Тәуелсіз Қазақстанның ең басты құндылықтарының бірі – ел қауіпсіздігі мен мемлекеттік тұтастық. Бұл міндетті абыроймен атқарып отырған негізгі күш – Қазақстан Республикасының Қарулы Күштері. Бүгінде әскер тек ел шекарасын күзететін құрылым ғана емес, жастарды тәрбиелейтін, олардың азаматтық ұстанымын қалыптастыратын маңызды қоғамдық институтқа айналып отыр.
Қазіргі қоғамда әскери қызмет туралы көзқарастар әртүрлі болғанымен, оның жас азаматтың тұлға ретінде қалыптасуына тигізетін ықпалы зор екені даусыз. Әскер – тәртіп пен төзімділіктің, жауапкершілік пен жігердің мектебі. Мұнда жас сарбаздар күнделікті өмірде кездесетін түрлі сынақтарға төтеп беруді, қиын жағдайда сабыр сақтап, дұрыс шешім қабылдауды үйренеді.
Бүгінгі таңда қоғамда жігерсіздік пен жауапкершіліктен қашу секілді келеңсіз құбылыстар жиі байқалып жатады. Мұндай жағдайда әскери қызмет жас жігіттердің мінезін шыңдап, ерік-жігерін нығайтуға үлкен мүмкіндік береді. Әскер қатарында жүрген азаматтар уақыттың қадірін түсініп, тәртіпке бағынуды, ұжыммен жұмыс істеуді және өз ісіне жауап беруді меңгереді. Бұл қасиеттер олардың кейінгі өмір жолында да үлкен септігін тигізеді.
Әскери қызметтің тағы бір маңызды қыры – дене дайындығы. Қатаң күн тәртібі, жүйелі жаттығулар мен спорттық дайындық сарбаздардың денсаулығын нығайтып, физикалық мүмкіндігін арттырады. Әскерден оралған жастардың шымырланып, өмірге деген көзқарасының өзгеріп келетінін көпшілік жақсы біледі. Бұл – әскери өмірдің оң әсерінің нақты көрінісі.
Әскердің басты миссиясы – Отанды қорғау. Мемлекеттің қорғаныс қабілеті оның әскери қуатымен тікелей байланысты. Сондықтан әскери дайындықтан өткен әрбір азамат ел басына күн туған сәтте туған жерін қорғауға әзір болады. Бүгінде қазақстандық әскери қызметшілер шекара қауіпсіздігін қамтамасыз етіп қана қоймай, халықаралық бітімгерлік миссияларға да белсенді қатысып келеді. Бұл еліміздің халықаралық беделін арттырып, Қарулы Күштердің кәсіби деңгейін көрсетеді.
Сонымен қатар әскери орта жастардың патриоттық сезімін қалыптастырады. Еліміздің әр өңірінен келген түрлі ұлт өкілдері бір сапта қызмет атқарып, бір мақсат жолында бірігеді. Бұл өз кезегінде қоғамдық келісім мен достықты нығайтып, біртұтас қазақстандық қоғамның қалыптасуына ықпал етеді. Әскерде басталған достық пен бауырластық сезімі көп жағдайда өмір бойына жалғасады.
Соңғы жылдары Қазақстанда әскери қызметтің әлеуметтік мәртебесі де артып келеді. Әскери қызметшілерді тұрғын үймен қамтамасыз ету, медициналық қызмет көрсету және әлеуметтік қолдау бағытында бірқатар жеңілдіктер қарастырылған. Сондай-ақ әскери оқу орындары жастарға сапалы білім алып, кәсіби офицер ретінде мансап құруға жол ашады.
Қорыта айтқанда, әскер – тек әскери міндет атқаратын құрылым емес. Ол – жас азаматтың бойына тәртіп, жауапкершілік, отансүйгіштік пен табандылық қасиеттерін сіңіретін өмір мектебі. Әскери қызметтен өткен әрбір азамат қандай салада еңбек етсе де, ел дамуына өз үлесін қосатын саналы тұлға болып қалыптасады. Сондықтан әскерді мемлекет қауіпсіздігінің кепілі ғана емес, ұлт болашағын тәрбиелейтін маңызды институт ретінде бағалауымыз қажет.