Қырық жыл өтсе де қасірет ұмытылған жоқ

0 0

Адамзат тарихында дүниені дүр сілкіндірген апатты жағдайлар дүркін-дүркін ұшырасып тұрады. Сондай, жаһанды жалт қаратқан қайғылы да қатерлі оқиға Чернобыль қаласында орын алып, атом стансасында жарылған болатын. Чернобыль апатының зардабы мен залалын қалпына келтіруге жергілікті халық қана емес, одақтас республикалардан мыңдаған адам атсалысқан. Нәтижесінде қаншама адам сол атомның зиянды сәулесінен денсаулығынан айырылып, жапа шекті. Биыл сол Чернобыль оқиғасына 40 жыл толды.

Чернобыль апатын залалсыздандыруға Кеңес Одағы бойынша 276 әскери бөлім қатысқан. Солардың ішінде 32 мыңнан астам қазақстандықтар бір кісідей жан аямай атсалысты. Бұл апаттың орын алғанына 40 жыл болса да, оның зардаптары әлі күнге дейін толастаған жоқ. Өкінішке орай, уақыт сол қасіретті оқиғаларға қатысушыларды біздің қатарымыздан мезгілсіз алып кетіп жатты. Бірақ, «ешкім де, ештеңе де ұмытылмайды».

Оқиғаға оралсам, 1986 жылғы 26 сәуірде Украинаның Чернобыль қаласындағы атом электр станциясының төртінші блогы жарылды. Бұл жойқын апат адамзат тарихындағы ең ауыр техногендік қасіреттердің бірі ретінде есте қалды. Оның салдарынан Украина және Ресейдің Брянск пен Калуга облыстары радиоактивтік ластануға ұшырап, қоршаған орта мен адам өміріне үлкен қауіп төндірді. Сол себепті АЭС-тен шамамен 30 шақырым радиуста тұратын елді мекендердің халқы шұғыл түрде басқа аймақтарға көшірілді. 1986 жылдың қараша айына дейін апатқа ұшыраған төртінші блокты залалсыздандыру жұмыстары жүргізілгенімен, оның зардабы толық жойыла қойған жоқ. Ресми мəліметтерге сүйенсек, радиоактивті түтін аймақ шекарасынан асып, оннан аса мемлекеттің шамамен 145 мың шаршы шақырым жерін ластап, кемдегенде 5 миллион адам түрлі деңгейде зардап шеккен.

Бұл апатты залалсыздандыру жұмыстарына мыңдаған сарбаз бен маман тартылды. Олар өз өмірін қауіпке тігіп, радиациямен бетпе-бет келді. Бірақ АЭС таратқан ажал уынан құтылу оңай болған жоқ. Қоршаған ортаға, тұрғындар мен құтқарушылардың денсаулығына орасан зиян тигізген бұл апат тың салдарын жоюға Қазақстан азаматтары да белсене қатысты. Дерек бойынша, еліміз ден 32 мыңнан астам адам осы іске жұмылдырылса, олардың сапында 1200-ден аса жамбылдық жалынды жас қызмет атқарды. Олар ядролық «аждаһаны» ауыздықтауда бар күш-жігерін салып, Отан алдындағы борышын адал орындап, табандылықтың озық үлгісін көрсетті.

1987 жылдың ақпан айында мен де əскери комиссариаттан шақырту алдым. Əскери жиынға шақырылғанымды сол жерге барғанда бір-ақ білдім. Бір тəуліктен кейін медициналық тексеруден өтіп, бізді эшелонға отырғызды. Бірнеше рет көлік ауыстырып, Беларусь КСР-інің Гомель облысына жеттік. Əрі қарай Хойники қаласының вокзалынан КамАЗ көліктерімен Новоселки ауылына жеткізілдік. Сол жерде ғана біз Чернобыль АЭС апатының салдарын жою жұмыстарына қатысатынымызды толық түсіндік. Мен Қызыл Тулы Орта Азия əскери окру гінің 27-ші химиялық полкінің 20040 əскери бөлімінде қызмет етіп, «ПМ-130» көлігінің жүргізушісі болдым. Мамыр айында бізді Украин КСР-індегі Ладыжичи ауылына ауыстырды. Бұл жер 30 шақырымдық қауіпті ай мақтың ішінде орналасқандықтан, біз ради ациялық қалдықтарды сумен жуу арқылы зарарсыздандыру жұмыстарын атқардық. Апат салдарымен күрес барысында атнымызға адал болды. Қазір еске алуға оңай болғанымен, ол күндер қауіп пен қорқынышқа толы еді. Одақ ыдырағаннан кейін өмір қиындап, тұрмысқа қаражат жетіспей қалды. Біздің сырқатымыз бен материалдық мəселемізге ешкім мəн бермейтінін көріп, өзіміз əрекет ету қажеттігін түсіндік. Кейін белгілі болғандай, жалғыз мен ғана емес, өзге де белсенді азаматтар бұл істі қолға алып, бастап кеткен екен.

