Мемлекеттік кеңесші Қостанайда бірқатар кездесулер өткізді

0 4

Мемлекеттік кеңесші Ерлан Қарин Қостанай қаласында облыс әкімі Құмар Ақсақаловтың, өңірдегі қалалар мен аудан әкімдерінің, мемлекеттік органдар жетекшілерінің қатысуымен ішкі саясат мәселелеріне қатысты аймақтық кеңес өткізді. Жиында Мемлекет басшысының Жолдауында белгіленген міндеттерді жүзеге асыру жолдары, ішкі саясат бағытындағы жұмыс барысы, этносаралық және конфессияаралық келісімді нығайту, ономастика, ақпарат саласы және жастар саясаты мәселелері талқыланды.

Сондай-ақ Мемлекеттік кеңесші облыстағы бірқатар мектептің директорларымен кездесіп, «Біртұтас тәрбие» атты жаңа бағдарламаны жүзеге асыру мәселесіне қатысты пікір алмасты.

Мемлекеттік кеңесші ҚР Президенті жанындағы Жастар саясаты жөніндегі кеңестің көшпелі отырысын өткізді. Кеңес мүшелері қазіргі ең өзекті тақырыптың бірі – жастарды жұмыспен қамту және жұмысшы мамандықтардың мәртебесін көтеру мәселесін талқылады. Бұл басқосу аймақтағы ең ірі өндіріс орталығы саналатын «Allur» зауытының алаңында өтті. Оған осы кәсіпорынның жас мамандары қатысты. Ерлан Қарин Кеңестің жастар саясатының өзекті мәселелерін шешуге бастамашы болып, Президенттің жастарға қатысты реформаларын жүзеге асыруға белсенді атсалысып келе жатқанын айтты.

Сонымен қатар Мемлекеттік кеңесші автомобиль көлігі колледжінің студенттерімен кездесті.

– Президенттің 2025 жылды «Жұмысшы мамандықтар жылы» деп жариялауы мемлекеттің кәсіптік білім беру ісін одан әрі дамытуға мүдделі екенін білдіреді,– деген Ерлан Қарин Жолдауды тиімді жүзеге асыру және Атом электр стансасын салу мәселесіне қатысты алдағы референдумның маңыздылығы туралы айтты.

Мемлекеттік кеңесші өткізген кездесулердің қорытындысы бойынша құзырлы органдарға ішкі саясат саласындағы жұмысты жетілдіру бойынша нақты ұсыныстар мен тапсырмалар берілді.