Еліміздегі зейнетақының орташа мөлшері қандай?

0 3

2024 жылдың 1 қыркүйегіндегі жағдай бойынша елімізді зейнеткерлердің саны 2 миллион 405 мың адамды құраған. Жыл басынан бері республикалық бюджеттен 2 трлн 488,6 млрд теңге сомасына зейнетақы төленген. Оның ішінде базалық зейнетақы төлеуге – 783,6 млрд теңге, ынтымақты зейнетақы төлеуге 1 трлн 705 млрд теңге қарастырылған.

Есепті кезеңде жиынтық зейнетақының орташа мөлшері 131872 теңгені құраған. Оның ішінде ынтымақты зейнетақы мөлшері – 89275 теңге, базалық зейнетақы 42597 теңге болды.

Еске сала кетейік, 2018 жылғы 1 шілдеден бастап мемлекеттік базалық зейнетақы төлемі зейнетақы жүйесіндегі өтілін ескере отырып, әр алушыға жеке тағайындалады. Бұл ретте зейнетақы жүйесіне қатысу өтіліне 1998 жылғы 1 қаңтардағы жағдай бойынша ынтымақты жүйеде жұмыс істеген уақыты және міндетті зейнетақы жарналары төленген кезеңдер кіреді.

Сонымен қатар егер азаматтың зейнетақы жүйесіндегі өтілі 10 жыл немесе одан аз болса, сондай-ақ мүлде жоқ болса, базалық зейнетақы ең төменгі күнкөріс деңгейінің 65 пайызына тең болса, содан кейін 10 жылдан асқан әр жыл үшін оның мөлшері 2 пайызға артады. Ал егер сіздің өтіліңіз 20 жыл болса, базалық зейнетақы төменгі күнкөріс деңгейінің 85 пайызын құрайды. Еңбек өтілі 30 жыл немесе одан көп болса, күнкөріс деңгейінің ең жоғарғы мөлшерінде яғни 105 пайыз белгіленеді. Егер бір ай ішінде міндетті зейнетақы жарналары Бірыңғай жинақтаушы зейнетақы қорына бірнеше рет аударылса, жинақтаушы жүйеге қатысу мерзімі бір айды құрайды. Осылайша міндетті зейнетақы жарналары неғұрлым тұрақты және толық көлемде аударылатын болса, зейнет жасына жеткенде базалық зейнетақы төлемдерінің мөлшері соғұрлым көп болады.

Айта кетейік, өз кезегінде азаматтың жасына байланысты зейнетақы төлемдерінің мөлшері 1998 жылғы 1 қаңтардағы жұмыс өтіліне (кем дегенде 6 ай қажет) және зейнеткерлікке дейінгі кезеңдегі орташа айлық табысына байланысты болады.