Менің мақсатым – Отанға қызмет ету

0 3

«Отанды қорғау – қастерлі борыш», «Тәртіпке бас иген құл болмайды, тәртіпсіз ел болмайды», «Ел дегенде еміреніп, жұрт дегенде жүгінген ер ғана нағыз азамат». Бұл – Бауыржан Момышұлы айтқан ұлағатты сөздер. Осы бір нақылдар әрбір жас сарбаздың жүрегінде темірқазықтай берік орнауы тиіс. Себебі, Отанға адал қызмет ету – жай міндет емес, ол – ар мен намыстың таразысы.

Мен, Мейірлан Қайырболатұлы Кеңес Одағының Батыры, Халық Хаһарманы Бауыржан Момышұлы ауылының тумасымын. Туған жердің қара топырағында жүріп бойыма сіңген ең асыл қасиет – елге деген сүйіспеншілік. Сол сезім мені саналы түрде Тараз қаласында жаңа ашылған Бауыржан Момышұлы атындағы дарынды ер балаларға арналған әскери мамандандырылған мектеп-интернаттына алып келді.

Мен бала кезімнен әскери адам болуды армандайтынмын. Сондай-ақ мен бұл мектептің ашылғалы жатқанын алғаш рет ата-анамнан естідім. Бұл жерде оқығым келетінін айттым. Осылайша бағымды сынадым және нәтижесінде түстім. Бүгінде осы білім ордасында 9-сыныпты аяқтап 10-сыныпқа өткеніме қуаныштымын және оны үлкен мәртебе санаймын. Мұнда жаңа достар таптым. Атап өтерлігі мұнда мұғалімдер курсанттарға жақсы қарайды. Әрбір сабақта, әрбір жаттығу алаңында біз мұғалімдеріміздің мейірімін сезініп қана қоймай, олардың қамқорлығын да байқаймыз. Олар бізді мейірімділікке, адалдыққа, отанның нағыз патриоты болуға тәрбиелейді. Жалпы мектеп-интернатта курсанттарға барлық жағдай жасалған. Оқушылар жатақханамен, тегін тамақпен және толық оқу-тәрбие жағдайымен қамтамасыз етілген. Мұнда түске дейін жаратылыстану-математика бағытындағы пәндер тереңдетіп оқытылады. Сонан соң қоян-қолтық айқас, саптық дайындық пен түрлі әскери жаттығулармен айналысады.

Жалпы әскер елдің қорғаны әрі ер азаматтың мінезін шыңдайтын үлкен мектеп деп есептеймін. Сондықтан мен де өз өмірімді әскери жолмен байланыстыруды жөн көрдім. Болашағымды Отан қорғау ісімен ұштастырып, әскери мамандықты таңдауға ерте бастан шешім қабылдадым.

Әрине, алғашқы бейімделу кезеңі оңай болды деп айта алмаймын. Еркін өмір салтына үйреніп қалған біз үшін таңертең ерте тұру, күн тәртібін бұлжытпай орындау, әр минутты тиімді пайдалану, қатаң тәртіпке бағыну бастапқыда оңай болмады. Дегенмен уақыт өте келе осы талаптардың бәрі адамның бойында жауапкершілік пен жинақылықты қалыптастыратынын түсіне бастадым.

Бұл жерде әр уақытың есептеулі. Сабақ оқу, спортпен айналысу, әскери дайындық, өзін-өзі дамыту бәрі белгілі бір жүйемен жүзеге асады. Осындай тәртіп адамның ерік-жігерін нығайтып, алға қойған мақсатына жетуге үйретеді.

Әскер – бұл тек қару ұстап, күзетте тұру ғана емес. Бұл – елдің тыныштығын сақтау, халықтың амандығын қорғау. Осы жолда мен өзіме әрдайым Бауыржан Момышұлы атамызды үлгі етемін. Оның ерлігі – ұрпаққа өнеге, сөзі – сарбазға серт. Мен сапта тұрғанда тек өзім үшін емес, мені өсірген ауылым үшін, үміт артқан ата-анам үшін, ең бастысы – Отаным үшін қызмет етемін. Себебі Отан – бәрінен биік. Оны қорғау – әр азаматтың қасиетті парызы. «Ел үмітін ер ақтар, ер атағын ел сақтар» деген сөз бекер айтылмаған. Мен сол сенімді ақтау үшін, Отанымның әрбір тыныш та бейбіт күні үшін мектеп-интернатта білім алып, болашақта отаныма адал қызмет етуге әрдайым дайынмын.