Кей адамдардың ғұмыры тұтас бір дәуірдің шежіресіндей. Олар атақ қумай, адал еңбек ете жүріп, кейінгі ұрпаққа үнсіз із қалдырады. Байғанин өңірінің белгілі қолөнер шебері Құтым Қасенов—сондай жанның бірі.
Бала күнінде-ақ ағаштан бұйым жасауға ерекше қызығушылығы оянған ол өмір бойы құрылыс саласында еңбек еткен,сандық пен бесік жасап, қазақтың қара домбырасына жан бітірген. Кейін ауылда жылыжай кәсібін дамытып, талай адамға үлгі болды. Сексеннің сеңгіріне шыққан қарияның тағдыры — табандылықтың, еңбекқорлықтың және туған жерге адал қызмет етудің жарқын үлгісі.
Құтым Қасенов 1946 жылы дүниеге келген. Жетінші класты тәмамдаған соң ол мектептегі әрі қарайғы оқудан бас тартқан. Осылайша оның бар ынтасы ағаш шебері болуға ауады. Жасы жетпейді деген себеппен аудан орталығы Жарқамыстағы шеберхана алғашында жұмысқа қабылдамайды. Кейін әкесінің ықпалымен шеберханаға жұмысқа орналасып, есік-терезе, сандық жасап, ағаштың қыр-сырын меңгереді.
Екі жылдан кейін жаңадан ашылған мекемеге ағаш шебері болып ауысып, 1965 жылға дейін түрлі станоктармен жұмыс істейді. Сол жылы әкесінің қызметіне байланысты отбасы Қарауылкелдіге қоныс аударады. Арада бір жыл өткенде шаңырақ көтеріп, біраз уақыт поштада, одан кейін фотограф болып еңбек етеді. Алайда бұл жұмыс та көңілінен шықпай, 1966 жылы құрылыс мекемесіне жұмысқа орналасады.
Құрылыс саласында отыз жылдан астам уақыт бригадир болып еңбек еткен Құтым ата Байғанин ауданында көптеген нысанның бой көтеруіне атсалысты. Бірнеше ауылдағы мектептің, телемұнара мен мәдениет үйінің, кинотеатрдың, Ермағанбет ишан мешітінің құрылысына жетекшілік етті.
Тәуелсіздіктің алғашқы жылдарындағы тоқырау құрылыс саласына да ауыр тиді. Қысқарту болып, айлап жалақы берілмеген кезеңде Құтым ата қарап отырмады. Техникалық училищенің ескі асханасын жалға алып, жеке шеберхана ашты. Сол жерде сандық, бесік, үстел, қолжуғыш жасап, отбасын асырады. Зайыбы Талшын көп жыл медицина саласында еңбек етіп, ерлі-зайыпты отбасында алты баланы тәрбиелеп өсірді.
Құтым атаның домбыра жасауы да қызық оқиғадан басталыпты. Училищеде қызмет еткен тарихшы, күйші, Қазанғап атындағы оркестрдің мүшесі Бақытжан Дүзбаев бірде Құтым ата отырған шеберханаға келіп, домбыра жөндеп отырады. Сол кезде шебер күйшінің әурелеп отырған домбырасын қолына алып, «мен жасап көрейін» деп сұранады. Бұған дейін тек домбыра шертіп көргені болмаса, аспап жасаумен айналыспаған Құтым ақсақал алғашқы домбырасын бес күнде жасап шығарады. Оның үнін тыңдаған Бақытжан аға ерекше бағасын беріп, әрі қарай осы кәсіппен айналысуға кеңес береді. Көп ұзамай Қарауылкелдіде домбыра жасайтын шебердің аты тарай бастайды. Сөйтіп, сандық пен бесіктің орнын домбыра басады. Алғашқыда бірнеше күнде жасалатын аспаптардың сапасы уақыт өте жетіліп, бір домбыраны бір күнде әзірлейтін деңгейге жетеді.
Шебер 1996 жылы Жамбыл Жабаевтың 150 жылдығына арналған «Үкілі домбыра» республикалық байқауына қатысады. Байқауда шеберлердің аты-жөні жасырын сақталып, тек бұйымның сапасы бағаланады. Сонда белгілі күйші, профессор Қаршыға Ахмедияров: «Мына домбыра асқан шеберлікпен жасалған. Бұл — ағаштан түйін түйетін адамның қолынан шыққан дүние», — деп жоғары баға береді. Бұл сөз Құтым ата үшін кез келген жүлдеден артық марапат болған екен.
Бұдан соң екі жылдан кейін Атырауда өткен республикалық байқауда Бекболат Тілеуханов, Қаршыға Ахмедияров, Қыдырәлі Болманов, Нұрлан Өнербаев, Азидолла Есқалиев, т.б. өнер майталмандарының алдында бақ сынап, жүлделі үшінші орынды иеленеді.
