Балқаш жағалауындағы алып фестиваль

0 2

«Balkhash Tour Fest – 2026» мыңдаған туристің басын қосып, өңірдің туристік әлеуетін тағы бір мәрте паш етті.

Балқаш көлі жағалауында өткен «Balkhash Tour Fest – 2026» фестивалі еліміздегі ең ауқымды туристік оқиғалардың біріне айналды. Екі күнге созылған мерекелік іс-шараға Қазақстанның түкпір-түкпірінен және шетелден келген 75 мыңға жуық қонақ қатысып, көл жағалауы нағыз мәдениет пен демалыс орталығына айналды.

Фестивальдің алғашқы күнінде ғана шамамен 35 мың адам жиналса, екінші күні келушілер саны одан әрі артқан. Ұйымдастырушылардың айтуынша, іс-шараның басты мақсаты – Балқаш өңірінің туристік мүмкіндіктерін кеңінен таныстырып, ішкі туризмді дамытуға серпін беру.

Мерекелік бағдарламаның ең әсерлі сәттерінің бірі қазақстандық күш өнерінің шебері Сергей Цырульниковтың қазақ батырларының рухына арналған арнайы шоуы болды. Ал кешкі уақытта Балқаш тұрғындары мен қонақтарын бұрын-соңды болмаған ерекше көрініс күтті.

Көл тарихында алғаш рет ұйымдастырылған дрон-шоу көпшіліктің зор ықыласына бөленді. Аспанға көтерілген 500 ұшқышсыз аппарат түрлі жарық композицияларын жасап, Қазақстан мен Балқаштың тарихы мен табиғи ерекшеліктерін бейнеледі. Көл үстінде қалықтаған мыңдаған жарық фестивальдің сәнін кіргізіп, көрермендерге ұмытылмас әсер сыйлады.

Фестиваль барысында түрлі бағыттағы ойын-сауық және танымдық алаңдар жұмыс істеді. Қонақтар спорттық жарыстарға қатысып, шығармашылық жобаларды тамашалап, отбасылық демалыстың сан алуан мүмкіндігін пайдаланды.

Іс-шара аясында ерекше гастрономиялық рекорд та тіркелді. Фестиваль сахнасында салмағы 86,4 килограмм болатын алып «қазыбургер» дайындалып, Қазақстан рекордтар кітабына енгізілді. Бұл жетістікті ресми тіркеу үшін арнайы сарапшылар шақырылды.

Спорттық бағдарламалар да көпшіліктің қызығушылығын тудырды. «Cuprum Swim» ашық суда жүзу жарысына еліміздің әр өңірінен келген 300-ге жуық спортшы қатысты. Бір және үш шақырымдық қашықтықтарда бақ сынаған қатысушылар өз шеберліктерін көрсетіп, жеңіс үшін тартысты бәсеке өткізді. Жарыс барысында қауіпсіздік талаптарына ерекше көңіл бөлініп, құтқарушылар үздіксіз кезекшілік атқарды.

Фестивальдің тағы бір маңызды бөлігі – халықаралық би турнирі болды. Қазақстан мен Ресейден келген жас өнерпаздар өзара бақ сынап, басты жүлде – Қытайдың Шанхай қаласындағы халықаралық «FRESH DANCE CAMP» лагеріне жолдама үшін өнер көрсетті. Қазылар алқасының шешімімен елордалық биші «Rufina Lu» бас жүлдені жеңіп алды.

Кешкі уақытта фестиваль ауқымды гала-концертпен жалғасты. Қазақстандық танымал әншілер мен шығармашылық ұжымдардың өнері мыңдаған көрерменнің ыстық ықыласына бөленді. «AYAU» мен кештің басты қонағы «ВELLUCCI» орындаған әндер фестивальдің шарықтау шегіне айналды. Ал Балқаш аспанын көмкерген мерекелік отшашу іс-шараның көркін одан әрі арттырды.

Фестиваль тек ойын-сауық алаңы ғана емес, туристік мүмкіндіктерді таныстыратын маңызды платформа ретінде де ерекшеленді. Арнайы павильондарда өңірдің жаңа туристік бағыттары ұсынылып, Балқаш маңындағы табиғи және тарихи нысандар туралы кең ақпарат берілді. Соның ішінде өңірдің бірегей табиғи байлығы саналатын тораңғы тоғайларына арналған бағыттар көпшілік назарын аударды.

Ұйымдастырушылардың мәліметінше, фестиваль аумағы жаз бойы бос тұрмайды. Алдағы уақытта мұнда түрлі концерт, көрме, жастар кештері және отбасылық мәдени іс-шаралар өткізу жоспарланған.

Бүгінде «Balkhash Tour Fest» тек жазғы мереке деңгейінен әлдеқашан асып түсті. Ол Балқаш өңірінің туристік брендіне айналып, ішкі туризмді дамытуға бағытталған маңызды жобалардың бірі ретінде қалыптасып келеді. Жыл сайын ауқымы кеңейіп келе жатқан фестивальдің еліміздің туристік картасындағы орны да нығая түсуде.