Жамбыл облысында қоғамдық қауіпсіздікті нығайтуға және құқық бұзушылықтардың алдын алуға бағытталған «Арақсыз ауыл» жедел-профилактикалық іс-шарасы өз мәресіне жетті. Төрт күнге созылған кешенді іс-шара барысында полиция қызметкерлері мемлекеттік органдардың өкілдерімен бірлесіп, облыс аумағындағы елді мекендерде ауқымды түсіндіру және бақылау жұмыстарын жүргізді.
Іс-шараның негізгі мақсаты – қоғамдық тәртіпті сақтау, алкоголь өнімдерін заңсыз сатудың жолын кесу және масаң күйде жасалатын құқық бұзушылықтардың алдын алу. Осы бағытта профилактикалық есепте тұрған азаматтарға ерекше назар аударылып, олардың тұрғылықты жерлері бойынша тексерулер ұйымдастырылды.
Полиция деректеріне сәйкес, рейд барысында есепте тұрған 1676 азаматтың тұрмыс жағдайы мен мінез-құлқы зерделенді. Олардың қатарында шартты түрде мерзімінен бұрын босатылған азаматтар, алкогольге тәуелді тұлғалар және әлеуметтік жағдайы күрделі отбасылар бар. Мамандар әрбір азаматпен жеке әңгімелесіп, заң талаптарын түсіндіріп, қоғамға бейімделу және құқық бұзушылыққа жол бермеу мәселелеріне баса назар аударды.
Жедел-профилактикалық шара нәтижесінде 167 әкімшілік құқық бұзушылық анықталды. Оның ішінде алкоголь өнімдерін өткізу саласындағы заң талаптарын бұзудың бірнеше дерегі тіркелсе, қоғамдық орындарда спирттік ішімдік ішкен немесе масаң күйде жүрген азаматтарға қатысты ондаған әкімшілік хаттама толтырылды. Сонымен қатар ішкі істер органдарының профилактикалық есебінде тұрған тұлғалар тарапынан жасалған құқық бұзушылықтар да анықталып, заң аясында тиісті шаралар қабылданды.
Іс-шара тек бақылау және тексерумен шектелген жоқ. Төрт күн ішінде полиция қызметкерлері тұрғындармен 147 кездесу өткізіп, қоғамдық қауіпсіздік мәселелерін талқылады. Кездесулер барысында құқықтық сауаттылықты арттыру, отбасылық құндылықтарды нығайту, жастар тәрбиесі және қоғамдағы тәртіпті сақтау тақырыптары кеңінен қозғалды.
Соңғы жылдары өңірде «арақсыз ауыл» бастамасы кең қолдау тауып келеді. Бүгінде Жамбыл облысында 56 ауыл тұрғындары өз еркімен алкоголь өнімдерін сатудан және тұтынудан бас тартқан. Мұндай елді мекендердің басым бөлігі Тұрар Рысқұлов және Қордай аудандарында орналасқан. Тәжірибе көрсеткендей, мұндай ауылдарда қылмыс деңгейі төмендеп, қоғамдық келісім мен өзара жауапкершілік мәдениеті нығая түскен.
Қоғамдық тәртіпті сақтауда тек құқық қорғау органдарының ғана емес, тұрғындардың да белсенділігі маңызды. Сондықтан «Арақсыз ауыл» секілді бастамалар құқық бұзушылықтың алдын алумен қатар, саламатты өмір салтын қалыптастыруға және ел ішіндегі бірлікті бекемдеуге қызмет етіп келеді. Мұндай жұмыстардың нәтижесі өңірдегі қоғамдық тұрақтылық пен қауіпсіздікті қамтамасыз ету ісінде алдағы уақытта да өз жалғасын табары сөзсіз.