«RoboLand» фестивалінде қарағандылықтар топ жарды

0 6

Қасым-Жомарт Тоқаев цифрлық инфрақұрылымды дәйекті дамыту маңызды екеніне назар аударып отыр. Мемлекет басшысы озық IT-инфрақұрылым цифрлық индустриядағы келешек прогреске, атап айтқанда, жасанды интеллектінің дамуына негіз қалайды деп санайды. Оған қоса, Президент автоматтандыру және жасанды интеллектінің одан әрі дамуы жаһандағы еңбек нарығын түбегейлі өзгертетінін де атады. Адам еңбегі трансформацияға ұшырап, мүлдем жаңа кәсіби дағдыларға сұраныс пайда болады. Сондықтан, жас өрендерді озық IT-инфрақұрылымы бар дағдыларға мектептен баулу қажет.

IT саласына қызыққан 4-тен 18 жасқа дейінгі өрендер басын қосқан халықаралық «RoboLand» фестивалінің бас жүлдесі қарағандылықтардың еншісіне бұйырды.

Жарыстың тұрақты бас төрешісі – халықаралық спорттық және білім беру робототехникасы қауымдастығының президенті Максим Васильевтің айтуынша, жыл сайын фестивальдің ауқымы кеңейіп, бәсекелестік артып келеді. Биыл оқушылар робот-тышқан, робот геометриясы және басқарылатын роботтардың фин-футболы, олардың лабиринттен өтуі, робо-сумо және биатлон, теңге алу, кедергілерден өтіп, жарысты.

– «RoboLand» жас қатысушыларға техникалық шығармашылықта өзін көрсетуге көбірек мүмкіндіктер береді. Ең ірі фестивальдар 2019 жылы өте бастады, содан кейін алдын ала іріктеу кезеңдері ұйымдас­тырылды. Бұл фестиваль осымен 9-шы мәрте өтіп жатқандықтан, тәжірибеміз бар. Бұл сайыста бірінші рет бас төреші болып тұрған жоқпын. Фестивальда іс жүзінде өздерінің білім беру процестерінде роботтарды пайдаланалатын оқушылар қатысады. Роботтарды өздерінің ұстаздарының көмегімен, нұсқауымен жасап үйренген балалар бақ сынайды. Сайыс қорытындылары секундомер қорытындысы мен балл бойынша шығарылады, – дейді жарыстың бас төрешісі Максим Васильев.

Өзбекстаннан келген делегация басшысы Эльдар Аппазов бұл жерге тәжірибе жинау үшін арнайы келгенін айтады.

– «RoboLand»-ке биыл 4-ші рет қатысудамыз. Біздің елімізде мұндай деңгейдегі фестивальдар өткізілмейді. Кейін өзімізге өткізу үшін тәжірибе жинауға тырысамыз. Біздің үлкен құрамада – 6 жастан 18 жасқа дейінгі 25 қатысушы бар. Олар 12 санатта бақ сынады. Өткен жыл да біз үшін жемісті болды. Жалпы командалық есепте екінші орынға ие болдық, – дейді Эльдар Аппазов.

Бішкектен келген «RoboLand»-тың бірнеше дүркін жүлдегері 18 жастағы Ринат Советканов та фестивальға төртінші рет қатысуда. Жастар командамен бірге экоробот құруды талап ететін шығармашылық санатта өнер көрсетті.

– Әлемде қоршаған ортаны қорғау тақырыбы – өзекті. Өйткені, жаһандық жылыну және басқа факторлар жүріп жатыр. Біз экологияға теріс әсерді азайтуға ықпал еткіміз келеді. Таза энергия өндіру үшін модульдік жел генераторын жасадық, – дейді қатысушы.

Жарасым тапқан өнертапқыштар жәрмеңкесі тартысты өтті. Өнертапқыштар сайысында командалық есепте жүлделі І орынды Қарағанды облысының құрамасы жеңіп алды. ІІ орын Өзбекстаннан келген өрендерге бұйырды. Үздік үшінді орында Павлодар облысының құрамасы иеленді. Жүлдегерлер Алғысхат және естелік сыйлықтармен марапатталды.

Ұйымдастырушылардың айтуынша, келер жылы оқушылар арасындағы ірі жобаға он жыл толады. Өз кезегінде ұйымдастырушылар ауқымын бұдан әрмен кеңейтіп, мүмкіндікті молайтатынын айтады. Осы орайда білім берудегі инновациялық тәсілдерді енгізу шеңберінде облыста 240-тан астам робототехника зертханалары жұмыс істейтінін айта кеткен жөн. 700-ге жуық информатика және физика мұғалімдері «Робототехниканы оқыту әдістемесі» курсы бойынша білімдерін жетілдірген. Өткен жылы «Мұрагер» мамандандырылған мектеп-лицей-интернатының оқушылары робототехникадан АҚШ-та өткен чемпионаттың жеңімпазы атанып, ел тарихында тұңғыш рет «Champions Award» сыйлығының қола жүлдегері атанған.

Робототехника фестивалінің жыл сайын Қарағандыда өтетін ескерсек, бұл – облыста ІТ индустриясы қарқын алғанының айрықша көрсеткіші. Мәселен, мектеп оқушысының өзі асыға баратын 2021 жылдың соңында іске қосылған «Терриконды алқап» өңірлік IT-хабы дарынды жастар мен мамандар үшін «IT» және «Digital» саласының ерекше нүктесіне айналған. Алқап жұмысының нәтижесінде облыста бизнес-бағдарламадан өткен стартап-жобалардың саны 700-ден асып, «IT&Digital»-компаниясында 500-ге жуық адам жұмысқа орналасты.

Білікті жастардың сөзіне сүйенсек, өңірде 10 мың IT маманды оқытып шығару – бірнеше жаңа ірі зауыттар салғанмен тең. Қазір аймақта 3 мыңға жуық IT-компаниялардың қызметкерлері жұмыс істейді.