ӨНІМДІ ӨТКЕРУДЕ ҚИЫНДЫҚ ЖОҚ

0 6

ЕГІН ОРАҒЫ БАСТАЛДЫ. БҰЛ – ДАЛА ТӨСІНЕ ДӘНДІ ДАҚЫЛ ЕГІП, НӘСІБІН ЖЕРДЕН АЙЫРҒАН ШАРУАЛАРДЫҢ ҚЫЗУ ЕҢБЕККЕ АРАЛАСАР ШАҒЫ. ЕРТЕ КӨКТЕМНЕН ЖЕРГЕ ТҮСКЕН ЫЛҒАЛ МЕН АУА-РАЙЫНЫҢ ЖАЙЛЫЛЫҒЫ АЛДАҒЫ ЖИЫН-ТЕРІМГЕ АЛАҢДАҒАН ШАРУАЛАРДЫҢ КӨҢІЛІНДЕГІ КҮМӘНДІ СЕЙІЛТІП ОТЫР. ТАБЫСЫ ТЕК ТӨККЕН ТЕРМЕН ҒАНА ЕМЕС, ТАБИҒАТ ЖАҒДАЙЫМЕН ӨЛШЕНЕТІН ЕҢБЕК АДАМДАРЫНЫҢ БИЫЛҒЫ ЕГІН ШЫҒЫМЫНА КӨҢІЛІ ТОҚ, ОЙДАҒЫДАЙ ӨНІМ ЖИНАУ НИЕТТЕ.

Жалпы осы жылға аудан бойынша 5 мың гектарға күздік бидай, 1600 гектарға жаздық арпа отырғызылған. Бұл өткен жылмен салыстырғанда 180 гектарға артық. Егін ору науқанына 10 комбайн дайын тұр. Қазір оның бесеуі алдымен орақ түскен жазғы арпа алқабына тартылды.

Аудан әкімдігі ауылшаруашылығы бөлімінің басшысы Ауданбек Ерубайдың айтуынша, техникаға қажетті жанар-жағармайдан ешқандай тапшылық жоқ. Көктемгі егіс науқанына 260 тонна бөлінсе, күзгі егін орағына 195 тоннаға тапсырыс берілген. Таяу күндері төмен бағадағы дизел отыны Ақкөл және тау аймағында орналасқан жанар-жағармай бекеттеріне жеткізілетін болады.

Күздік бидай мен жаздық арпа негізінен табиғаты егістікке қолайлы Қаратау, Берікқара және Қасқабұлақ ауылдық округтеріне қарасты тау етегіндегі жоталарға егіледі. Аудан көлемінде егін орағына алғашқы болып Берікқара ауылдық округіндегі шаруалар кірісіп кетті. Мұнда 500 гектарға жаздық арпа, 2700 гектарға күздік бидай отырғызылған. Бұл аумақта мал азығын жинау да қатар жүріп жатыр. Биылға жем-шөпті 13 мың тоннаға жеткізу жоспарланса, қазіргі күнге оның 10 мың тоннасы орылып үлгерген. Тиісті жұмыстарды жиырмаға жуық арнайы техника атқарып жатыр.

Аталған ауылдық округтегі «Нұрдәулет» шаруа қожалығы 300 гектар егістік алқабын игеріп отыр. Шаруа қожалығының төрағасы Нұрлан Жұманқұлов осы салада 15 жылға жуық өтілі бар тәжірибелі маман.

– Ең бастысы – бұл салада еңбек пен төзімділікпен қатар барға қанағат таныта білуің керек. Өйткені әрдайым мол өнім аламын деу қате пікір. Мысалы өткен жылы бидайдың шығымы төмен болды. Небәрі гектарына 7 центнерден ғана жинадық. Биылғы жиын-терімнен көңіліміздің күпті болғаны рас. Алайда күн райы жылы қабақ танытты. Осы егін орағында былтырғыдан артық өнім жинаудан үміттіміз. Жанар-жағармайды көктемгі егіс науқанында 194 теңгеден алдық. Бұдан мәселе жоқ. Қазір шаруашылықта бір комбайн және төрт «Беларусь» тракторы бар. Соның арқасында 60 гектар жоңышқалығымның орағын аяқтадым, – дейді қожалық төрағасы.

Оның айтуынша, бастырылған өнімді өткізуде де ешқандай қиындық туындамайды. Мал шаруашылығымен айналысатындар, тіпті, егістік басынан артып кетеді екен. Сатып алушылардың дені – іргелес Қасқабұлақ ауылының тұрғындары. Қазірдің өзінде алдын ала тапсырыс берушілер табылып жатқан көрінеді.