Бүгінде Кентау қаласында түрлі өндіріс орындары ашылып, аймақтың инвестициялық мүмкіндіктері ұлғаюда. Биыл шаһардағы индустриалды аймақ пен арнайы экономикалық аймақта төрт жобаның тұсауы кесілмек. Соның ішінде, арнайы экономикалық аймақта екі жоба іске асырылмақ.
Олардың бірі – «Кентау Red Star» ЖШС. Жалпы құны 1,5 миллиард теңге болатын кәсіпорын жылына 40 миллион дана кірпіш шығарады. Биыл сәуірде іске қосылатын өндіріс орнында 80 адам жұмыспен қамтылады деп күтілуде.
Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаев биылғы жылды «Жұмысшы мамандықтарының жылы» деп жариялағаны белгілі. Яғни, қоғамда адал еңбек етіп жүрген жандардың орны төрде болады. Қажырлы жұмысымен көп құрметіне бөленіп жүрген жандардың бірі – кентаулық Жазира Аймаханова. Жазира жетекшілік ететін «MN Tex» тігін цехында әскери киімнің 18 түрі тігіледі. Онда әскери адамдарға арналған бас киімнен бастап жазғы және қысқы киімдер де бар. Айына 3 мыңға жуық тапсырыс қабылдайтын мекеме басшысының айтуынша, тапсырыстардың көлемі көктем мезгілінде тіпті көбейеді.
– Отбасылық кәсібіміз біздің берекемізді тасытты. Жолдасыммен осы тігін цехын үлкейтуді жоспарлап, өнім көлемін көбейте бастадық. Алдымен ауыл тұрғындарының арасынан тігіншілікке бейімі бар жандарды оқыттым, үйреттім, содан соң оларды жұмысқа қабылдадық. Әскери киім тігу оңай шаруа емес. Оның матасын таңдаудан бастап, әрбір деталіне дейін мән береміз, – дейді кәсіп иесі.
Кәсіпорында 30-ға жуық адам жұмыспен қамтылған. Әрқайсысына әр киімнің бөлігін дайындау бекітілген. Фабрика өнімдері өзге өңірлерге де жіберілуде. Матаны Қытайдан, Белоруссиядан алдыртып отыр. Кәсіпкер тапсырыстардың көбеюіне байланысты алдағы уақытта цех көлемін ұлғайтып, тағы бірнеше қыз-келіншекті жұмысқа алмақшы.