М.Х. Дулати атындағы Тараз мемлекеттік университетінде мүмкіндігі шектеулі студенттер арасында «Жүректен жүрекке» тақырыбында өткен эссе байқауының жеңімпаздары марапатталды. Бұл шығармашылық байқаудың мақсаты – жастар арасындағы сыйластықты, қамқорлықты, адамгершілік пен достықты дәріптеу. Сондай-ақ олардың ой тереңдігі мен жазу мәдениетін дамыту.
Негізгі іс-шара ақын Абай Құнанбайұлының «Толық адам» ілімі мен батыр Бауыржан Момышұлының ұлттық тәрбие туралы тағылымды ойларына бағытталды. Шығармашылық сайысқа Әлеуметтік психология кафедрасының студенттері және Әлеуметтік жұмыс басқармасының инклюзивті білім беру бағдарламасы бойынша білім алушы студенттер қатысты. Ұйымдастырушылардың айтуынша, байқау жастардың рухани дүниесін байытып қана қоймай, олардың қоғамға деген көзқарасын кеңейтуді көздейді.
Іс-шараның ұйымдастырушысы Әлеуметтік жұмыс басқармасының инклюзивті білім беру орталығы. Байқау барысында қатысушылар адамгершілік, мейірімділік, жанашырлық, өзара қолдау секілді құндылықтарды эссе арқылы терең жеткізуге тырысты.
Қазылар алқасының шешімімен жеңімпаздар анықталды. І орынды Дәулетбекқызы Аяулым иеленсе, ІІ орын Нүсіпбек Жанельге бұйырды. Ал ІІІ орын Қаппашова Ақеркеге берілді. Сонымен қатар Тоқберген Жансая мен Әлмахан Ерасыл алғыс хаттармен марапатталды.
Жеңімпаздарға дипломдар мен марапаттар табысталып, олардың шығармашылық еңбегі жоғары бағаланды. Іс-шара соңында ұйымдастырушылар мұндай байқаулар студенттердің тек шығармашылық қабілетін дамытып қана қоймай, қоғамдағы мейірім мен өзара құрметті нығайтуға ықпал ететінін атап өтті.
«Жүректен жүрекке» байқауы жас буынның рухани құндылықтарын арттырып, инклюзивті қоғам құруға бағытталған маңызды бастамалардың бірі ретінде бағаланды.