Өскемен қаласында қан жүйесі ауруларын диагностикалау мен емдеуге маманданған жаңа Гематология орталығы жұмысын бастады. Президент тапсырмасымен Арнайы мемлекеттік қордан бөлінген қаражат есебінен бой көтерген медициналық кешен Шығыс Қазақстан, Абай және Павлодар облыстарының тұрғындарына жоғары технологиялық көмек көрсетеді.
Медициналық мекеменің ашылу салтанатына Премьер-Министрдің бірінші орынбасары Нұрлыбек Нәлібаев пен Шығыс Қазақстан облысының әкімі Нұрымбет Сақтағанов қатысты.
Жаңа орталықтың құрылысы 2020 жылы басталғанымен, жобаны толық аяқтауға 2025 жылы қосымша қаржы бөлінді. Мемлекет басшысының тапсырмасымен Арнайы мемлекеттік қордан 34 млрд теңге бағытталып, құрылыс жұмыстары соңына дейін жеткізілді. Осылайша, мемлекетке қайтарылған активтер есебінен өңірдегі денсаулық сақтау саласы тағы бір маңызды нысанмен толықты.
Жалпы аумағы 38 мың шаршы метрден асатын кешен бірнеше функционалдық бөлімнен тұрады. Негізгі емдеу корпусы 148 пациентке шақталған. Бұдан бөлек, басқа өңірлерден келетін науқастар мен олардың жақындарына арналған пансионат және медициналық жабдықтардың үздіксіз жұмысын қамтамасыз ететін техникалық блок қарастырылған.
Орталықтың басты ерекшелігі – әлемдік медицинаның соңғы жетістіктеріне негізделген диагностикалық және емдеу технологияларымен жабдықталуы. Мұнда 256 тілімді компьютерлік томограф, заманауи ангиографиялық жүйелер мен дің жасушаларын өсіруге арналған зертханалар жұмыс істейді. Бұл күрделі онкогематологиялық дерттерді ерте кезеңде анықтап, емдеу тактикасын дәл таңдауға мүмкіндік береді.
Сондай-ақ медициналық мекемеде сүйек кемігін трансплантациялау секілді күрделі операциялар мен емдік шараларды жүргізу жоспарланған. Мұндай мүмкіндіктердің өңірде пайда болуы ауыр диагноз қойылған пациенттер үшін аса маңызды. Енді олар мамандандырылған медициналық көмек алу үшін міндетті түрде республикалық клиникаларға бармай-ақ, қажетті қызметтерді Өскеменде ала алады.
Жаңа орталықтың жұмысын қамтамасыз ету мақсатында медициналық және техникалық мамандарды даярлау жұмыстары да жүргізілген. Дәрігерлер, медбикелер мен инженерлерден құралған 35 қызметкер Қазақстанның жетекші медициналық мекемелері мен шетелдік клиникаларда арнайы оқудан өтті.
Жалпы, Гематология орталығының іске қосылуы еліміздің шығыс өңірлеріндегі медициналық инфрақұрылымды дамытудағы маңызды қадам саналады. Жоғары технологиялық жабдықтар мен білікті мамандардың шоғырлануы күрделі қан ауруларын анықтау және емдеу сапасын жаңа деңгейге көтеруге мүмкіндік береді. Ең бастысы, үш облыстың тұрғындары үшін бұрын қолжетімділігі шектеулі болған медициналық қызметтер енді өңірлік деңгейде ұсынылмақ.