Ресеймен шекараға дейінгі жол толық жаңартылды

0 4

Абай облысында Семей қаласын Ресей Федерациясымен байланыстыратын маңызды автомобиль жолының 111 шақырымында жөндеу жұмыстары мәресіне жетті. Нәтижесінде «Семей – РФ шекарасы» тасжолының нормативтік техникалық жағдайы 100 пайызға жеткізілді. Жаңартылған учаскенің ашылу салтанатына облыс әкімі Берік Уәли қатысты.

Аймақ басшысы бұл жобаның өңір үшін экономикалық әрі стратегиялық маңызы зор екенін атап өтті. Оның сөзінше, жол сапасын жақсарту – тұрғындардың қауіпсіз қатынауын қамтамасыз етумен қатар, халықаралық сауда мен транзиттік тасымалды дамытуға мүмкіндік беретін маңызды қадам. Сондай-ақ ол құрылыс жұмыстарына атсалысқан жолшылар мен мердігер ұйым өкілдеріне алғыс айтты.

Бұған дейін, 2024 жылы аталған бағыттың техникалық жағдайы 40 пайыз деңгейінде болған. Қазір тәулігіне 1650-ден астам көлік жүретін жолдың сапасы толық нормативке сәйкестендірілді. Жөндеу барысында жол жабынының екі қабаты жаңартылып, су өткізу жүйелері ретке келтірілді. Қозғалыс қауіпсіздігі үшін 10 шақырым қоршау орнатылып, екі жаңа аялдама павильоны мен демалыс алаңы салынды.

Жолдың жақсаруы Бородулиха ауданы үшін де жаңа мүмкіндіктерге жол ашады. Атап айтқанда, Новопокровка, Дмитриевка және Ауыл ауылдарының маңындағы кәсіпкерлік нысандардың жұмысы жанданып, жол бойындағы қызмет көрсету саласының дамуына ықпал етпек.

Бұл бағыт Ресей шекарасындағы «Ауыл» өткізу пунктіне жалғасады. Қазіргі уақытта мұнда да қайта жаңарту жұмыстары жүргізіліп жатыр. Жобаны келесі жылы аяқтау жоспарланған. Жүк көліктерінің қозғалысын реттеу мақсатында өткізу бекетінің алдында 2800 шаршы метрлік күту алаңы әзірленген.

Жалпы, облыста көлік инфрақұрылымын жаңғырту жұмыстары жалғасуда. Қазір 212,6 шақырым автомобиль жолы орташа жөндеуден өтуде. Сонымен қатар 20 елді мекендегі 80 көшеде құрылыс жөндеу жұмыстары жүргізіліп жатыр. Бұл бастамалар өңірдегі жол қатынасын жақсартып, елді мекендердің өзара байланысын нығайтуға бағытталған.