Мақтааралдың өз лимоны болады

0 12

Бүгінгі ауыл адамдары нарық заманының барлық бұлтарыс-қалтарыстарына бейімделген. Бастысы, еңбек етпесең күн көрудің қиын екенін өмірдің өзі дәлелдеп отыр. Сондықтан әркім өзінің қолынан келетін тіршілігімен айналысады. Мақтаарал ауданындағы Қоңырат ауылының тұрғындары да түрлі істің басын шалып көрді. Ақырында, Жер-Ананың мейіріміне иланды. Қазақта «қара жер қарыз арқаламайды» деген қанатты сөз бар. Рас сөз. Егер ерінбей тер төксең, егістігіңді баптай білсең, жер ешқашан саған қарыздар болып қалмайды.

Бұған дейін ағайынды Тұрабаевтар 9 гектар жерді жалға алып, оның 7 гектарына қауын, 2 гектарына қарбыз егіп жүрді. Жаман болған жоқ. Әр жылы  40 тонна қауын, 40 тонна қарбыз өндірді. Өнім алқап басынан сатылып кетті.  Тұтынушы іздеп әуреленген жоқ. Көтерме бағасына алушылар өнімді Ресей асырыпты. Диқанға өнімінің жатып қалмай уақтылы сатылып кеткені пайдалы.

Олар осылай жұмыстарын жалғастыра берер ме еді, бірақ жерін жалға берген адамның талабын да орындау керек қой. Ол 9 гектар жерді тегін беріп қоймайды. Оның да алашағы бар. Сонда ағайынды үшеуге қалатыны мардымсыздау көрінді. Не істеу керек?

Ағайындылар ақылдаса келіп, ауласындағы 4,5 сотық жерді жылыжайға айналдырды. Бұл үшін қажетті заттарды өздері әзірледі. Жылыжайдың үстін  жауып тұратын темірден шатыр жасады. Жылыжайдың үстін пленкамен жапты. Жерді тыңайтып, ерте көктемде болгар бұрышын екті. Осынша жерге бір ғана дақыл егудің тиімсіздігін білетін олар бұрыштың арасына лимон ағашын отырғызды.

Негізінен болгар бұрышы ерте пісетін дақылдар қатарында. Олардың алғашқы  дақылы да  пісіп, өнім берді. Бүгінде оны да көтерме бағасына алып кетушілер қарасы көп. Мейрамханалар, асханалар, мектеп, балалар бақшасы, көпшілік тамақтандыру орындары, бәрі де болгар бұрышын сұрайды. Оның үстіне шетелдерге экспорттауға алып кетушілер де бар.

Бүгінде алғашқы өнімі жиналып алынған жерге Қайрат Тұрабаев қызанақ пен қияр еккен. Ал, лимон әлі жемісін берген жоқ. Ол екі-үш жылдан соң өнімін бере бастайды. Соған дейін жылыжайда тамырлап, өсе береді. Ал, лимон ағашы бой көтергенге дейін  бос кеңістікті болгар бұрышы, қызанақ, қияр егу үшін пайдалана бермек. Қазақша айтқанда, «бір оқпен екі қоян атып алады».

Қазір Қайратқа інілері Ұлықбек пен Азамат көмектесіп жүр.  Олар күні бойы жылыжайда еңбек етеді. Дақылдың қалыпты бой көтеріп келе жатқанын бақылайды. Үстеме тыңайтқыштар енгізеді, суарады. Арам шөптерін отайды.

Әрине, екі бірдей отбасы үшін бір жылыжайдың өніміне қарап отыруға тағы болмайды. Ағайындылар жылыжаймен бірге мал да ұстайды. Олардың күтімі, жем-шөбі Тұрабаевтарды тыным таптырмайды. Бір жағынан жылыжайындағы жайқалып өсіп келе жатқан дақылдарына қараса, екінші жағынан малына алаңдайды. Айран, сүт, қаймақ, құрт, ірімшікті сырттан сатып алмайтын ағайындылар көкөніс іздеп дүкенге бармайды. Жоқтан бар жасап үйренген бұл отбасыға қоңыраттықтар ризашылықпен қарайды.

Жылыжай иесі Қайрат осылайша інілеріне жұмыс тауып беріп отыр. Ол  алдағы уақытта жылыжай көлемін ұлғайтып, өнім молшылығын жасауды мақсат етіпті. Сонымен қатар, малын көбейтіп, сүт өнімдерін шығарсам деген ойымен де бөлісті. Әрине, бәріне уақыт төреші. Бірақ, жастайынан жер еміп өскен олардың ойлаған мақсаттарына жетеріне жерлестері күмән келтірмейді.

– Жақында Мақтаарал ауданының өз лимоны болады, – дейді Бірлік ауылдық округінің әкімі Сәкен Мұсақұлұлы.

Иә, бұл күнге де көп уақыт қалған жоқ.