Қостанай қаласындағы «Астана» шағын ауданында көлемі 20,4 мың шаршы метр болатын жаңа Спорт сарайының құрылысы жалғасуда. Заманауи кешен өңір тұрғындарына спортпен жүйелі айналысуға мүмкіндік беріп, кәсіби спортшыларды даярлауға арналған маңызды нысанға айналмақ. Құрылыс барысын облыс әкімі Құмар Ақсақалов арнайы барып тексерді.
Жаңа спорт кешені бұқаралық спортты дамытуға және тұрғындар үшін қолжетімді жаттығу орындарының санын арттыруға бағытталған. Жоба аясында түрлі спорт түрлеріне арналған залдар мен көрермендерге арналған кеңістік қарастырылған. Нысанның басты ерекшелігі – 3 мың адамға арналған трибунасы бар негізгі арена. Бұл алаңда спорттық жарыстар мен ауқымды іс-шараларды өткізуге мүмкіндік болады.
Кешенде бокс және күрес залдары, гимнастикаға арналған орындар, заманауи тренажер залдары мен скалодром жабдықталады. Мұндай инфрақұрылым әртүрлі жастағы тұрғындардың спортпен шұғылдануына жағдай жасап, жастардың спорттық қабілетін дамытуға жол ашады. Сонымен қатар нысан кәсіби спортшылардың жаттығу өткізуіне және өңірлік жарыстарды ұйымдастыруға пайдаланылмақ.
Мемлекет басшысы бұқаралық спортты кеңінен дамыту мен спорт нысандарының қолжетімділігін арттыру қажеттігін бірнеше рет атап өткен. Осы бағыттағы жұмыстар Қостанай облысында да жалғасуда. Өңір әкімінің мәліметінше, соңғы үш жарым жыл ішінде облыста 30-дан астам спорт нысаны салынған. Қазіргі уақытта Қостанай қаласында үстел теннисі орталығы, көпфункционалды стадион, мүмкіндігі шектеулі жандарға арналған дене шынықтыру-сауықтыру кешені және Жекпе-жек сарайы бой көтеріп жатыр.
Спорт инфрақұрылымын дамыту жұмыстары аудан-қалаларды да қамтиды. Арқалық қаласында жабық хоккей корты мен көпфункционалды дене шынықтыру-сауықтыру кешенінің құрылысы жүргізілуде. Бұл жобалар өңір тұрғындарының спорттық нысандарға қолжетімділігін арттыруға және жергілікті жерлерде спортпен айналысуға қолайлы жағдай қалыптастыруға бағытталған.
Қостанайдағы жаңа Спорт сарайының іске қосылуы қаланың қоғамдық және спорттық өміріне де серпін бермек. Мұнда балалар мен жасөспірімдер жаттығып, спортшылар жарыстарға дайындала алады. Ал 3 мың көрерменге арналған арена ірі турнирлерді қабылдауға мүмкіндік береді.
Құрылыс жұмыстары аяқталғаннан кейін кешен облыстағы спорттық іс-шараларды өткізуге арналған негізгі алаңдардың біріне айналуы мүмкін. Жобаның басты мақсаты – заманауи инфрақұрылым қалыптастыру арқылы тұрғындардың белсенді өмір салтын ұстануына жағдай жасау және өңірдегі спорттың дамуына жаңа мүмкіндік ашу.