Ақтөбе облысында жаңартылатын энергетика саласындағы жаңа инвестициялық жобаны жүзеге асыру мәселесі талқыланды. Облыс әкімі Асхат Шахаров Eni Plenitude SpA компаниясының жаңартылатын энергетика бағытының басшысы Алессандро Делла Зоппамен кездесіп, «Бадамша-3» жел электр станциясының құрылысын іске асыру перспективаларын қарастырды.
Жаңа жоба өңірде бұған дейін жүзеге асқан «Бадамша-1» және «Бадамша-2» жел электр станцияларының жалғасы болмақ. Аталған екі нысанның әрқайсысының қуаты 48 МВт болса, олардың жиынтық қуаты 96 МВт-қа жетеді. «Бадамша-1» станциясы 2020 жылы, ал «Бадамша-2» 2021 жылдың қыркүйегінде коммерциялық пайдалануға берілген.
Енді инвестор компания қуаты 100 МВт болатын «Бадамша-3» электр станциясын салуды жоспарлап отыр. Жобаның жалпы инвестициялық құны шамамен 100 млн АҚШ долларын құрайды. Құрылыс жұмыстары кезінде 30-ға жуық адамды жұмыспен қамту көзделсе, станция толық іске қосылғаннан кейін 150 тұрақты жұмыс орны ашылады деп күтілуде.
Жобаға қажетті 1 мың гектар жер учаскесі қазірдің өзінде бөлінген. Қазіргі таңда нысан аумағында дайындық жұмыстары жүргізіліп жатыр. Инвестордың түпкілікті шешімі алдағы айларда қабылданады деп жоспарланған. Құрылыс жұмыстарын 2027 жылы бастап, станцияны 2028 жылы пайдалануға беру көзделіп отыр.
Кездесу барысында жобаны жүзеге асырудың келесі кезеңдері де жан-жақты талқыланды. Атап айтқанда, мемлекеттік органдармен өзара іс-қимыл, инженерлік инфрақұрылымды дамыту және құрылыс жұмыстарына қажетті жағдай жасау мәселелеріне назар аударылды.
Асхат Шахаров Ақтөбе облысының жаңартылатын энергетика саласына инвестиция тартуға мүдделі екенін атап өтті. Оның айтуынша, Eni Plenitude компаниясының өңірде жел энергетикасы жобаларын іске асыру бойынша тәжірибесі бар. Бұл жаңа жобаны жүзеге асыруға берік негіз қалыптастырады.
Өз кезегінде Алессандро Делла Зоппа компанияның Қазақстандағы жобаларды одан әрі дамытуға қызығушылық танытып отырғанын жеткізді. Оның сөзінше, Eni Plenitude қазір әлемнің әртүрлі елдеріндегі энергетикалық нысандарда өндірілген электр энергиясын жинақтауға мүмкіндік беретін аккумуляторлық жүйелерді енгізіп жатыр. Мұндай технология энергияны сұраныс жоғары кезеңдерде электр желісіне тиімді беруге жағдай жасайды.
Компания өкілі Қазақстанда қолға алынатын болашақ жобаларда энергия жинақтау жүйелерін пайдалану мүмкіндігі де қарастырылып жатқанын айтты.
«Бадамша-3» жобасының іске қосылуы өңірдің энергетикалық әлеуетін арттырып қана қоймай, жергілікті еңбек нарығына да оң әсер етпек. Сонымен қатар жоба жаңартылатын энергия көздерін дамытуға және облыстың инвестициялық тартымдылығын күшейтуге бағытталған маңызды бастамалардың бірі болмақ.
Инвестор тарапынан да Ақтөбе облысымен ұзақ мерзімді ынтымақтастықты жалғастырып, жел энергетикасы бағытындағы жаңа жобаларды жүзеге асыруға ниет бар екені айтылды.