Астанада фермерлер өнімін делдалсыз ұсынды

0 1

Елордада ауыл шаруашылығы саласының өкілдері мен қала тұрғындарын тоғыстырған «Соғым-FEST» атты ауқымды жәрмеңке ұйымдастырылды. Ауыл шаруашылығы қызметкерлерінің кәсіби мерекесіне орайластырылған шара III Ауыл шаруашылығы қызметкерлері форумының аясында өтті. Жәрмеңкеге еліміздің бірнеше өңірінен келген шаруалар қатысып, өздері өндірген ет өнімдерін көпшілік назарына ұсынды.

Бұл жолғы сауда алаңының басты ерекшелігі – өнім өндіруші мен тұтынушы арасында делдалдардың болмауы. Яғни фермерлер өз тауарларын тікелей сатып, ал елорда тұрғындары ауыл шаруашылығы өнімдерін өндірушінің өзінен тиімді бағамен алуға мүмкіндік алды. Іс-шараны ҚР Ауыл шаруашылығы министрлігі мен Астана қаласының әкімдігі бірлесіп ұйымдастырды.

Жәрмеңкеге Ақмола, Абай, Павлодар, Қарағанды, Солтүстік Қазақстан, Қостанай және өзге де облыстардан келген фермерлік шаруашылықтар қатысты. Сауда сөрелерінен сиыр, жылқы және қой етінің түр-түрін кездестіруге болады. Өңірлерден жеткізілген өнімдерге қала тұрғындарының қызығушылығы жоғары болды. Әсіресе қысқы соғымға қамданған жұртшылық үшін бұл – қажетті азық-түлікті қолайлы бағамен алуға берілген мүмкіндік.

Бағаға келсек, жәрмеңкеде сиыр етінің бір килограммы 3300 теңгеден, жылқы еті 3500 теңгеден, ал қой еті 3700 теңгеден саудаланды. Бұған қоса, сатылымға шығарылған ет өнімдерінің барлығы ветеринариялық-санитариялық талаптарға сәйкес зертханалық тексеруден өткізілген. Бұл тұтынушылардың сапалы әрі қауіпсіз өнім алуына жағдай жасады.

Ұйымдастырушылардың айтуынша, «Соғым-FEST» жобасы – қазақ халқының ежелден келе жатқан соғым сою дәстүрін бүгінгі заманға сай жаңғыртудың бір жолы. Бұрыннан жалғасып келе жатқан бұл дәстүр қыстың қамын жаз ойлаған халық үшін айрықша маңызға ие. Ал мұндай жәрмеңкелер ұлттық салтты сақтаумен қатар, отандық ауыл шаруашылығы өндірушілерін қолдауға да ықпал етеді.

Сауда алаңына келген тұрғындардың бірі Бердіқұл Айнияз жәрмеңкенің ұйымдастырылуына оң бағасын берді. Арқалық қаласының тумасы туған өңірінен жеткізілген жылқы етін сатып алғанын айтып, мұндай бастамалардың қала тұрғындары үшін де, ауыл шаруашылығы саласы үшін де тиімді екенін атап өтті.

«Ет – халқымыздың күнделікті тұтынатын негізгі азық-түліктерінің бірі. Сондықтан осындай жәрмеңкелердің ұйымдастырылғаны өте дұрыс. Мұнда өнімді тиімді бағамен алуға болады. Өзім Арқалықтан шыққанмын. Туған өлкемізден әкелінген жылқы етінің килограммын 3500 теңгеден сатып алдым. Барлығы 25 килограмм ет алдым. Осындай игі бастамаға мұрындық болған ұйымдастырушылар мен қала әкімдігіне алғысымды білдіремін», – деді ол.

Жалпы, «Соғым-FEST» – сауда-саттық өткізетін алаң ғана емес, ауыл мен қала арасындағы байланысты нығайтатын маңызды жоба. Бір жағынан, шаруалар өз өнімін тұтынушыға тікелей жеткізіп, кәсібін дамытуға мүмкіндік алса, екінші жағынан, тұрғындар отандық өнімді қолжетімді бағамен сатып алады. Мұндай бастамалар жергілікті өндірушілердің еңбегін дәріптеп, отандық ауыл шаруашылығының дамуына серпін берері сөзсіз.