Кешегі Кеңес заманы кезінде Байзақ ауданындағы ұйымдастырушылық қабілеті жоғары, іскер азамат, Социалистік Еңбек Ері Александр Львович Нахманович басқарған «Трудовой пахарь» колхозының атағы алысқа кеткенін алдыңғы толқын ағалар ұмыта қойған жоқ. Қызылша өсіруден табыстың тайқазанын тасытқан сол колхозшылардың ерен еңбегін бүгінде олардың балалары, немерелері лайықты жалғастырып келеді.
Сол колхоздың негізінде құрылған Түймекент ауылдық округі Қостөбе, Үлгілі ауылдық округтерімен қатар 2019 жылдан бастап қолға алынған «Жамбыл облысы тұрғындарының табысын арттыру» пилоттық жобасына енген болатын. Аталған округтердің бұл жобаға бекер таңдалып алынбағанын олардың бүгінгі тындырымды тіршіліктері дәлелдеп отыр. Түймекент ауылдық округі Түймекент және Ақжар ауылдарынан тұрады. Бүгінде 1405 отбасында 9474 тұрғын бар округ аудан орталығынан кейінгі халқы көп, үлкен округтердің бірі. Сондықтан болса керек аталған округ 2019 жылы пилоттық жобаға енгізіліп, аталған жобаның бес бағыты бойынша 262 ауыл тұрғыны 615,2 миллион теңгені 2,5 пайызбен алған болатын.
Жобаның бірінші – үй іргесіндегі жерлерді тиімді пайдалану бағыты бойынша 2020-2021 жылдары ауқымды жұмыстар атқарылды. Жыл сайын жерді пайдаланушылар көбейіп, одан алынған өнім көлемі еселеп артты. Мәселен 2020 жылы 1140 ауланың барлығы өздерінің 132,7 гектар жерлерін толық игеріп, егілген қияр, қызанақ, картоптан барлығы 868,6 тонна өнім алған. Жиналған өнімнің 510 тоннасы ішкі тұтынуға жұмсалса, 358,6 тоннасы саудаға шығарылған. Ал 2021 жылы алынған өнімнің 720 тоннасы ішкі тұтынуға, 378,6 тоннасы сатылған.
Биыл су тапшылығына байланысты аулалардағы егістік жерлер біршама қысқарғанымен 37 гектарға қияр, 25,8 гектарға қызанақ, 17,3 гектарға картоп, 4,2 гектарға баклажан, 4 гектарға алма бағы, 6,2 гектарға бұрыш, 5,5 гектарға асқабақ егіліпті. Үй іргесіндегі жерлерді аталған жоба аясында құрылған «Түймекент-2019» ауылшаруашылығы кооперативі техникаларымен жыртып, өңдеп беріп отыр.
– Үй іргесіндегі жерлерге суды толық жеткізу үшін биыл Байзақ каналымен келген суды үшке бөліп, ауылға кіргізу мақсатында көп жұмыстар атқарылды. 25 метр жерге цемент астаулар қойылып, 6 метрлік бес бетон құбыр орнатылды, 20 метр арық тереңдетілді. Нәтижесінде егін суы арықтың толғанын күтпей лотокпен елді мекенге тиісті мөлшерде жіберіле бастады. Былтыр Түймекент ауылындағы 512 аула ағын суды пайдаланған болса, биыл төрт шақырым арық тазаланып, цемент астаулар мен бетон құбырлар арқылы 980 аулаға су жеткізілді. Бұған ауыл халқы өз ризашылықтарын білдіріп отыр. Мұндай жұмыстар алдағы уақытта да өз жалғасын таба беретін болады, – дейді ауылдық округ әкімінің орынбасары Талғат Мысықбаев.
Біз Түймекент ауылындағы «Нұрасыл» жеке кәсіпкерлігінің иесі Умида Сапарбаеваның үйінде болдық. Үй іргесіндегі жері тиімді пайдаланылуда, сылдырап аққан су бақшаға еркін жайылуда.
– Мен мемлекеттен төменгі пайызбен несиеге 2 миллион 100 мың теңге алдым. Оған 7 бұқа, 5 жылқы сатып алып, бордақылауға қойдым. Малдарым семірген соң сатып, орнына жас мал алып қоямын. Малға қажетті шөпті Аманбай атам мен жолдасым Әнуар дайындайды. Олардың өз жерлері бар. Бізге осындай жағдай жасап, төменгі пайызбен несие берген мемлекетке, облыс, аудан басшыларына ризамын. Алған несиемді кестеге сәйкес төлеп жатырмын. Бақшамызға биыл егін суы жақсы келіп жатыр. Демек үй іргесіндегі бақшадан да мол өнім аламыз ба деген үмітіміз бар, – дейді жеке кәсіпкер.
