Қарағандының орталық саябағында табиғатты қорғау идеясын дәріптеп, тұрғындардың экологиялық сауатын арттыруға бағытталған «Таза Қазақстан» экопавильоны жұмысын бастады. Жаңа кеңістік қала тұрғындарына демалыс орнын ұсынып қана қоймай, қоршаған ортаға жауапкершілікпен қарау мәдениетін қалыптастыруға мүмкіндік береді.
Жобаның ерекшелігі – оны жүзеге асыру үшін жаңа ғимарат салудың қажеті болмаған. Бұрыннан бар құрылым қайта жаңғыртылып, заманауи талаптарға сай жабдықталды. Осылайша, қолданыстағы нысанға жаңа мазмұн беріліп, экологиялық бастамаларды таныстыруға арналған қоғамдық орын қалыптасты.
Экопавильон «Жасыл ел» жобасы аясында ашылды. Биыл аталған еңбек жасақтарының 2 мың сарбазы Қарағандыны абаттандыру мен көгалдандыру жұмыстарына қатысқан. Жастардың еңбегі қаланың көркеюіне үлес қосумен қатар, табиғатты аялау мен қоғамдық кеңістіктерді таза ұстаудың маңызын насихаттауға бағытталды.
Нысанның ашылу салтанатына экологтар, «Горкомтранс» кәсіпорнының және ECO Network экологиялық хабының өкілдері, «Жасыл ел» жасақтарының мүшелері мен белсенді жастар қатысты. Кездесу барысында қоршаған ортаны қорғау, тұрмыстық қалдықтарды сұрыптау және экологиялық әдеттерді күнделікті өмірге енгізу мәселелері талқыланды. Қатысушылар тақырыптық интерактивті тапсырмаларды орындап, өз білімдерін де сынап көрді.
Алдағы уақытта саябақтағы экологиялық бастамаларды кеңейту жоспарланып отыр. Жастар ресурстық орталығы мұнда жастардың қатысуымен табиғатты қорғау тақырыбындағы кездесулер мен түрлі іс-шаралар өткізуге арналған арнайы сахна орнатуды көздейді.
Жаңа экопавильонның ашылуы – қалалық ортаны жақсартумен қатар, экологиялық жауапкершілікті қоғамның ортақ құндылығына айналдыруға бағытталған қадам. Мұндай бастамалар тұрғындардың табиғатқа деген жанашырлығын арттырып, жастардың қоғамдық өмірге белсенді араласуына жол ашады.