Семей қаласындағы теміржол вокзалын жаңғырту жұмыстарының баяу жүруі Абай облысының әкімі Берік Уәлидің сынына ұшырады. Нысанды аралау барысында өңір басшысы құрылыс қарқынын арттырып, жұмысшылар санын көбейтуді және орындалатын жұмыстардың сапасын тұрақты бақылауды тапсырды. Себебі вокзалдың жаңартылған ғимаратын пайдалануға беру мерзімі жолаушылар үшін де, өңірдің көлік инфрақұрылымы үшін де маңызды.
Семей вокзалының реконструкциясы өткен жылдың шілде айында басталған. Жоба бойынша ғимаратты толық жаңартып, нысан аумағын кеңейту көзделген. Жөндеу жұмыстары жүргізіліп жатқан кезеңде жолаушыларға қызмет көрсету үшін уақытша орындар ұйымдастырылған. Бұл құрылыс кезінде теміржол қатынасының қалыпты жұмысын қамтамасыз етуге бағытталған.
Қазір нысанда құрылыс-монтаж жұмыстары жалғасып жатыр. Құрылыс алаңына 60 жұмысшы мен сегіз арнайы техника жұмылдырылған. Жұмыс екі ауысыммен ұйымдастырылғанына қарамастан, орындалу қарқыны өңір басшысын қанағаттандырмады. Вокзал ғимаратының қасбетін қаптау, витраждық әйнектерді орнату, ішкі әрлеу және керамикалық плиткаларды төсеу жұмыстары жүргізілуде. Бұдан бөлек, эскалаторларды орнату мен перронды жаңарту жұмыстары да жалғасып жатыр.
Нысандағы жағдаймен танысқан Берік Уәли мердігер компанияға жұмысты жеделдету қажеттігін ескертті. Оның айтуынша, құрылыс барысындағы ілгерілеу жеткіліксіз, сондықтан қолданыстағы жұмыс тәртібін қайта қарап, құрылысқа тартылған мамандар санын бірнеше есе көбейту қажет.
«Теміржол вокзалының ашылуын қаншама халық күтіп отыр. Ал сіздер өте баяу жұмыс істеп жатырсыздар. Жұмыс қарқыны төмен. Үш апта бұрын келгенде қалай тұр, сол күйі тұр. Ешқандай қозғалыс көрінбейді. Бұлай болмайды. Мердігер компания бізді халықтың алдында ұятқа қалдырып отырсыздар. Құрылыс қарқынын күшейтіп, жұмысшылар санын бірнеше есеге арттырыңыздар. Ең бастысы, жұмыстың сапасына мән беріңіздер», – деді облыс әкімі.
Өңір басшысы жауапты орынбасарына және тиісті басқарма басшысына құрылыс барысын күнделікті бақылауда ұстауды тапсырды. Бұл ретте жұмысты жеделдетумен қатар, сапа талаптарының сақталуына басымдық берілді.
Семей вокзалын жаңарту – республика бойынша жүзеге асырылып жатқан ауқымды инфрақұрылымдық бағдарламаның бір бөлігі. Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаевтың тапсырмасына сәйкес, «Қазақстан темір жолы» ұлттық компаниясы ел аумағындағы 124 теміржол вокзалын жаңғыртуға кіріскен. Оның 10-ы Абай облысында орналасқан. Бағдарламаның негізгі мақсаты – вокзалдардың материалдық-техникалық жағдайын жақсартып, жолаушыларға қолайлы қызмет көрсету ортасын қалыптастыру.
Облыстағы өзге станцияларда да жаңарту жұмыстары кезең-кезеңімен іске асырылуда. Биыл маусым айында Бородулиха ауданындағы Белағаш және Ауыл станцияларының, ал тамызда Жарма ауданындағы Шар, Үшбиік және Жарма станцияларының вокзалдары пайдалануға берілді. Сондай-ақ Курчатов қаласындағы Дегелең және Мақаншы ауданындағы Жалаңашкөл станцияларының вокзалдары жаңартылып, жолаушыларға қызмет көрсете бастады.
Қазіргі уақытта Аягөз қаласы мен Ақтоғай кентіндегі теміржол вокзалдарында құрылыс-монтаж жұмыстары жалғасып жатыр. Ал Семейдегі нысанда жұмыс қарқынын күшейту қажеттігі күн тәртібіне шықты.
Теміржол вокзалы – жолаушыларды қарсы алып, шығарып салатын орын ғана емес, қаланың көлік жүйесіндегі маңызды нысан. Сондықтан оның заманауи талаптарға сай жаңартылып, сапалы әрі уақтылы пайдалануға берілуі ерекше маңызға ие. Ендігі міндет – мердігердің жұмысын жандандырып, реконструкцияның белгіленген талаптарға сәйкес аяқталуын қамтамасыз ету.