Айтса айтқандай кәсіпкердің үй іргесіндегі 15 сотық жерінде алма, алмұрт, шие, өрік талдардан бөлек, қияр, қызанақ, сәбіз, чеснок, анар, редиска, жүзім, жүгері, арпа егілген. Сондай-ақ көршісінің пайдаланбай жатқан 10 сотық жеріне картоп, асқабақ отырғызған. Барлығының да шығымы жақсы. Тіпті кейбірі пісіп, жиналып та жатыр. Кәсіпкер келіншек бұл жерден алынған өнімді өздері пайдаланатынын, ал артығын саудаға шығаратынын айтты. Еңбекқор ананың тындырымды тірлігіне біз де риза болдық.
Жобаның екінші бағыты – мал шаруашылығын дамыту және мал сатып алуға округтегі 258 адам қатысып, 602,274 миллион теңгеге 577 жылқы, 2780 қой-ешкі, 558 мүйізді ірі қара, 1250 құс сатып алған. Кейінгі үш жылда мал басы өскен. Округте мал көбейгенімен оны жаятын жайылымдық тарлық етуде. Сондықтан да ауыл малдарының дені құмға шығарылып, сонда бағылуда екенін білдік. Жалпы округ тұрғындарына малдарды құмға шығарып бағу ғана жайылым мәселесін шешетіндігі аудан, облыс басшылары тарапынан да айтылып келеді. Сондай-ақ жайылым жерлерді алып, пайдаланбай отырған шаруалармен келісімдер де жүргізіліп жатқанын округ әкімі Қанат Смағұлов айтып қалды.
Түймекент ауылындағы жеке кәсіпкер Арғынбай Еңлібеков аталған жобаның пайдасын көріп отырған жандардың бірі. Біз барғанда Арғынбай қолдағы малдарына шөп салып, суын беріп жатыр екен.
– Мен пилоттық жоба бойынша 2019 жылы төмен пайызбен 3 миллион теңге несие алдым. Алған қаржыма 150 қазақы қой алған едім, бүгінде ол 350 басқа жетті. Жыл сайын еркек қозыларды сатып, орнына ұрғашы қозылар алып қоямын. Қойларды қолда, ауыл маңында ұстау қиын. Сондықтан да құмға жіберіп, ақыға бақтырып отырмын. Бірлі-жарым, арық-тұрақ, әлжуаздары қолда. Оларға ерекше қамқорлық керек, – дейді Арғынбай.
Арғынбай сөз арасында несиеге алған қаржысынан түгелдей құтылып қойғанын айтып қалды. Бұл жобаның еңбек етемін деген азаматтарға пайдасы көп екенін жеткізді. Өздеріне осындай жағдай жасаған аудан, облыс басшыларына алғыс айтуды да ұмытпады.
Түймекенттік жеке кәсіпкер Әселхан Қасымқұлова да мемлекеттен жеңілдетілген несие алып, істің көзін тауып отырған жастардың бірі. Ол несиені мал өсіру және жоңышқа тұқымын тазалау бағыты бойынша алған. Оған бұл істе жолдасы Асыл Мұханбетжанов көп көмегін көрсетуде. Кәсіпкердің 10 бұқасы сыртта болса, 6 сиыр, 2 жылқысы қолда бағылуда. Мойынқұмның «Көкшұрат» жайлауынан мал ертеңгі күні қоңды оралатын көрінеді. Қоңды мал бірден сатылымға шығады да, ақшасына қайтадан сатып алынған жас төлдер орнын жауып отыратынын білдік. Әсел мен Асылдың үй іргесіндегі баубақшаға да үлкен мән беретіндері көрініп тұр. Жеміс ағаштарының бірнеше түрін еккен. Олар енді жылына үш метр өсетін, оттегіні көп бөлетін павлония ағашын өсіруді қолға алған.
Пилоттық жобаның үшінші бағыты – ауыл сыртындағы жерлерді тиімді пайдалану бойынша «Түймекент-2019» кооперативіндегі 413 гектар егістік жердің 250 гектары жалға алынған. Кооперативте 182 мүше бар. Олар өз техникаларымен ауыл азаматтарының жерлерін жыртып, дайындауға көмектесіп отырады. Жалпы округ бойынша биыл арпа – 1900, жүгері – 374, картоп – 55, қант қызылшасы – 80, көкөніс – 170, бақша – 280, жаңа жоңышқа 446 гектарға егілген. Бұлардан басқа 1125 гектарға күздік бидай егілсе, 1950 гектар ескі жоңышқа алқабы бар. Бүгінде арпа орылып жатса, жоңышқаның екінші орымына да орақ түсіпті. Түсім жаман емес. Шаруалар алдымен өздеріне қажетті жем-шөпті дайындап алса, қалғандарын сатылымға шығармақ.
