Естір құлаққа есті сөз айтылды

0 8

Ең алғашқы Ұлттық құрылтай ұлт ұясы саналған Ұлытауда ұйымдастырылса, өткен жылы жақсы-жайсаңдар Түркістанның төріне жиналды. Ал биылғы құрылтай Атыраудың атырабында, Жайық жағасында өтті. Алты Алаштың баласы бас қосқан жиында естір құлаққа есті сөз айтылды, тиісті тапсырмалар берілді.

Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаев «Адал адам – Адал еңбек – Адал табыс» атты құрылтайдың үшінші отырысында көптеген мәселеге тоқталды. Шыны керек, Президент соңғы кездері «адал» деген сөзге ерекше екпін беріп, өз сөзінде жиі айтып жүр.

– Биыл Ұлыстың ұлы күні қасиетті Ораза айының алғашқы күндерімен тұспа-тұс келіп отыр. Ұлттық құрылтай да әз-Наурыз қарсаңында өтіп жатыр. Ұлыстың ұлы күні табиғат пен тұтас тіршілік жаңарады. Ал құрылтайда қоғамдық құндылықтарды жаңғырту үшін маңызды қадамдар жасалады. Жаңару мен жаңғыру жақсылыққа жол ашады. Сондықтан құрылтай мүшелерінің жылына бір рет алқалы жиында бас қосуы игі дәстүрге айналды, – деді Қасым-Жомарт Тоқаев.

Әрине, Ұлттық құрылтайда айтылған жайттарды тізбелеп шығу мүмкін емес, сондықтан біз барынша маңыздыларына тоқталуға тырыстық. Руханият өкілдері Мемлекет басшысының құрылтайда кітапхана ісі туралы айтқан ойын іліп әкетті. Көпшілік «кітап оқитын ұлт болу үшін бұл қадамның маңызы бар» деп есептейді. Әрі көптеген мемлекетте Ұлттық кітап күні аталып өтеді.

– Біз ең алдымен жастарды кітап оқуға баулуымыз керек. Сонда жаппай кітап оқитын ұлтқа айналамыз. Тәуелсіздік кезеңінде елімізде кітапхана ісі кенжелеп қалды. Тоқсаныншы жылдардағы аласапыран уақытта мыңдаған кітапхана жабылды. Миллиондаған кітап қорынан айырылдық. Соңғы жылдары жағдайды түзеу үшін әрекет жасалып жатыр.

Кітапхана – мемлекеттің, ұлттың негізгі жады. Еліміз үшін құнды тарихи деректер мен материалдардың дені кітапханада сақталады. Сондықтан кітапхана ісін дамытуға бейжай қарауға болмайды. Кітап оқырманға қолжетімді болуы керек. Өздеріңізге мәлім, мен былтыр Түркістанда өткен құрылтайда елімізде тәулік бойы жұмыс істейтін заманауи кітапхана салу туралы айттым. Ондай кітапханалар көптеген елде бар. Менің тапсырмаммен Алматыда және Астанада көп ұзамай осындай тамаша ғимараттар бой көтермек. Жалпы бұл саланы жетілдіру үшін басқа да ауқымды іс-шараларды қолға алу қажет. Алматыда кейбір кітапханалар заман талабына сай жаңғыртылды. Онда жастардың шығармашылықпен айналысып, білімін ұштауына толық мүмкіндік бар. Облыс әкімдері осы жақсы тәжірибені жалғастыруы керек, – деді Президент.

Тасын түртсең, тарихтан тамыр тартатын еліміздегі археология саласы да Қасым-Жомарт Тоқаевтың назарынан тыс қалмады. Ұлттық бірегейлік, ұлттық құндылық та айтылды.

– Ендігі мәселе – ұлттық бірегейлігімізді нығайту. Мен «Egemen Qazaqstan» газетіне берген сұқбатымда Ұлыстың ұлы күнін бүкіл ел болып жаңаша атап өтетінімізді айттым. Жақында осыған байланысты арнайы тұжырымдама қабылданды. Әрине, бүкіл әлем жұртшылығымен бірге қарсы алатын Жаңа жыл мерекесінен бас тартпаймыз. Бірақ, әз-Наурыздың мәртебесін көтеріп, мазмұнын байыта түсеміз. Мысалы, «Көрісу күнінен» басталатын мейрам кезінде әр күннің өз атауы болады. Соның бірі «Ұлттық киім күні» деп аталады. Басқа жұрт қазақты киімінен танитын болуы керек. Мен былтыр ауызашар берген кезде осы мәселеге арнайы тоқталдым, – деді ол.
Шыны керек, қазір әлеуметтік желіде өзге ұлт өкілдерінің ұлттық киімдерімізге таңғалғанын бейнелейтін видеолар өте көп. Тіпті, кейбір ірі компаниялар мен оқу орындары ұлттық нақышта киіну үрдісін енгізуде.

«Елімізде қыз алып қашуды, көп әйел алуды ұлттық дәстүр санап, ел ішінде дәріптегісі келетіндер бар. Бұл – мүлдем ақтауға болмайтын заңсыздық, қараңғылық, тіпті масқара тірлік. Өркениетті қоғамда әр азаматтың абыройы, құқығы және бостандығы баға жетпес құндылық болуы керек. Сондықтан мұндай ақылға сыймайтын әрекеттерді қатаң сынға алу жеткіліксіз. Оған құқықтық баға беріліп, біржола тосқауыл қойылуға тиіс», – деген Мемлекет басшысы дәстүрдің озығы бар, тозығы бар екенін еске салды.

