Маңғыстау облысындағы теңіз арқылы жүк тасымалдау мүмкіндіктерін кеңейтуге бағытталған ірі жобалардың бірі – Құрық кентіндегі «ЕРСАЙ» индустриялық теңіз порты аумағында салынып жатқан контейнерлік терминал. Жаңа нысан өңірдің көлік-логистикалық жүйесін дамытуға, халықаралық жүк айналымын арттыруға және Қазақстанның транзиттік әлеуетін нығайтуға қызмет етпек.
Облыс әкімі Нұрдәулет Қилыбай жұмыс сапары кезінде құрылыс алаңына барып, жобаның қазіргі жағдайымен танысты. Lancaster Group және Atasu Group компаниялары бірлесіп жүзеге асырып жатқан терминал құрылысының 85 пайызы аяқталған. Нысанды биыл желтоқсан айында пайдалануға беру жоспарланып отыр.
Аумағы 50 мың шаршы метрді қамтитын кешен жылына 120 мың ДФЭ-ге дейін контейнер өңдеуге есептелген. Мұнда теңіз, теміржол және автомобиль көлігі арқылы жеткізілетін контейнерлік әрі жалпы жүктерді қабылдау және жөнелту жұмыстары атқарылады. Терминалдың ерекшелігі – көліктің бірнеше түрін бір жүйеге біріктіріп, жүк қозғалысын тиімді ұйымдастыруға мүмкіндік беруі.
Өндірістік үдерістерді жеделдету үшін нысан заманауи техникамен жабдықталады. Оның қатарында маневрлік локомотивтер, жүк көтергіштігі 45 тонна болатын екі порттық рельсті тіреулі кран, порттық буксир, ричстакерлер мен айырлы жүк тиегіштер бар. Мұндай жабдықтар жүктерді тиеу-түсіру жұмыстарын жеңілдетіп, терминалдың өткізу мүмкіндігін арттыруға бағытталған.
Жобаның маңызы жергілікті инфрақұрылыммен ғана шектелмейді. Жаңа терминал Қытайды, Қазақстанды, Каспий маңы елдерін, Кавказ бен Еуропаны байланыстыратын Транскаспий халықаралық көлік маршрутының мүмкіндіктерін кеңейтуге үлес қоспақ. Бұл бағыттағы логистикалық қызметтердің дамуы халықаралық сауда байланыстарын нығайтуға және жүктерді тасымалдаудың балама жолдарын дамытуға жағдай жасайды.
Терминал іске қосылғаннан кейін 60 жаңа жұмыс орны ашылады деп жоспарланған. Сонымен бірге порттың жалпы инфрақұрылымын жетілдіру жұмыстары да жүргізілуде. Құрық портында ұзындығы 1 300 метр болатын жеті айлақ, жеке акватория және кемелердің қатынауына арналған кіреберіс каналы бар. Қазіргі уақытта теңіз түбін тереңдету жұмыстары атқарылып жатыр. Бұл терең шөгімді кемелердің қауіпсіз қозғалысын қамтамасыз етуге және порттың жүк қабылдау мүмкіндігін арттыруға бағытталған.
Нысанды аралау барысында облыс әкімі құрылыс сапасына және жұмыстың белгіленген мерзімде аяқталуына басымдық беру қажеттігін атап өтті. Жобаның уақытылы іске қосылуы Маңғыстаудың көлік-логистикалық инфрақұрылымын жаңғыртып, өңірдің халықаралық тасымал жүйесіндегі рөлін күшейтуге мүмкіндік береді.