Оң динамика сақталып отыр

0 2

Түркістан облысының экономикасында биылғы жылдың алғашқы сегіз айында оң динамика сақталды. Өнеркәсіп, инвестиция, құрылыс, сауда және ауыл шаруашылығы салаларындағы өсім өңірдің қысқа мерзімді экономикалық көрсеткішіне әсер етіп, қаңтар-тамыз айларының қорытындысы бойынша оның деңгейі 121,9 пайызға жетті.

Экономикалық өсімге ең алдымен өндіріс саласының көрсеткіштері ықпал етіп отыр. Жыл басынан бері облыста 1,2 триллион теңгенің өнеркәсіп өнімі өндірілді. Бұл өткен жылдың сәйкес кезеңімен салыстырғанда 27,9 пайызға жоғары. Өңірдегі өндірістік белсенділіктің артуына өңдеу және тау-кен өнеркәсібіндегі нәтижелер себеп болды.

Атап айтқанда, өңдеу өнеркәсібінде 588,9 миллиард теңгенің өнімі өндіріліп, өсім 141,5 пайызды құрады. Тау-кен өндірісінің көлемі 510,8 миллиард теңгеге жетіп, өткен жылмен салыстырғанда 117,9 пайыздық өсім қалыптасты. Екі бағытта да белгіленген жоспарлар орындалған.

Ауыл шаруашылығы да облыс экономикасының негізгі тіректерінің бірі болып отыр. Сегіз айда аграрлық секторда 714,4 миллиард теңгенің өнімі өндірілді. Саладағы өсім 109,5 пайыз деңгейінде қалыптасты. Оның ішінде мал шаруашылығының үлесі 360,1 миллиард теңге болса, өсімдік шаруашылығында 346,9 миллиард теңгенің өнімі өндірілген.

Экономиканың дамуына инвестициялық белсенділіктің артуы да ықпал етуде. Есепті кезеңде негізгі капиталға 1,1 триллион теңге инвестиция бағытталып, бұл көрсеткіш 134,4 пайызға өскен. Құрылыс саласында орындалған жұмыстардың көлемі 403,8 миллиард теңгеге жетіп, өсім 123,5 пайыз болды.

Тұрғын үй құрылысы бойынша да жоспарлы көрсеткіштер орындалды. Жыл басынан бері 718,8 мың шаршы метр тұрғын үй пайдалануға берілді. Бұл өткен жылдың осы кезеңінен 7,4 пайызға жоғары. Облыстың барлық ауданы мен қаласында жоспарланған көрсеткіштер қамтамасыз етілген.

Іскерлік белсенділіктің тағы бір көрсеткіші – сауда айналымы. Сегіз айда өңірдегі сауда көлемі 713,2 миллиард теңгені құрап, 27,9 пайызға өскен. Көлік және қоймалау қызметтерінің көлемі 211 миллиард теңгеге жетіп, 12,4 пайыздық өсім көрсетсе, байланыс қызметтерінің көлемі 8,8 миллиард теңгені құрап, 10,8 пайызға артқан.

Бұл көрсеткіштер облыстың әлеуметтік-экономикалық даму жоспарының негізгі бағыттары бойынша жұмыстардың жалғасып жатқанын көрсетеді. Осы мәселелер облыс әкімінің орынбасары Қанат Қайыпбектің төрағалығымен өткен жиында жан-жақты қаралды. Жиында экономикалық өсімді одан әрі қамтамасыз ету, инвестиция тарту, өндіріс көлемін ұлғайту және жаңа жұмыс орындарын ашу мәселелеріне басымдық берілді.

Сонымен бірге бюджет қаражатын уақытылы әрі сапалы игеру қажеттігі айтылды. Облыстық қаржы және мемлекеттік активтер басқармасының есебіне сәйкес, Түркістан облысы өңірлер арасында шығыстар жоспарының орындалуы бойынша үшінші орында тұр.

Жауапты басқармаларға экономикалық көрсеткіштерді тұрақты деңгейде ұстап, әр саладағы жоспарлардың орындалуын бақылауды күшейту тапсырылды. Алдағы кезеңде инвестициялық жобаларды іске асыру, өндірісті кеңейту және халықтың тұрмыс сапасына әсер ететін экономикалық бағыттарды дамыту жұмыстары жалғаспақ.

Қаңтар-тамыз айларындағы нәтижелер бойынша Түркістан облысы қысқа мерзімді экономикалық өсім көрсеткіші жөнінен республикада бірінші орынға шықты. Ендігі міндет – қалыптасқан өсім қарқынын жыл соңына дейін сақтап, жоспарланған көрсеткіштердің орындалуын қамтамасыз ету.