Өңірлік коммуникациялар қызметінде өткен брифингте өңірдің Бас мемлекеттік экологиялық инспекторы Тұрар Қартамұлы облыс бойынша экология департаментінің биылғы жылының алғашқы жартыжылдығында атқарылған жұмыстар қорытындысын жария етті.
Оның айтуынша, мемлекеттік қызметтерді көрсету саласында департамент тарапынан бес түрлі қызмет көрсетіліп, есепті кезеңде барлығы 411 қызмет толықтай электрондық форматта ұсынылған. Оның ішінде бірінші санаттағы объектілерге экологиялық рұқсат беру бойынша 24 қызмет атқарылса, жоспарланып отырған қызметтің қоршаған ортаға әсерін бағалау саласын айқындау және скрининг нәтижесі бойынша 338 қызмет көрсетілген. Сонымен қатар, қоршаған ортаға әсерді бағалау нәтижелері бойынша 42 қорытынды және 7 кешенді экологиялық рұқсат берілген.
Өңірдегі заңдылық пен экологиялық талаптардың сақталуын қадағалайтын Мемлекеттік экологиялық бақылау бөлімі осы кезеңде 25 тексеру жүргізіп, оның ішінде 12 жоспардан тыс тексеру, 10 профилактикалық бақылау және 10 сәйкестікке тексеру шараларын ұйымдастырған. Бақылау шараларының нәтижесінде экологиялық заңнама талаптарын бұзудың 55 фактісі анықталып, оларды жою туралы міндетті нұсқамалар берілді. Бұзушылықтарға жол берген тұлғаларға қатысты 21 әкімшілік құқық бұзушылық туралы хаттама толтырылып, жалпы сомасы 52 миллион 33 мың теңге көлемінде әкімшілік айыппұл салынды. Бүгінгі таңда бұл қаражаттың 24 миллион 14 мың теңгесі мемлекет қазынасына өндірілсе, 6 миллион 684 мың теңгесі бойынша төлеу мерзімі аяқталмағандықтан орындалу сатысында тұр. Ал, 21 миллион 333 мың теңге көлеміндегі айыппұлдарды мәжбүрлеп өндіру үшін іс материалдары Ақмола облысының жеке сот орындаушыларына жолданған. Бұдан бөлек, құқық қорғау және басқа да мемлекеттік органдардан келіп түскен материалдар негізінде департамент 27 әкімшілік іс қарап, нәтижесінде 5 ескерту және жалпы сомасы 3 миллион 514 мың теңге көлемінде 22 әкімшілік айыппұл салды.
Департаменттің айрықша назарында рұқсат етілмеген қоқыс үйінділері мен олардың өртенуіне жол берген жауапты тұлғаларды жазалау мәселесі тұр. Құқық қорғау органдарынан келіп түскен ақпараттар негізінде заңсыз қоқыс орындарын жою шараларын уақтылы қабылдамаған бірнеше лауазымды тұлға әкімшілік жауапкершілікке тартылды. Олардың қатарында Бурабай ауданы Абылайхан ауылдық округінің әкімі, «Арнайы әлеуметтік қызметтер көрсету орталығы» мекемесінің басшысы, Степногорск қаласы әкімінің орынбасары және Көкшетау қаласының тұрғын үй-коммуналдық шаруашылығы бөлімінің басшысы бар. Осы тұлғаларға жалпы сомасы 129 748 теңге көлемінде айыппұл салынып, толық өндірілген. Сонымен қатар, қоқыс орындарының өртенуіне жол бергені үшін Степногорск қаласы Қарабұлақ ауылы әкімінің міндетін атқарушы, Бұланды ауданы тұрғын үй-коммуналдық шаруашылығы бөлімінің басшысы міндетін атқарушы, Целиноград ауданының Шалқар және Софиевка ауылдық округтерінің әкімдері, сондай-ақ, Аршалы ауданы Жібек жолы ауылдық округінің әкімі әкімшілік жауапкершілікке тартылды. Осы бағытта заң бұзған «Қоянды Тазалық» ЖК, «Мүсіркеев Е» ЖК және «Балкашинский коммунальщик» ЖШС секілді үш заңды тұлғаға жалпы сомасы 2 миллион 194 мың теңге көлемінде әкімшілік айыппұл салынды.
Өңірдегі экологиялық қауіпсіздікті ғылыми тұрғыдан қамтамасыз етуде департаменттің мемлекеттік стандарттарға сай аккредиттелген сынақ зертханасының рөлі зор. Зертхана мамандары жыл басынан бері қоршаған орта объектілеріне, соның ішінде су ресурстары мен атмосфералық ауаға тұрақты мониторинг жүргізіп келеді. Осы кезеңде су бойынша 65 сынама алынып, 527 анықтау жұмысы жүргізілсе, атмосфералық ауа бойынша 124 сынама алынып, талдау жасалды. Жалпы алғанда, 189 сынама негізінде 651 көрсеткіш бойынша мұқият зерттеу жұмыстары орындалған. Бұл талдаулар облыс аумағындағы техногендік ластану қаупін дер кезінде анықтауға мүмкіндік береді.
– Өңіріміздегі экологиялық ахуалды жақсарту тек қана заң бұзушыларға айыппұл салып, жазалаумен шектелмейді. Біз үшін ең маңызды міндет – экологиялық мәдениетті қалыптастырып, жүйелі инфрақұрылымдық мәселелерді шешу. Жаңадан қабылданған 2026–2028 жылдарға арналған Жол картасы облыстағы ең өзекті проблемалар – тозығы жеткен кәріз-тазарту құрылыстарын жаңғыртуға және жыл сайын бас көтеретін заңсыз қоқыс үйінділерін түпкілікті жоюға бағытталған. Жергілікті атқарушы органдар мен әрбір лауазымды тұлға өз аумағындағы тазалық пен экологиялық қауіпсіздікке тікелей жауапты екенін терең сезінуі тиіс. Біз табиғатты қорғау жолында заң талаптарының мүлтіксіз орындалуын бұдан былай да қатаң бақылауда ұстаймыз, – деп атап өтті Тұрар Қартамұлы.
Айта кету керек, аталған құжат 7 негізгі бөлімнен және атмосфераны, су мен жер ресурстарын, өсімдіктер дүниесін қорғауды, қалдықтарды басқаруды және радиациялық, химиялық қауіпсіздікті қамтитын 37 іс-шарадан тұрады.