінде өткен баспасөз-брифингінде Жамбыл облысы ПД Әкімшілік полиция басқармасының әкімшілік полиция бөлімінің бастығы Нұрсұлтан Алишев айтты.

«Жол қозғалысы ережелерін бұзушылықтарды тіркеу автоматтық режимде жүргізіледі және полиция қызметкері тексергеннен кейін құқық бұзушыға жіберіледі. Барлық ереже бұзу жағдайлары Бас прокуратураның құқықтық статистика және арнайы есепке алу комитетінің әкімшілік өндірістердің бірыңғай тізілімінде автоматты түрде тіркеледі. Хаттамаларды ЭЦҚ көмегімен erap-public.kgp.kz және egov.kz сайттарынан, сондай-ақ Каспий банкінің мобильдік қосымшасындағы мемлекеттік қызметтер бөлімінде жүктеуге болады», – деді Нұрсұлтан Қонысбекұлы.

Аталған жүйе қоғамдық тәртіпті сақтамаған тұрғындарды да назардан тыс қалдырмайды. Осылайша облыс орталығындағы жол-көлік оқиғалары азайып, қаланың қылмысқа бейім бөлігінде тәртіп орнатылады деп күтілуде. Мәселен бұған дейін жүйе сәтті іске қосылған Астана, Алматы және Шымкент қалаларында алғашқы жылдың өзінде-ақ жол бойында қаза тапқандардың саны едәуір азайыпты.

«ӘУЛИЕАТА» АҚПАРАТ.