Қызылқоғада қызу құрылыс

0 5

Облыс әкімі Болат Ақшолақов Қызылқоға ауданына жұмыс сапары барысында елді мекендердегі әлеуметтік және инфрақұрылымдық нысандардың жай-күйімен танысып, бірқатар жобаның орындалу барысын саралады. Теміржол вокзалдарын қайта жаңғырту, мектептер мен мәдениет үйлерін салу, жол жөндеу, спорт нысандарын дамыту және су қауіпсіздігін қамтамасыз ету бағытындағы жұмыстардың қарқыны қаралды.

Өңір басшысының сапары Жамансор және Мұқыр теміржол вокзалдарын аралаудан басталды. 1976 жылы салынған бұл нысандар бүгінде қайта жаңғыртылып жатыр. Жоба «Қазақстан темір жолы» акционерлік қоғамымен бірлесіп жүзеге асырылуда. Жамансор теміржол вокзалындағы жұмыстың орындалу деңгейі 50 пайызды құрайды. Бекет арқылы төрт бағытта пойыз қатынайды. Мұнда ай сайын шамамен 100 жолаушыға қызмет көрсетіледі. Ал Мұқыр вокзалының дайындығы 35 пайызға жеткен. Бұл бекет тәулігіне орта есеппен 45 жолаушыға қызмет көрсетіп, пойыздар алты бағыт бойынша қатынайды.

Облыс әкімі нысандардағы жұмыс қарқынына назар аударып, мердігер ұйымдарға жұмысшылар мен техниканың санын көбейтуді тапсырды. Сонымен қатар жұмысты екі ауысымда ұйымдастырып, вокзалдардағы қайта жаңғырту жұмыстарын 1 қыркүйекке дейін толық аяқтау қажеттігін айтты. Аудан әкімі Қанат Әзмұхановқа құрылыс барысын жеке бақылауға алып, атқарылған жұмыстар жөнінде үш күн сайын есеп беріп отыру міндеттелді.

Бұдан кейін Болат Ақшолақов Жамансор ауылындағы 30 орынды интернаты бар 80 орынды жаңа мектептің құрылысымен танысты. Нысан қайтарылған активтер есебінен салынған. Құрылыс жұмыстары толық аяқталғанымен, қазір қажетті құжаттарды рәсімдеу жұмыстары жүргізілуде. Жаңа білім ордасы жаңа оқу жылынан бастап оқушыларды қабылдауы тиіс. Осыған байланысты облыс әкімі лицензиялау процесін жеделдетіп, оқу жылы басталғанға дейін білім беру процесін ұйымдастыруға қатысты барлық мәселені шешуді тапсырды.

Мұқыр ауылында бой көтеріп жатқан 400 орынды Мәдениет үйінің құрылысы да жұмыс сапары кезінде назарға алынды. Қазіргі таңда нысанның 80 пайызы орындалған. Жаңа ғимаратта көрермендер залы, түрлі үйірмелерге арналған бөлмелер мен кітапхана орналасады. Аймақ басшысы қалған жұмыстарды сапалы орындап, ғимаратты белгіленген мерзімде пайдалануға беруді тапсырды.

Сапар барысында жол мәселесіне де көңіл бөлінді. Облыс әкімі Индер–Қарабау–Миялы–Сағыз автокөлік жолының орташа жөндеу жұмыстарының барысын көрді. Жалпы ұзындығы 115 шақырым болатын Миялы–Сағыз учаскесінің 40 шақырымында жөндеу жұмыстары жүргізілген. Аталған жолдың сапасы аудан тұрғындары үшін ғана емес, елді мекендер арасындағы қатынас пен жүк тасымалы үшін де маңызды.

Миялы ауылында облыс әкімі Ы.Шөреков атындағы мектеп-гимназиядағы күрделі жөндеу жұмыстарын да тексерді. Қазіргі таңда нысанда сегіз бригада жұмыс істеп жатыр. Ғимаратты жаңа оқу жылы басталғанға дейін толық дайын ету көзделген. Жұмыс қарқыны мен орындалу сапасына назар аударған өңір басшысы құрылыс жұмыстарын белгіленген мерзімнен кешіктірмеуді тапсырды.

Аудан орталығында салынып жатқан 500 орынды Мәдениет үйінің құрылыс барысы да қаралды. Нысанның қазіргі дайындығы 30 пайыз шамасында. Мұнда құрылыс жұмыстарының маусымдық ерекшелігі ескеріліп, негізгі жұмыстарды қыс түскенге дейін аяқтау қажеттігі айтылды.

– Қыс түскенше бетон жұмыстарын аяқтап, төбесін жабу керек. Күн суытқанша істеп үлгермесек, қосымша проблемалар туындайды, – деді Болат Ақшолақов.

Жұмыс сапарында ауданның су шаруашылығы саласындағы жобаларға да басымдық берілді. Ойыл өзенін тазарту, түбін тереңдету және арнасын кеңейту жұмыстары елді мекендерді су басу қаупін азайтуға бағытталған. Жоба өзеннің жалпы ұзындығы 69 шақырым болатын 12 учаскесін қамтиды. Бұл жұмыстардың сапалы орындалуы көктемгі су тасқыны кезінде елді мекендердің қауіпсіздігін қамтамасыз етуде маңызды рөл атқарады.

Болат Ақшолақов Жангелдин ауылында салынып жатқан дене шынықтыру-сауықтыру кешені мен 300 орынды Мәдениет үйінің құрылысымен де танысты. Қазіргі таңда аталған нысандарды аяқтау үшін қаржыландыру мәселесін шешу қажет. Өңір басшысы бұл мәселені назардан тыс қалдырмай, құрылысты аяқтауға қажетті жұмыстарды жүйелі түрде жүргізуді тапсырды.

Жұмыс сапары барысында облыс әкімі барлық нысанды тұрақты бақылауда ұстау, құрылыс пен жөндеу жұмыстарының сапасын қамтамасыз ету және белгіленген мерзімдерді сақтау қажеттігін қатаң ескертті. Әсіресе жаңа оқу жылына дейін пайдалануға берілуі тиіс әлеуметтік нысандардағы жұмыстарды уақытылы аяқтау маңызды екеніне назар аударылды.

Қызылқоға ауданында қолға алынған бұл жобалардың барлығы тұрғындарға қолайлы жағдай қалыптастыруға бағытталған. Жаңғыртылған теміржол вокзалдары жолаушыларға қызмет көрсету сапасын арттырса, жаңа мектептер ауыл балаларының сапалы білім алуына мүмкіндік береді. Ал мәдениет үйлері мен спорт нысандары тұрғындардың бос уақытын тиімді өткізуіне жол ашпақ. Жолдардың жөнделуі елді мекендер арасындағы байланысты жақсартып, су шаруашылығы жобалары халықтың қауіпсіздігін қамтамасыз етуге ықпал етеді. Сондықтан әр нысанның уақытында әрі сапалы аяқталуы – ауданның әлеуметтік-экономикалық дамуы үшін маңызды. Облыс әкімінің сапар барысында берген тапсырмалары осы жұмыстардың қарқынын күшейтіп, тұрғындарға қажетті нысандарды белгіленген мерзімде ел игілігіне ұсынуға бағытталған.