Табиғи өнімнің тұрақты мекені

0 2

Жетісу өңіріндегі азық-түлік өндірісінің дамуына сүбелі үлес қосып келе жатқан кәсіпорындардың бірі – Текелі қаласындағы сүт зауыты. Жетпіс жылдан астам уақыт бойы үздіксіз жұмыс істеп келе жатқан өндіріс орны бүгінде сапалы әрі табиғи өнімдерімен тұтынушылардың сеніміне ие болып отыр. Бірнеше буынның дастарқанынан орын алған зауыт өнімдері жергілікті тұрғындар үшін балалық шақтың дәмімен астасқан ерекше брендке айналған.

Кәсіпорынның басты ерекшелігі – өнім өндіруде жергілікті шаруашылықтардан алынатын табиғи шикізатты пайдалануында. Бұл бір жағынан ауыл еңбеккерлеріне тұрақты табыс көзін қамтамасыз етсе, екінші жағынан өңірдегі мал шаруашылығының дамуына серпін береді. Бүгінде зауыт айран, сүт, қаймақ, сүзбе, құрт, йогурт, сары май, кілегей және басқа да өнімдерді қоса алғанда экологиялық таза 23 түрлі өнім шығарады.

Өндіріс процесінде санитарлық-гигиеналық талаптар қатаң сақталады. Әрбір өнім бірнеше деңгейлі бақылаудан өтіп, сапасы арнайы зертханада тексеріледі. Мемлекеттік қолдау шараларының арқасында табиғи өнімдердің бағасы халық үшін қолжетімді деңгейде ұсталып отыр. Бұл өз кезегінде тұрғындардың сапалы әрі қауіпсіз азық-түлік тұтынуына мүмкіндік береді.

Кәсіпорынның сапаға деген жауапкершілігі жоғары бағаланып, республикалық «Алтын сапа» байқауының жүлдегері атанды. Бұл марапат өндіріс орнының көпжылдық еңбегі мен тұтынушылар алдындағы сенімінің нәтижесі десек артық емес.

Зауыт тарихы өткен ғасырдың ортасынан бастау алады. 1953 жылы қарапайым сүт қабылдау пункті ретінде құрылған кәсіпорын уақыт өте келе ірі өндіріс орнына айналды. Ел экономикасы үшін күрделі болған тоқсаныншы жылдардың өзінде жұмысын тоқтатпай, халықты қажетті өніммен қамтамасыз етіп отырды. Осындай тұрақтылық пен табандылық кәсіпорынның басты құндылықтарының біріне айналған.

Соңғы жылдары зауытта жаңғырту жұмыстары қарқын алды. 2015 жылы облыс әкімдігінің қолдауымен «Даму» қоры арқылы жүзеге асырылған «Өндіріс – 2» бағдарламасы аясында 171 миллион теңге көлемінде жеңілдетілген несие алынды. Бұл қаражатқа заманауи құрал-жабдықтар сатып алынып, өндіріс желілері жаңартылды. Сондай-ақ жаңа зертхана іске қосылып, өнім сапасын бақылау жүйесі жетілдірілді.

Бүгінде жергілікті шаруашылықтардан тәулігіне 15 тоннаға дейін сүт қабылданады. Шикізат арнайы үш сатылы сүзгіден өткізіліп, технологиялық өңдеуден кейін ғана өндіріске жіберіледі. Мұның бәрі өнімнің табиғилығы мен қауіпсіздігін сақтауға бағытталған.

Текеліде өндірілген сүт өнімдері тек қала тұрғындарының ғана емес, облыстың өзге өңірлеріндегі тұтынушылардың да сұранысына ие. Табиғи құрамымен ерекшеленетін өнімдер Текелі қаласымен қатар Талдықорған және Алматы қалаларындағы сауда орындарына жеткізіледі.

Кәсіпорын басшысы Владимир Стрельцовтың айтуынша, өндірістегі басты қағида – өнімнің табиғи қасиетін жоғалтпау.

– Біз үшін өнімнің табиғи дәмі мен балғындығын сақтау аса маңызды. Тұтынушылардың бізге деген сенімі де осы ұстанымнан қалыптасқан, – дейді ол.

Зауытта бүгінде 75 адам еңбек етеді. Ұжым құрамында қазақ, орыс, корей, татар және басқа да этнос өкілдері бар. Әртүрлі ұлттың өкілдерін ортақ мақсат пен адал еңбек біріктіріп отыр. Мұнда тәжірибелі мамандармен қатар жас кадрларға да ерекше көңіл бөлінеді.

Өндіріс жетекшісі Валентина Курбак – солардың бірі. Ол бұл салада отыз жылдан астам еңбек етіп, жинаған тәжірибесін жастарға үйретіп келеді. Ал шебер-технолог Роза Жабықбаева шикізат сапасын бақылау және өндіріс процесінің талапқа сай жүруіне жауап береді.

Кәсіпорынның табысты жұмысына Жалдыбай Әлиев, Светлана Данилова, Наталья Багунова, Татьяна Симакова сынды тәжірибелі мамандар да өз үлестерін қосып келеді. Сондай-ақ дайындаушы-жүргізуші Сағынтай Ғалимов күн сайын таңғы сағат үш жарымнан бастап жұмысқа кіріседі. Таңғы алтыда оның сүтке толы көлігі мектептерге, балабақшаларға және ауруханаларға жол тартады. Бұл маңызды жұмысты қойма меңгерушісі Марьяш Ғалимова үйлестіріп отырады.

– Біз өнімді алдын ала берілген тапсырыс бойынша дайындаймыз. Себебі өнімдеріміздің құрамында консерванттар жоқ, барлығы табиғи шикізаттан өндіріледі. Әсіресе балалар үшін өте пайдалы, – дейді ол.

Текелі сүт зауыты бүгінде өңірдегі азық-түлік қауіпсіздігін қамтамасыз ететін маңызды кәсіпорындардың біріне айналды. Жоғары сапа, табиғи құрам және көпжылдық тәжірибе – кәсіпорынның басты артықшылықтары. Ең бастысы, бұл өндіріс орны халықты сапалы өніммен қамтамасыз етіп қана қоймай, жаңа жұмыс орындарын ашып, жергілікті экономиканың дамуына да зор үлес қосып келеді.

Жетпіс жылдан астам тарихы бар зауыттың бүгінгі жетістігі – еңбек пен жауапкершіліктің, сапа мен сенімнің жарқын көрінісі.