Радикалды идеологиямен күрес ұлттық қауіпсіздік кепілі

0 1

Діни ахуал – қоғамның ішкі тұрақтылығы мен рухани бірлігінің негізгі көрсеткіштерінің бірі. Сондықтан өңірде түрлі этностар мен діни бағыттардың қатар өмір сүруі өзара түсіністік пен келісімді үздіксіз нығайтуды талап етеді. Осы бағыттағы өзекті мәселелер мен оларды шешу жолдары Жамбыл облыстық тарихи-өлкетану музейі ғимаратында өткен дін саласы мамандарына арналған екі күндік облыстық оқыту семинарында кеңінен талқыланды.

Семинар барысында өңірдегі діни сауаттылық деңгейінің әркелкі болу мәселесі сөз болды. Пленарлық отырыста жастар мен ауыл тұрғындары арасында діни білімді бейресми, кей жағдайда күмәнді ақпарат көздерінен алу үрдісі бар екендігі айтылды. Осыған байланысты білім беру жүйесінде «Дінтану негіздері» пәнін тәжірибелік бағытта жетілдіру және ақпараттық жұмыстарды күшейту қажеттігі ұсынылды.

Семинар аясында мемлекеттік құрылымдар мен діни бірлестіктер арасындағы өзара байланыс мәселесі де арнайы талқыланды. Бірінші күнгі секциялық отырыстарда ақпарат алмасудың жүйелі жүргізілмеуі кей жағдайда түсініспеушіліктерге әкелетіні айтылып, бұл бағытта ортақ кеңестер құру және тұрақты диалог алаңдарын қалыптастыру қажеттігі ұсынылды. Жастармен жұмыс жүргізу мәселесі жалпы осы күні өткен дәрістерде кеңінен қозғалды. Қатысушылар арасында кейбір жастардың шетелдік діни ағымдарға еліктеуі және дәстүрлі құндылықтардан алшақтау мәселесі сөз болып, алдын алу шараларын күшейту қажеттігі туындады.

Ауылдық жерлердегі діни қызмет сапасы да назардан тыс қалмады. Пікір алмасу алаңында кейбір ауыл мешіттерінде қызмет атқаратын мамандардың даярлық деңгейі әркелкі екендігі айтылып, имамдарды даярлау және қолдау мүмкіндіктерін жетілдіру қажеттігі көтерілді. Ақпараттық-түсіндіру жұмыстарының маңыздылығы екі күн бойы бірнеше сессияда қамтылды. Әсіресе әлеуметтік желілерді тиімді пайдалану тақырыбы аясында халыққа нақты әрі сенімді ақпарат жеткізудің маңыздылығы айтылып, медиа жобаларды дамыту бойынша ұсыныстар берілді.

Семинар жұмысына Тараз қаласы мен аудандардан келген дін саласының мамандары, теологтар, ақпараттық-түсіндіру топтарының мүшелері және жастармен жұмыс істейтін мамандар қатысты. Семинар екі күнді қамтыды. Алғашқы күні модератор Жамбыл облысы әкімдігі дін істері басқармасының басшысы Еркебұлан Ақбай алғысөз сөйледі. Оқу-ағарту жұмысы екі топқа бөлініп ұйымдастырылды. Алғашқы дәрісті Қазақстан Республикасы Президенті жанындағы мемлекеттік басқару академиясының мемлекеттік саясат ұлттық мектебінің директоры, әлеуметтану ғылымдарының кандидаты Талғат Жақиянов оқып, «Діни толеранттылық – бейбіт қоғамның негізі» тақырыбында баяндама жасады. Одан кейін журналист, блогер Мөлдір Анарбаева «Көпшілік алдында сөйлеу – шеберлік пен сенімділік үлгісі» тақырыбында тәжірибелік сабақ өткізді.

Күннің екінші жартысында видеограф, контентмейкер Нұрайым мемлекеттік ұйымдарда әлеуметтік желілерді тиімді пайдалану жолдары туралы дәріс оқыды. Сонымен қатар Республикалық «Тәжірибелік психология» қоғамдық бірлестігінің төрайымы Фатима Бизақова қатысушыларға коммуникация әдістері бойынша практикалық сабақ жүргізді. Семинардың екінші күні «Нұр-Мүбарак» Египет ислам мәдениеті университетінің Діни экстремизмге қарсы іс-қимыл орталығының директоры Қонай Халым «Радикалды идеологияға қарсы діни контраргументтер» тақырыбында дәріс оқыды. Ал «IHSAN» ғылым және мәдениет орталығы» қоғамдық қорының төрағасы, теология ғылымдарының PhD докторы Тимур Нүсіпханов «Дәстүрлі ислам құндылықтары және олардың қоғам тұрақтылығындағы рөлі» тақырыбын жан-жақты тарқатты.

Семинар қорытындысында қатысушыларға сертификаттар табысталып, пікір алмасу ұйымдастырылды. Жиын барысында көтерілген мәселелер мен ұсыныстар алдағы уақытта өңірдегі діни ахуалды тұрақтандыру бағытындағы жұмыстарда ескерілетіні атап өтілді.