Маңғыстау облысында әлемге танымал актер Джеки Чанның қатысуымен түсірілетін «Доспехи Бога 4: Ультиматум» халықаралық кино жобасының түсірілімі басталды. Бұл туралы Маңғыстау облысы әкімдігінің баспасөз қызметі хабарлады.
Жобаны Sәlem Entertainment және Dala Edge Creative Tech Park компаниялары жүзеге асыруда. Қазіргі уақытта түсірілім тобы өңірдің табиғи ландшафттарында алғашқы көріністерді таспаға түсіріп жатыр.
Фильмнің негізгі түсірілім алаңдарының бірі ретінде Бозжыра шатқалы таңдалған. Маусымның 7-12 күндері аралығында аталған аумақта 35 адамнан тұратын шығармашылық топ жұмыс жүргізіп, бірнеше маңызды сахнаны түсірген.
Маңғыстау облысының әкімі Нұрдәулет Қилыбай кино жобаның өкілдерімен кездесіп, халықаралық деңгейдегі бастаманы жүзеге асыруға өңір тарапынан қолдау көрсетілетінін айтты. Кездесу барысында креативті индустрияны дамыту, кино өндірісін кеңейту, жастарға арналған сапалы медиаконтент қалыптастыру және өңірдің туристік әлеуетін насихаттау мәселелері талқыланды.
Өңір басшысының айтуынша, мұндай жобалар Маңғыстаудың халықаралық деңгейдегі танымалдығын арттырып, туристік және инвестициялық мүмкіндіктерін кеңінен танытуға ықпал етеді.
Мамандардың пікірінше, халықаралық кино жобада Маңғыстаудың табиғи және тарихи нысандарының көрсетілуі өңірге шетелдік туристердің қызығушылығын арттыруға мүмкіндік береді.
Жоспарға сәйкес, фильмнің түсірілімі биыл аяқталады. Ал картина көрерменге 2027 жылдың ақпан айында жол тартпақ.