2000 жылы Алматыда өткен республикалық байқауда екінші орын алып, 2002 жылы тағы да күміс жүлдегер атанады. Өзінің айтуынша, домбырасының сапасы жоғары болғанымен, қарсыласының италиялық үйеңкі ағашынан жасалған аспабы басымдық алып кеткен. «Қолөнер шебері болу үшін шабыт керек. Домбыраны кәсіби деңгейде тартпасам да, бала жұбатарлық өнерім бар», — дейді қария.
2017 жылы өмірлік серігі Талшын апай дүниеден өткен соң, шебер шеберханасына кірмей қояды. «Жұмыс істеп отырғанда көжемді әкеліп, жанымды жайландырып жүретін адамым жоқ болған соң шеберхананың да сәні кетті», — дейді күрсініп.
Дегенмен оған дейін «ЭКСПО» халықаралық көрмесіне арнайы шақырылып, қазақтың домбыра жасау өнерін шетелдік қонақтарға таныстырып қайтқан-ды.
Құтым ата тек өзі шебер болып қоймай, ізбасарын да тәрбиеледі. Бүгінде оның шәкірті Марғұлан Дүзбаев аудандық шығармашылық орталығында ұстаздық етіп, ұлттық қолөнерді дәріптеп жүр.
Шебердің тағы бір ерекше қыры — жылыжай кәсібі. Бұл қызығушылық та әкесінен дарыған. Бау-бақша өсіруге құмар әкесінің жанында жүріп, жердің тілін түсінген Құтым ата бір кезде газеттен Аралдың тұзы жайлы мақаланы оқып, өнімді қорғаудың жолын іздейді. Сөйтіп ауылда ешкім естіп-білмеген жылыжай тұрғызуға бел буады.
Құрылыс мекемесіне келген полиэтиленді пайдаланып, өз қолымен алғашқы жылыжайын тұрғызады. Алғашында әкесі түсінбей ұрысқанымен, қызарып піскен қызанақты көргенде өзі таңғалады. Кейін көрші-көлем де осы іске қызығып, жылыжай көлемін жыл сайын ұлғайта береді.
2007 жылы кәсібін кеңейту үшін Шұбар ауылына көшіп барып, үлкен жылыжай ашады. Өнімін көрген аудан басшылары қолдау көрсетуге уәде бергенімен, түрлі себептермен жүзеге аспайды. Соған қарамастан өз күшімен кәсібін дамытады. Ал 2016 жылы қайтадан Қарауылкелдіге оралып, жаңа үй тұрғызады. Кәсіпкерлікті дамыту үшін түрлі мекемелерге жүгінгенімен, «жылыжай инновациялық кәсіп емес» деген жауап алады. Сонда да мойымай, өз қаражатына тағы бір жылыжай салады.Көп ұзамай құлпырып тұрған қияр мен қызанақты көрген мамандар бұрынғы шешіміне өкініп, кейін оған 3 миллион теңге көлемінде грант алуға көмектеседі.
Бүгінде ағаш шеберінен бағбанға айналған кейіпкеріміз ұл-қыздарының қолдауымен асқа қолданылатын көк шөптің бірнеше түрін өсіріп, аудан дүкендерін жаңа өніммен қамтамасыз етіп отыр.
Құтым ата жасы сексенге келсе де, күн сайын жылыжайға бас сұғып, өнімнің жай-күйін бақылап, ақыл-кеңесін айтып отырады. Денсаулығына қарамастан әлі де көлік тізгіндейді. Қымыз бен шұбаттың бабын келтіреді, жылқы етінен басқа ет жемейді.
Ақсақалдың бүгінгі жастарға айтар өсиеті де көп. «Тәрбие ең алдымен отбасынан басталады. Балабақша да, мектеп те ата-ананың орнын баса алмайды. Қазақ баласы әке сөзінің салмағын сезініп өсуге тиіс. «Жігітке жеті өнер де аз» деген сөз бекер айтылмаған. Еңбекке, өнерге, жауапкершілікке баулысақ қана ұлт ретінде ұтамыз», —дейді ол.
Еңбекпен ерте достасқан қарияның бүгінде дейін қол жеткізген жетістігі орасан. «Ауылшаруашылығы саласының үздігі», «Қоғам құрметі» төсбелгісімен, «Құрмет» орденімен, «Облысқа сіңірген еңбегі үшін» медалімен марапатталған.
Сұқбат соңында Құтым ата өзі бастап жылыжайын аралатты. Құлпырып тұрған көкөністердің арасында лимон ағашы ерекше көзге түсті. Қарияның ендігі арманы—Швейцариядағыдай ерекше ауылшаруашылығы жобасын жүзеге асыру.
Өмір бойы ағаштан түйін түйіп,жерден ырыс тапқан қарияның еңбекке деген адалдығы кейінгі ұрпаққа үлгі болары сөзсіз.