Елімізде болған су тасқынына байланысты волонтерлар барлық аймақта жұмыс жасап жатыр. Бұл туралы «Ұлттық волонтерлік желі» мемлекеттік органдармен өзара іс-қимыл бөлімінің басшысы Айбек Досымбетов ОКҚ алаңында хабарлады.
Оның айтуынша, волонтерлардың ең басты атқарып жатқан жұмыстары зардап шеккен тұрғындарды ыстық тамақпен, жылы киіммен, жататын төсек орындарымен қамтамасыз ету болып табылады. Қазіргі таңда зардап шеккен тұрғындардың денсаулығы сыр берген жағдайда дәрі-дәрмектермен қамтамасыз ету жұмыстары ұйымдастырылып жатыр.
– Волонтерлар жалпы ұйымдасқан топтары құтқару қызметкерлерін ыстық тамақпен қамтамасыз ету жұмыстарынын жасап жатыр. Жалпы республика бойынша барлық 20 аймақта жедел желі телефондары іске қосылған. Гуманитарлық көмек жинау орталықтары ашылып, бұл көмек зардап шеккен аймақтарға жіберіліп жатыр. Бүгінгі күнге дейін республика бойынша 550 тоннадан астам гуманитарлық көмек жиналды. Бұл көмектің 370 тоннасы қажетті елді мекендерге жеткізілген болатын.
Жалпы, республика бойынша 25 мыңнан астам волонтер түрлі қызмет көрсетіп жатыр. Біздің еріктілер апат аймағындағы облыстардың тікелей сол жердегі зардап шеккен тұрғындарына және құтқарушыларға көмек көрсетумен айналысты. Оңтүстік өңірдегі волонтерларымыз гуманитарлық көмекті жинап, оны сұрыптаумен айналысып жатыр және соны уаақтылы қажет ауылдарға, қажетті облыстарға жөнелту жұмыстарын ұйымдастырып жатыр, – деді спикер.