Сырдария ауданында ауыл шаруашылығы саласы үшін маңызды нысан – жүгері кептіру және сақтау кешені пайдалануға берілді. Жаңа өндірістік нысан өңірдегі егін шаруашылығын әртараптандыруға, су ресурстарын тиімді пайдалануға және ауыл шаруашылығы өнімдерін терең өңдеуге бағытталған.
Кешеннің ашылу салтанатына облыс әкімі Мұрат Ергешбаев, облыс прокурорының міндетін атқарушы, инвестициялық омбудсмен Нұрболат Дүйсенбаев, «Қызылорда крахмал-сірне зауыты» серіктестігінің құрылтайшысы Закиржан Кузиев, сондай-ақ зиялы қауым өкілдері мен ауданның құрметті азаматтары қатысты.
Салтанатты жиында сөз алған облыс әкімі жаңа нысанның аймақ экономикасы үшін маңыздылығына тоқталды. Оның айтуынша, Мемлекет басшысы агроөнеркәсіп кешенін жаңғырту, егіншілік мәдениетін жетілдіру және ауыл шаруашылығы өнімдерін сақтау мен өңдеу бағыттарын дамытуды басым міндеттердің қатарына қойған. Осы тұрғыдан алғанда, жүгері кептіру және сақтау кешенінің іске қосылуы – өңірдің өндірістік әлеуетін арттыруға жасалған нақты қадам.
Аймақ басшысы Сырдария өзенінің су деңгейі Қызылорда облысының әлеуметтік экономикалық және экологиялық жағдайына тікелей әсер ететінін атап өтті. Сондықтан дәстүрлі егіншілік жүйесін заман талабына бейімдеп, суды аз қажет ететін дақылдардың үлесін арттыру өзекті болып отыр. Биыл облыста күріш егісінің көлемі 70 мың гектарды құраса, соңғы үш жылда аталған дақылдың алқабы 19 мың гектарға қысқарған.
Жаңа кешен осы бағыттағы жұмыстарға серпін беріп, жүгері өндірісінің көлемін ұлғайтуға мүмкіндік жасайды. Жобаның алғашқы кезеңінде іске қосылған нысан шаруалар өсірген өнімді сапалы кептіріп, сақтауға жағдай туғызады. Бұл өз кезегінде өнім шығынын азайтып, оны әрі қарай өңдеу үдерісінің тиімділігін арттыруға ықпал етеді.
Салтанатты шарада Нұрболат Дүйсенбаев, Закиржан Кузиев және ел ағасы Сұлтанбек Тәуіпбаев та сөз сөйлеп, бастаманың өңір үшін берер мүмкіндіктерін атап өтті. Жобаны жүзеге асыруға үлес қосқан азаматтарға облыс әкімінің Алғыс хаттары табысталды.
Айта кету керек, соңғы жылдары Қызылорда облысында жүгері өсіруге қызығушылық артып келеді. Биыл өңірде 11 мың гектар алқапқа жүгері егіліп, 60 мың тоннадан астам өнім жиналған. Шаруашылықтар су үнемдеу технологияларын енгізумен қатар, дәстүрлі әдістерді де қолдануда. Мәселен, «Таң ЛТД» серіктестігі жүгеріні су үнемдеу технологиясы арқылы өсірсе, «Ақтөбе және К» шаруашылығы дәстүрлі суару тәсілін пайдалануда.
Сонымен қатар Жалағаш ауданында швейцариялық «Harvest Argo» компаниясының қатысуымен 21 мың гектар жерге жүгері мен соя егу жобасы қолға алынған. Ал алдағы жылы облыс бойынша жүгері алқаптарын 28 мың гектарға дейін жеткізу жоспарланып отыр. Бұл мақсатта арнайы Жол картасы бекітілген.
Жүгері кептіру және сақтау кешенінің іске қосылуы – Сыр өңірінде ауыл шаруашылығының жаңа бағытын қалыптастырудағы маңызды кезең. Ендігі міндет – егіс көлемін арттырумен қатар, өндірілген өнімді тиімді сақтап, терең өңдеу арқылы оның экономикалық құндылығын еселей түсу.