Қазақстанда балалар саны 6,8 миллионға жетті. Ресми дереккөздердің болжамы бойынша, 2027 жылға қарай бұл сан сегіз миллионға дейін артады.
Бұл туралы Орталық коммуникациялар қызметінде ҚР Оқу-ағарту министрлігіне қарасты Балалардың құқықтарын қорғау комитетінің төрайымы Нәсімжан Оспанова мәлім етті. «Соңғы мәліметтерге сәйкес, республика бойынша жеті мыңнан астам мектепте 3,8 миллионнан астам бала білім алып келеді. Балалар мен олардың ата-аналары кездесетін негізгі мәселелер – мектеп орындарының тапшылығы, үш ауысымды және апатты мектептердің мәселесі. Осы мәселелерді шешу үшін «Жайлы мектеп» ұлттық жобасы жүзеге асырылып жатыр. Алдағы уақытта бұл жоба толық жүзеге асатын болса, жоғарыда аталған мәселелер толығымен жойылады деп күтіледі», деді спикер.
Бұл шаралардың басты мақсаты – балалардың сапалы білімге қол жеткізуін қамтамасыз ету.