Жалпы құрылтай барысында көптеген мәселе ашық айтылды. Соның бірі – есірткі пайдалану. Бұл індет жаппай белең алып бара жатқаны да рас. Тек былтырдың өзінде есірткіге қатысты 7,5 мыңнан астам қылмыс анықталып, заңсыз айналымнан 41 тонна есірткі алынған. Балалар арасында нашақорлық тез таралып, жастар уланып жатыр.

– Есірткімен күрес белсенді жүргізілмесе, ертең бәрі кеш болуы мүмкін. Қазір есірткі сатқан қылмыскер қатаң жазаға тартылады. Менің ұсынысым: есірткі заттарын өндіретін адамдардың жазасын барынша қатайту керек. Оны ең ауыр қылмыстарға теңестіру қажет. Парламентті бұл бастаманы қолдауға шақырамын. Мен былтырғы құрылтайда балалар мен жастардың денсаулығына, яғни тұтас ұлттың болашағына орасан зор зиян келтіріп жатқан вейптердің таралуына тосқауыл қою үшін нақты шаралар қабылдау қажеттігін айттым. Қазір Парламентте вейптерді елге әкелген, оны өндірген және таратқан адамдарды қылмыстық жауапкершілікке тартуды көздейтін заң жобасы қаралып жатыр. Бұл қадам бүгінде сәнге айналған осы бір қауіпті кеселдің таралуын едәуір шектеп, бетін қайтаратынына сенімдімін, – деді Қасым-Жомарт Тоқаев.

Бұдан бөлек, Қасым-Жомарт Тоқаев ысырапшылдық, әсіресе су мәселесіне ерекше тоқталды. Рас қазақстандықтар арасында суды үнемдеуге байланысты қалыптасқан дәстүр жоқ. Су – болашақтың байлығы. Бірақ әлі күнге дейін суды үнемдеп пайдалану мәдениеті қалыптаспай отыр.

«Ұлттық құрылтайда біз мәдени-гуманитарлық саланың және идеологияның жаңа бағдарын айқындаймыз. Осының бәрі ұлттық бірегейлігімізді нығайту және елімізді қарқынды дамыту үшін өте маңызды. Дегенмен өзгерістердің басты мақсаты – халықтың тұрмыс сапасын жақсарту. Сондай-ақ әр азаматтың жан-жақты дамуына жағдай жасау», – деген ел Президенті қазір жұмыс істеп тұрған 55 жылу орталығын толығымен жөндеуді, ұзындығы кемінде 6,5 мың шақырым болатын инженерлік жүйені жаңғыртуды тапсырды. Сондай-ақ баспана, жол салу және оны жөндеу жұмыстары, газ тартылған елді мекендердің санын барынша арттыру мәселесі сөз болды.

– Болашағы зор тағы бір бағыт – IT-технологиялар. Қазақстанда осы жылдың соңына дейін суперкомпьютер жасап, жаңа дата-орталықты іске қосу жоспарланған. Біз Каспий теңізінің табаны арқылы талшықты-оптикалық байланыс желісін салуды көздеп отырмыз. Бұл жоба Еуропа мен Азия арасында тағы бір цифрлы дәліз орнатуға жол ашады. Мен жақында «Қазақстан темір жолы» компаниясының Инновация орталығында болдым. Орталық қызметінің арқасында еңбек өнімділігін арттыруға, шығындарды азайтуға мүмкіндік беретін озық технология осы салаға енгізіліп жатыр. Бұл жұмысқа еліміздің және шетелдің білікті IT-мамандары жұмылдырылды, – деді Президент.

Тағы бір мәселе бюджет қаржысын үнемдеуге арналды. Бұл мәселені Мемлекет басшысы Үкіметке тапсырды. «Қаржыны оңды-солды жұмсауға болмайды, бұл ақиқат. Мемлекеттік мекемелердің бюджетін тексеріп отырмаса, шығыстары ұлғая береді. Қаражат ең қажет жобаларға, ең маңызды мәселелерді шешуге жұмсалуы қажет», – деді ол.

«Адал адам – Адал еңбек – Адал табыс» – бір-бірінен ажырамайтын ұғымдар. Осы үштағанды озық әрі табысты елге айналудың басты кілті деуге болады. Президент осылай ойлайды.

– Мен бүгін маңызды идеологиялық тұжырымдарымыз бен негізгі бағыттарымыз туралы тарқатып айтып бердім. Тағы да бір қайталап өтейін: бұл – Тәуелсіздік және Отаншылдық, Бірлік және Ынтымақ, Әділдік және Жауапкершілік, Заң және Тәртіп, Еңбекқорлық және Кәсіби біліктілік, Жасампаздық және Жаңашылдық. Ұлтымыз осы идеялық негіздерді басшылыққа алса, болжаусыз және қарқынды дамып келе жатқан ХХІ ғасырда лайықты орнын табады.
«Әйгілі Қасым хан Сарайшықта, Абылай хан Бурабайда ордасын тіккені белгілі. Есілдің бойында Кенесары хан мемлекеттігімізді сақтап қалу үшін талай жорыққа шыққан. Бұл аймақ төл шежіремізде айрықша орын алады. Сондықтан Ұлттық құрылтайдың төртінші отырысын келесі жылы Көкшетауда өткізуді ұсынамын», – деген Мемлекет басшысы жиыннан қорытынды шығарып, тапсырмалардың тиянақты орындалуын жауаптыларға жүктеді.