Бюджет қаржысы бақылауда

0 3

Шымкентте бюджет қаражатының мақсатты әрі тиімді жұмсалуын қамтамасыз ету бағытында бірқатар жұмыстар атқарылуда. Негізгі басымдық – заң бұзушылықты кейін анықтау емес, оның алдын алу. Бұл туралы Шымкент қаласы бойынша Экономикалық тергеп-тексеру департаментінің басшысы Бақыт Қайшыбеков брифинг барысында айтты.

Департаменттің мәліметінше, өткен жыл мен ағымдағы жылдың алғашқы алты айында жергілікті атқарушы органдармен бірлесіп жүргізілген алдын алу шараларының нәтижесінде бюджеттің 23,4 млрд теңге қаржысы үнемделген. Қаражаттың үнемделуіне бюджет шығыстарын қайта қарау, негізсіз жоспарланған шығындарды қысқарту және мемлекеттік сатып алулар кезінде заң бұзушылыққа әкелуі мүмкін жағдайларды алдын ала анықтау әсер еткен.

Бүгінде бұл бағыттағы жұмыстарда цифрлық технологиялардың мүмкіндігі де пайдаланылып отыр. Мамандар бюджет шығыстарын, мемлекеттік сатып алуларды және қаржылық операцияларды талдау арқылы күмән тудыратын жағдайларды ерте кезеңде анықтауға тырысады.

Ал заң бұзушылық орын алғаннан кейінгі жұмыстардың нәтижесі де бар. Мәселен, 2025 жылы анықталған 84 қылмыстық іс бойынша мемлекетке келтірілген залал 15,9 млрд теңге болған. Оның 7,5 млрд теңгесі мемлекетке қайтарылған.

Департамент басшысының айтуынша, экономикалық қауіпсіздікті қамтамасыз етудегі басты мақсат – қылмыстық істердің санын көбейту емес, мемлекет қаржысына келетін шығынның алдын алу.

– Қаражатты кейін қайтарғаннан гөрі, оның заңсыз немесе тиімсіз жұмсалуына бастапқы кезеңде жол бермеу әлдеқайда маңызды, – деді Бақыт Қайшыбеков.

Осыған байланысты департамент мемлекеттік органдармен бірлесіп қаржылық тәртіпті күшейту, бюджет қаражатын жоспарлау кезінде заң бұзушылыққа әкелуі мүмкін жағдайларды ерте анықтау және заң талаптарын түсіндіру жұмыстарын жүргізіп келеді.

Алдағы уақытта цифрлық талдау құралдарын жетілдіру, қаржылық бақылаудың алдын алу тетіктерін дамыту және бюджеттік жоспарлаудың сапасын арттыру көзделіп отыр. Мамандардың айтуынша, алдын алынған әрбір заң бұзушылық бюджет қаражатының сақталуына және сол қаржы есебінен жүзеге асатын әлеуметтік жобалардың сапалы әрі уақытылы орындалуына ықпал етеді.