Қостанайда ауқымды экопарк пайдалануға берілді

0 4

Қала сыртындағы жасыл желек арасында тұрғындар үшін жаңа демалыс орны пайда болды. Қостанай ауданының Мичурин ауылдық округінде орналасқан экопарк 43,8 гектар аумақты алып жатыр. Құны 660 миллион теңгені құрайтын жоба «Таза Қазақстан» бастамасы аясында жүзеге асырылып, тұрғындарға табиғат аясында тынығуға және спортпен айналысуға мүмкіндік беріп отыр.

Жаңа нысанның ашылуына облыс әкімі Құмар Ақсақалов, ауыр атлетикадан төрт дүркін әлем чемпионы Илья Ильин, спортшылар, еріктілер мен қоғам өкілдері қатысты. Салтанатты жиында өңір басшысы жасыл аумақтарды көбейту мен халыққа қолайлы қоғамдық орындар қалыптастырудың маңызын атап өтті.

Экопарк аумағында әртүрлі демалыс түріне арналған инфрақұрылым жасақталған. Спорт сүйер қауымға футбол алаңы мен воркаут аймағы ұсынылса, балалар үшін арнайы ойын алаңы жабдықталған. Ал ұзындығы 2 шақырымнан асатын жүгіру жолы таңертеңгі жаттығу мен кешкі серуенге қолайлы жағдай жасайды. Бұдан бөлек, көлік қоюға арналған орындар мен кіреберіс қақпалар салынған.

Жобаның тағы бір маңызды бөлігі – жерасты өткелі. Ол жаңадан бой көтеріп жатқан «Астана» тұрғын алабын экопаркпен байланыстыруға арналған. Бұл тұрғындардың демалыс орнына қатынауын жеңілдетіп, жаңа аумақтың қолжетімділігін арттыруға мүмкіндік береді.

Құмар Ақсақаловтың айтуынша, Қостанайда қоғамдық орындарды жаңарту және абаттандыру жұмыстары кезең-кезеңімен жүргізіліп келеді. Былтыр облыс орталығында бес саябақ пен сквер ашылған. Алдағы жылы «Береке», «Юбилейный» және «Қонай» шағын аудандарында да тұрғындарға арналған заманауи қоғамдық кеңістіктерді дамыту жоспарланған.

Ашылу салтанатына қатысқан Илья Ильин бұқаралық спортты дамытуға арналған мұндай нысандардың маңызын атап өтті. Спорттық алаңдар мен жүгіру жолдарының қолжетімді болуы тұрғындардың дене белсенділігін арттырып, саламатты өмір салтын күнделікті әдетке айналдыруына ықпал етеді.

Сонымен бірге өңірде қоршаған ортаны қорғауға бағытталған басқа да жұмыстар қолға алынған. Қостанай қаласында экотакси қызметі іске қосылып, ауылдық елді мекендерде тұрмыстық қалдықтарды бөлек жинау тәжірибесі енгізілуде. Облыста екі күн электр станциясы мен бес жел электр станциясы жұмыс істейді. Бұл бастамалар табиғи ресурстарды тиімді пайдалану мен қоршаған ортаға түсетін салмақты азайтуға бағытталған.

Жаңа экопарк тұрғындардың бос уақытын тиімді өткізуіне жағдай жасап қана қоймай, табиғатты аялау мәдениетін қалыптастыруға да үлес қоспақ. Мұндай кеңістіктердің маңызы – жасыл аумақты сақтап, оны халықтың күнделікті өмірінің ажырамас бөлігіне айналдыруында.