Жобаның төртінші бағыты – кооперативтерді жабдықтау бойынша кооперативке 85,8 миллион теңгеге 18 ауылшаруашылығы техникасы сатып әперіліпті. Олардың арасында 3 трактор, комбайн, соқа, культиватор, дән сепкіш (сеялка), дәрі бүріккіш, шөп тайлағыш (пресс), тіркеме, жүктегіш және басқа да қосымша құрылғылар бар. Кооператив өз жерлерімен бірге шаруалардың үй іргесіндегі, ауыл сыртындағы жерлерін де төмен бағамен жыртып, өңдеп беріп отырады.
– Алдағы уақытта шағын аулаларға да кіре алатын кіші трактор сатып алу жоспарланып отыр, – дейді Түймекент ауылдық округінің әкімі Қанат Смағұлов.
Жобадағы бесінші бағыт бизнес жобаларды қаржыландыру болып табылады. Бұл ретте де округте айтарлықтай жұмыстар жүзеге асырылуда. Соның бірі – шылаушын басын көбейте отырып, минералды тыңайтқыштар шығару. Бұдан басқа бал омартасын өндіру, жылыжай жұмыстары, наубайхана ашу тәрізді бизнес жобалар несиелендірілген. Олардың қайтарымы бар.
– Мемлекеттен алған несиемізге мал көңін өңдеп, органикалық тыңайтқыш биогумс өндіруді былтырдан бастап қолға алдық. Ерінбей істеген адамға мұның пайдасы өте көп. Біз алғашқы тыңайтқыштарды сата да бастадық, өз бақшамызға пайдаланып, нәтижесін көріп отырмыз. Бағасы қолжетімді. Литрі 70-100 теңге аралығында. Биогумс дегеніміз – шаршаған, тозығы жеткен жерлерді тыңайту мақсатында қолданылатын тыңайтқыш түрі. Бұл ғылыми дәрежеде дәлелденген. Жоңышқа тұқымын тазалау мақсатында «Педкус-590» аппаратын сатып алдық. Енді аз күнде оны іске қосамыз. Өзімізде жер жетіспей жатқаннан соң, көршіміздің пайдаланбай жатқан жерін биогумсқа сұрап алдық, – дейді Асыл Мұханбетжанов.
Иә, малдың қиынан табиғи минералды тыңайтқыштарды шығару арқылы тозығы жеткен жерлерді тыңайтып, химиялық тыңайтқыштардан арылу жолында ізденіп жүрген түймекенттік жастың еңбегі мақтауға тұрарлық. Бұл жаңа әдіс Өзбекстан мемлекеті мен өзіміздің егістікпен көп айналысатын Түркістан облысында кеңінен қолданылатынын баспасөз беттерінен оқығанымыз бар. Ендеше мұндай пайдалы істі қолдағанымыз жөн.
Жобаның бесінші бағыты бойынша жылыжайлар соғылып, наубайхана іске қосылған. Ал бал омартасымен айналысушылар 2020 жылы – 400, 2021 жылы 500 килограмм өнім алса, биыл өнімді 600 килограмға жеткізуді жоспарлап отыр. Бұл бағыт бойынша округтегі 4 азамат 12,941 миллион теңге несие алғанын да айта кеткен жөн.
Біз сөйлескен шаруалар несиенің төмендетілген пайызбен және бір жыл демалыспен берілгендігі тиімді болғанын айтады. Бұл шаруаға аяқтан тұрғанша уақыт беріп, табысын арттыруға мүмкіндік туғызған. Жобаның арқасында округте көптеген азамат жұмысқа тартылды, атаулы әлеуметтік көмек алатындар саны қысқарды. Пилоттық жоба бойынша жұмыс істеп жатқан отбасылардың табысы орта есеппен бірнеше есе артып отыр. Пилоттық жобаның тиімділігін көрген, пайда тапқан түймекенттік 12 азамат өз кәсібін дөңгелете отырып, өздерінің 29,8 миллион теңге несиелерін үстемақы пайызымен қоса мерзімінен бұрын өтеп те қойды.