Таразда Асанәлі Әшімовтің өнер орталығы салынады

0 13

Тараз қаласында Халық әртісі Асанәлі Әшімовтің өнер орталығы бой көтермек. Әдебиет пен мәдениетті насихаттайтын орталық құрылысының жобасымен танысуға Алаш абызы көне шаһарға арнайы келді.

Қала әкімі Бақытжан Орынбеков орталықтың жобасымен кеңінен таныстырып, өнер қайраткерінің ұсыныс-тілегін де тыңдады. Наурыз айында құрылысы басталатын мәдени ошақтың жалпы аумағы – 834 шаршы метр. Екі қабаттан тұратын ғимаратта хореография, театр, кино және сурет өнері үйірмелері жұмыс істейтін болады. Сондай-ақ мұнда Асанәлі Әшімовтің музейі де орналасады.

Нысанның қасбеті неоклассикалық стильде, плиткалы травертиннен жасалып, үлкен форматты гранитті плиталар қолданылады. Ықылас Дүкенұлы атындағы қалалық мәдениет үйінің дәл жанынан орын тебетін орталықтың құрылысы биылғы жылдың соңына дейін аяқталады деп күтілуде.

– Мәдениет пен өнерді қолдаған елдің өрісі кеңейеді. Жоспарланып отырған осы нысан сондай қолдаудың жарқын көрінісі. Жамбыл менің туған жерім! Сол себепті осы орталықтың Тараздан бой көтеруі мені қуантады. Бұл жалғыз маған ғана емес, келешек ұрпаққа, халыққа қажет нысан. Ғимараттың жобасы көңілімнен шықты. Баршаңызға тек қана табыс тілеймін, – деген Асанәлі Әшімов ақ батасын беріп, өзінің кітабын шаһар басшысы Бақытжан Орынбековке тарту етті.

Қазіргі уақытта орталықтың жобалық-сметалық құжаттары даярлану үстінде. Құрылыс қалалық мәдениет үйінің сол жағындағы бос жер учаскесіне салынады деп жоспарлануда. Ол бос жер учаскесінде ешқандай жасыл желек жоқ. Тек шағын ойын алаңшасы ғана бар. Ол алаңша балаларға ыңғайлы болу үшін саябақтың ішіне қарай көшіріледі. Тіпті орталық соғылатын жердегі қоршау да (тарихи нысан саналатындықтан) бұзылмайды. Құрылыстың барлық талабы сақталынады. Алдағы уақытта қалалық мәдениет үйінің маңындағы саябақ халық игілігі үшін жөндеуден өткізілетін болады.

Тараз қаласы әкімінің баспасөз қызметі.