Қарағандыда жол инфрақұрылымын ретке келтіру жұмыстары жалғасуда. Негізгі учаскелердің бірі – Бұқар жырау даңғылындағы көпір. Қазір онда деформациялық тігістер қалпына келтірілуде. Қала әкімдігінің мамандарының айтуынша, Қарағандыдағы негізгі көпірді жөндеу жұмыстары сәуір айының соңына дейін аяқталады деп жоспарланып отыр.
Мамандардың айтуынша, жөндеу жұмыстары заманауи технологияларды қолдана отырып жүргізілуде. Атап айтқанда, «Matrix» технологиясы бойынша қиыршықтас-мастикалық қоспа және полимер-битумды мастика пайдаланылуда. Мұндай тәсіл жол түйіспелерін тегістеуге, көліктерге түсетін жүктемені азайтуға және шу деңгейін едәуір төмендетуге мүмкіндік береді.
Мұнда жұмыс алдын-ала жоспарланған болатын. Мамандар оларды ауа-райы жағдайлары рұқсат етілгеннен кейін бірден орындай бастады. Айта кетейік, қаладағы көпірлер мен жол өткелдерінің жағдайы ерекше бақылауда. Бұған дейін жүргізушілер осы учаскедегі деформациялық жіктердің бұзылуына бірнеше рет шағымданған болатын. Көктемнің басында мәселені уақытша шешу үшін суық асфальт қолданылуда. Қазіргі таңда нысанда температураның ауытқуына және көлік жүктемесінің жоғары болуына төзімді материалдарды қолдана отырып, толыққанды жөндеу жүргізілуде. Бұл көпірдің ұзақ мерзімділігін арттырып, алдағы уақытта жиі жөндеу қажеттілігін азайтуға мүмкіндік береді.
Алайда, жөндеу жұмыстары жүргізіліп жатқан кезеңде Бұқар жырау даңғылындағы жол өткелінде бірнеше күннен бері көлік кептелісі байқалуда. Жүргізушілерге бағыттарын алдын ала жоспарлап, мүмкіндігінше балама жолдарды таңдауға кеңес берілген. Әкімдік мұндай жұмыстар жол қозғалысы қауіпсіздігін арттыруға және қалалық инфрақұрылымның сапасын жақсартуға бағытталғанын атап өтті.
Жалпы бүгінгі күні Қарағандыда автожолдарды жаңарту және қайта жаңғырту жұмыстары қарқынды жүргізілуде. Соның ішінде, Қарағанды қаласы мен қалааралық, республикалық мәндегі жолдар да бар. Ал, қала ішіндегі жолдар көлік қозғалысына ыңғайластырылып, жаңа технологиямен жасалуда. Ескі асфальт жабындары ауыстырылып, көп көшелер ретке келтірілуде. Соның айналасында сәуір айының аяғында ашылғалы отырған жоғарыда айтқан негізгі көпір де бар.
Мамандардың айтуынша, жолдардың сапасына ерекше көңіл бөлінеді. Барлық нысандарда техникалық бақылау жүргізіліп, қолданылатын материалдар мен дайын жол жабыны арнайы тексеруден өтеді. Бүгінгі күні мұндай қадағалау жұмыстары Қарағандыдағы негізгі көпірдің құрылыс барысында да жүргізіліп отыр. Қала билігі сапа мен нәтижеге басымдық беруде. Құрылысқа сапалы материалдар қолданылуда.