Елордада қазақ руханиятының көрнекті өкілі, жазушы, этнограф, ғалым Ақселеу Сейдімбекті еске алуға арналған дәстүрлі бильярд турнирі өтті. Қаламгерлер мен бұқаралық ақпарат құралдары өкілдерінің басын қосқан жарыс биыл он бесінші рет ұйымдастырылып отыр.
Л.Н.Гумилев атындағы Еуразия ұлттық университетінің Журналистика және әлеуметтік ғылымдар жоғары мектебі ұйымдастырған турнирдің ашылу рәсімінде жоғары мектеп директоры, жазушы Нұржан Қуантайұлы қатысушыларға сәттілік тілеп, Ақселеу Сейдімбектің ұлт руханиятындағы орнына тоқталды.
Іс-шара барысында көрнекті қаламгердің замандастары, қазақ әдебиеті мен мәдениетінің белгілі өкілдері Қойшығара Салғара мен Төлен Әбдік сөз сөйлеп, Ақселеу туралы естеліктерімен бөлісті. Олар қаламгердің ғылыми мұрасы мен азаматтық болмысы жайында тағылымды әңгімелер айтты.
Турнир алдында ұйымдастырушылар белгілі журналист, «Егемен Қазақстан» газетінің бас редакторы Ғабит Мүсіреп пен белгілі фотограф Шүкір Шахайды мерейтойларымен құттықтап, құрмет көрсетті.
Жарыс тартысты өтті. Әсіресе жасы сексеннен асқан Қойшығара Салғара мен Төлен Әбдіктің шебер ойыны көпшіліктің ықыласына бөленді. Турнирге белгілі спорт журналисі Несіп Жүнісбай төрелік етті.
Бәсеке қорытындысында бірінші орынды «Айқын-Литер» ЖШС директоры, ақын Талғат Ешенұлы жеңіп алды. Екінші орын «Қазақстан» ұлттық арнасының режиссері Асылхан Манаповқа бұйырса, үшінші орынды «Хабар» арнасының қызметкері Айдос Сиқымбаев иеленді.
Осылайша, Ақселеу Сейдімбек есімін ұлықтауға арналған дәстүрлі турнир қаламгерлер қауымын тағы бір мәрте тоғыстырып, рухани сабақтастық пен достықтың жарқын үлгісін көрсетті.