Қала прокуратурасының жаңа ғимараты пайдалануға берілді

0 4

Қосшы қаласында құқық қорғау саласының материалдық-техникалық базасын нығайту бағытында тағы бір маңызды нысан іске қосылды. Қала прокуратурасының жаңа ғимараты салтанатты түрде ашылып, жұмысын бастады. Ашылу рәсіміне Ақмола облысының әкімі Марат Ахметжанов қатысып, мекеменің жұмыс жағдайымен және қызметіне енгізіліп жатқан заманауи технологиялармен танысты.

Жаңа ғимарат қызметкерлердің тиімді жұмыс істеуіне және тұрғындармен өзара байланысты жақсартуға бағытталған. Жертөле қабаты бар екі қабатты нысанда қызметтік кабинеттер, азаматтарды қабылдау бөлмесі, конференц-зал және қажетті қосалқы бөлмелер қарастырылған. Кеңселер заманауи жиһаздармен, компьютерлік техникамен және жұмысқа қажетті құрал-жабдықтармен қамтамасыз етілген.

Ғимаратты аралау кезінде өңір басшысына прокуратура саласында қолданылып жатқан цифрлық жаңашылдықтар таныстырылды. Соның ішінде азаматтарға арналған жасанды интеллект негізіндегі прокурор көмекшісі ерекше назар аударды. Бұл жүйе арқылы тұрғындар қабылдауға алдын ала жазылып, өтініштерінің қаралу барысын қадағалап, өздерін толғандырған мәселелер бойынша қажетті ақпарат ала алады.

Сондай-ақ алты негізгі бағыт бойынша жұмыс істейтін цифрлық қадағалау бағдарламасының мүмкіндіктері көрсетілді. Аталған жүйе пробациялық бақылау, кәмелетке толмағандардың құқықтарын қорғау, азаматтарды құжаттандыру, еңбек заңнамасының орындалуы және жол қауіпсіздігі секілді салалардағы жағдайды бақылауға мүмкіндік береді. Цифрлық құралдар заңбұзушылықтарды ерте анықтап, олардың алдын алу шараларын уақытылы қабылдауға жол ашады.

Қаладағы қоғамдық қауіпсіздікті қамтамасыз етуде бейнебақылау жүйесінің де маңызы зор. Қазіргі уақытта Қосшы аумағында 1 440 бейнекамера жұмыс істейді. Олар құқықбұзушылықтардың алдын алуға, күмәнді жағдайларға жедел әрекет етуге және қылмыстарды ашуға көмектеседі. Прокуратура өкілдері бұл технологиялардың қоғамдық тәртіпті нығайтуға оң ықпал етіп отырғанын атап өтті.

– Цифрлық қадағалау – уақыт талабына сай өзекті бағдарлама. Бұрын ақпарат әртүрлі базаларда шашыраңқы болса, қазір бірыңғай база қалыптастырылған. Бұл нақты жағдайды көруге және жалпы басқару жүйесінің жұмысын бағалауға мүмкіндік береді, – деді өңір басшысы.

Салтанатты жиын барысында Марат Ахметжанов прокуратура қызметкерлеріне жауапты қызметтеріне табыс, жаңа нысанның жұмысына сәттілік тіледі.

Іс-шараның символдық жалғасы ретінде қатысушылар ғимарат аумағына ағаш көшеттерін отырғызды. Осылайша, Қосшы қаласында прокуратура қызметінің жұмыс жағдайын жақсартуға ғана емес, мемлекеттік қызмет көрсетудің қолжетімділігі мен тиімділігін арттыруға бағытталған жаңа нысан пайдалануға берілді.