Еңбек шартын жасасуға енжар қарамаңыз

0 3

Кейінгі уақытта жұмыс беруші тарапынан әділетсіздіктерге ұшыраса да күнкөріс үшін бәріне төзіп жүрген азаматтар туралы жиі еститін болдық. Көп жағдайда ауылдық елді мекендерде жалданып мал бағатындар, ірі сауда орталықтарында, жанар-жағар май құю бекеттерінде, мейрамханаларда жалданып жұмыс істейтін азаматтардың құқықтары қорғала бермейді.

Облыс әкімдігі еңбек инспекциясы басқармасының қызметі, ең алдымен, еңбек адамдарының құқығын қорғауға бағытталған. Яғни басқарма –  облыс аумағында еңбек заңнамасының орындалуына мемлекеттік бақылауды жүзеге асыратын мемлекеттік орган. Сондықтан ұжымда қандай да бір еңбек заңнамасының талаптарына қайшы келетін жағдай орын алып, басқармаға шағым түссе, тексеру тағайындалып, жан-жақты қаралып, мәселе түбегейлі зерттеледі. Егер еңбек заңнамасын бұзу фактілері анықталса, орын алған заңбұзушылықтарды жою жөнінде нұсқама беріледі және қолданыстағы ҚР Әкімшілік құқықбұзушылық туралы кодексінде айқындалған әкімшілік жаза қолданылады.

Айта кету керек, мемлекеттік еңбек инспекторлары тек екі жағдайда ғана арыз-шағым бойынша тексеру жүргізе алады. Біріншісі – еңбек инспекциясына жұмыскерлерден түскен шағым бойынша. Екіншісі – прокуратура органдарының талабы. Одан басқа әлеуметтік желіде немесе қоғамдық ортада айтылған, көтерілген еңбек заңнамасын бұзу фактілері бойынша тексеру жүргізу заңмен қарастырылмаған. Мемлекеттік еңбек инспекторының заңмен бекітілген құқықтары бар.

Мемлекеттік қызмет болғандықтан түскен арыз-шағымды қарауда салғырттық танытпай, уақытылы әрі заң аясында дұрыс қарауға міндеттіміз. Сондай-ақ құзыреттілігімізді асыра пайдалануға да болмайды. Кейбір шағымдарда айтылған жайттар біздің құзыретімізге кірмейтін болса, шағымданушыға тиісінше кеңес беріп, тиісті органдарға жолдаймыз.

Қазір ірі кәсіпорындар өндірістік жарақатты азайтып, еңбек қауіпсіздігі жағдайларын жақсартуға бағытталған «Vision-Zero» нөлдік жарақаттану тұжырымдамасына қосылуда. Бұл да жұмыс берушінің жауапкершілігін арттырып, жұмысшының еңбек қорғау саласындағы құқығын қорғау үшін жасалуда. Әрине, туындаған түсініспеушіліктердің ушықпай, неғұрлым қос тараптың келісімімен, татуласуымен шешілгені тиімді.

Жалпы түскен шағымдардың көпшілігі жалақыны уақытылы төлемеу, жұмыстан заңсыз босату және еңбек жағдайларына қатысты мәселелер.

Жұмыста еңбек заңнамасының қолданылуына қатысты қандай да бір кикілжің орын алғанда шағымданудың жолдары қарастырылған. Ұжымдық даулар туындағанда, ең әуелі,  жұмыскерлер өз талаптарын жұмыс берушіге ұсынуы керек. Ол 3 жұмыс күні ішінде қаралуы тиіс. Егер ол талапкерлерді қанағаттандырмаса, сол ұжымда татуластыру комиссиясы құрылып, сонда қаралады. Онда да оң шешілмесе, еңбек инспекторлары және жергілікті атқарушы, құқық қорғау органдары араласатын еңбек төрелігі құрылып, талқыланады. Ол жерде де шешілмесе ғана сотқа қайырылуға болады. Егер соттан да оң шешімі табылмаса, жалпы қоғамға, билікке наразылығын білдіріп, акцияларын өткізе алады.

Негізі еңбек шарты жұмыс берушінің де, жұмысшының да құқығын қорғауда кепіл болады. Сондықтан азаматтарға кез келген ұйымға жұмысқа тұрғанда еңбек шартын жасасып алуға кеңес береміз. Иә, бүгінде өзін-өзі өзектендірмеген, яғни ешқандай еңбек шартынсыз еңбек етіп жүргендер бар. Олар бейресми жұмыспен қамтылған тұлғалар. Бұл «көлеңкелі» экономикаға жол береді. Ал еңбек шартын жасамау жұмыс беруші тарапынан жұмыскерге жасалған әлеуметтік әділетсіздік деуге негіз бар. Неге? Себебі, еңбек шартын жасаспай, екеуара ауызекі келісіп алғанымен, уақыт өте келе, әйтеуір бір келіспеушіліктер туындағанда заң бұзушылықтар орын алатынын түрлі жағдайларда көріп те жүрміз. Сондықтан, жұмысқа тұрдыңыз ба, алдымен еңбек қатынастарын заңдастырыңыз. Басқармаға шағымданса да біз еңбек шартын сұраймыз. Себебі, түскен шағым бойынша тексеруге барсақ, жұмыс беруші ол жұмысшымен еңбек шартына тұрмағанын алға тартып, тіпті оны танымаймын деуі де ғажап емес. Біз тергеуші емеспіз, еңбек шарты болмаса ары қарай тексере алмаймыз, еңбек құқығын да қорғай алмаймыз. Тек сотқа жүгінуді ғана ұсынамыз.

Тағы бір маңызды мәселе – көп азаматтар еңбек қатынастарын заңдастырмағандықтан олардың медициналық, әлеуметтік сақтандыруы мен міндетті зейнетақы қорларына қаражат түспеген. Салдарынан азамат сырқаттанып қалса, тегін медициналық көмек ала алмайды, зейнетақы қорына қаражат түспегендіктен еңбек өтілі жүрмейді, ешбір екінші деңгейлі банктер несие бермейді, зейнеттік демалысқа шыққанда зейнетақы қорында жинағы болмайды. Сол себептен әрбір азамат қазірден бастап лайықты зейнеттік жасқа жетуді көздеп, қамданғаны жөн.

Ал әлеуметтік сақтандыру қорына ақша түспеген соң денсаулығы сыр беріп, жұмыстан қалған күндеріне немесе жүкті келіншек бала күтіміне байланысты демалысқа шықса, тиісті төлемақысын ала алмайды. Мұндай жағдайда науқасқа жұмыстан қалған күндеріне төлемақыны жұмыс беруші төлемейді, әлеуметтік сақтандыру қорынан беріледі. Ал жұмысынан айырылып қалған жағдайда оған әлеуметтік сақтандыру қоры соңғы екі жылдағы алып жүрген айлығының 60 пайызын 6 айға дейін төлеп отырады. Осыны барша азаматтар түсінсе екен.