Күш біріктіргеніміздің арқасында 1996 жылы Жамбыл облыстық «Чернобыль одағы» қоғамдық бірлестігінің негізі қаланды. Бұл ұйым апат салдарын жоюға қатысқан ардагерлерге, олардың жесірлері мен отбасы мүшелеріне көмек көрсетеді. Бірлестіктің негізін қалаушы – Шералы Оразбеков. Ал қазіргі төрағасы – Фарит Галиев. Осы ретте айта кетерлігі, еліміздегі чернобыльшыларды біріктіретін қоғамдық ұйымдар бірқатар өзекті мəселелерді шеш кенімен, көптеген түйткілдер əлі де сол күй інде қалып отыр. Апат салдарын жоюға қа тысушылардың басым бөлігі əлі күнге дейін жер телімі, денсаулыққа келген зиян үшін өтемақы, санаторийлік емдеу қызметтері секілді тиесілі жеңілдіктерді толық ала алмай келеді. Мəселен, 2020 жылдың мамыр айында Қазақстан Республикасының «Ардагерлер туралы» Заңы қабылданды. Осы құжатқа сəйкес, Чернобыль атом электр станциясын дағы апаттың салдарын жоюға жəне ядролық сынақтарға тікелей қатысқан азаматтар Ұлы Отан соғысы ардагерлеріне теңестірілген еді. Бұл шешім көптеген ардагер үшін əлеуметтік əділеттілікке жасалған маңызды қадам болғанымен, олардың өмірлік мəселелерін күні бүгінге дейін шешіп бере алмай жатыр. Сондықтан біздің ұйымның мүшелері Чернобыль апатының салдарын жоюға қаты сушылар мен олардың ұрпақтарына медициналық оңалтуды жетілдіруді, чернобыльшыларды, олардың жесірлері мен балаларының əлеуметтік қолдауын күшейтуді, сондай-ақ осы жолда құрбан болған боздақтарды жыл сайынғы еске алу шараларын республикалық жəне өңірлік деңгейде тұрақты жоспарға енгізілгенін қалайды.

Осы ретте айта кетерлігі, Чернобыль апатының 40 жылдығына орай өз күшімізбен бірқатар іс-шара ұйымдастыруды жоспарлап отырмыз. Бұл бастама тек бір тарихи датаны еске алу ғана емес, сонымен бірге сол зұлмат апаттың салдарын жоюға қатысқан ардагерлердің ерлігін ұлықтау, олардың есімін ұрпақ жадында жаңғырту жəне бүгінгі қоғамның оларға деген құрметін нақты іспен көрсетуге бағытталған. Ойға алған жұмыстарымыздың жүйелі жүзеге асырылуы үшін қолдау танытып жатқан азаматтар да аз емес. Атап айтсақ, Тараз қалалық қорғаныс істері басқармасы, қалалық төтенше жағдайлар басқармасы, «Аmanat» партиясы облыстық филиалы, қалалық қоғамдық Кеңес, қалалық мəслихат жəне қалалық ішкі саясат бөлімдерінің басшылары тарапынан ұйымдастырушылық, ақпараттық жəне əлеуметтік қолдау көр сетіліп, аталған іс-шаралардың жоғары дең гейде өтуіне өз үлестерін қосып отыр. Бұл жандарға айтар алғысымыз шексіз.

Қорыта айтқанда, арада жарты ғасыр жуық уақыт өтсе де, кеудемізге Чернобыль салған жара əлікүнге жазылған жоқ. Сол күндерді бір сəт есіме алсам, жүрек тұсым шымырлап қоя береді. Өкініштісі, қандыкөйлек жолдастарымыздың қатары жыл өткен сайын сиреп барады. Қазіргі таңда бірлесті гімізге облыс бойынша небəрі 250 адам ғана мүше болып отыр. Демек, ұйым құрылған уақыттан бері 1000-ға жуық қатарласымыздан мəңгіге көз жазып қалдық. Олардың дені өмірден өте ерте өтіп кетті. Түрлі созылмалы дертке шалдыққан ардагерлердің де қатары жетерлік. Мұның барлығы – сол бір атың өшкір апаттың əлі күнге зардабын тартып келе жатқанымыздың айғағы. Бұл қасіретке куə болған əрбір адам ерлік пен азаматтықтың ерен үлгісі екеніне еш кім дау тудырмас. Олар өздерінің өмірі мен баға жетпес денсаулықтарын өзгелердің ты ныштығы үшін құрбан етті. Осындай жанқиярлық пен жанкештіліктің арқасында ғана үлкен апаттың салдарын еңсеруге мүмкіндік туды. Сондықтан Чернобыль ардагерлерінің есімі мен еңбегі ел жадында мəңгі сақталады. Олар бастаған ерлік жолы өскелең ұрпаққа өшпес өнеге, таусылмас тағылым болып қалатыны сөзсіз.

Ал кеше, жамбылдықтар Чернобыль оқиғасына 40 жыл толуына орай ескерткіш алдында жиналып, ядролық апат құрбандарын еске алып, ажал уын жоюға қатысқандардың рухына тағзым еттік. Іс-шараға облыс және қала әкімдігінің өкілдері, апатты жоюшылар, «Чернобыль одағы» қоғамдық бірлестігінің өкілдері, мәслихат депутаттары мен қала тұрғындары қатысты. Жиналғандар радиациялық апат құрбандарын 1 минут үнсіздікпен еске алды.