Кәсіпкерлердің өзекті мәселелері ашық талқыланды

0 2

Атырау облысында кәсіпкерлер мен бақылау-қадағалау органдары өкілдері бас қосып, бизнесті дамытуға кедергі келтіретін мәселелерді ашық талқылады. Бірыңғай есеп беру күні форматында өткен кездесуде мемлекеттік қызметтерді цифрландыру, жер учаскелерін бөлу, электр энергиясының тарифтері және қаланы абаттандыруға қатысты ұсыныстар айтылды.

Кәсіпкерлермен кездескен облыс әкімі Болат Ақшолақов өңірдегі шағын және орта бизнестің экономикалық белсенділігіне тоқталды. 2026 жылдың бірінші тоқсанында осы сектор субъектілері 1,4 триллион теңгенің өнімін өндірген. Шағын және орта бизнестің облыстың жалпы өңірлік өніміндегі үлесі 29,2 пайызға жетіп отыр.

Қазір облыста 60 мыңнан астам шағын және орта бизнес субъектісі жұмыс істейді. Салада 125 мыңнан астам адам еңбек етеді. Кәсіпкерлікті қолдау шараларына 2026 жылы 6,3 миллиард теңге қарастырылған.

Кездесу барысында кәсіпкерлер бизнесті жүргізуге қажетті ақпаратты бір жерден алуға мүмкіндік беретін цифрлық платформа құруды ұсынды. Бұл ұсыныс мемлекеттік қызметтерді кезең-кезеңімен электронды форматқа көшіру жоспарымен үндеседі.

Облыс әкімінің айтуынша, келесі жылдан бастап әлеуметтік сала, кадастр, құрылыс, жобалық-сметалық құжаттаманы тіркеу және бақылау рәсімдерін цифрландыру жұмыстары басталады. Бұл бағыттағы өзгерістерді 2028 жылға дейін аяқтау жоспарланып отыр.

Кәсіпкерлер көтерген мәселелер мұнымен шектелген жоқ. Жиында қаланы көгалдандыру, Атыраудың дизайн-кодына сәйкес абаттандыру, шыны қалдықтарын қайта өңдеу, жер учаскелерін бөлу және электр энергиясының тарифтеріне қатысты мәселелер ортаға салынды.

Кездесудің басты ерекшелігі – кәсіпкерлердің ұсыныстарын тікелей жауапты мемлекеттік органдарға жеткізуге мүмкіндік берілгенінде. Ашық микрофон форматында айтылған өтініштердің барлығы хаттамаға енгізілді. Әр мәселе бойынша оны шешу мерзімі мен тәртібі көрсетілген жұмыс кестесі әзірленбек.

Кейбір сұрақтарға жауап сол жерде берілсе, қосымша зерделеуді қажет ететін ұсыныстар бойынша тиісті жұмыстар кезең-кезеңімен жүргізіледі. Кездесуге облыс әкімімен бірге облыс прокуроры Мадияр Басшыбаев, мемлекеттік органдардың басшылары, Кәсіпкерлер палатасы және бизнес өкілдері қатысты.