Камера көмегімен 281 қылмыс ашылды

0 5

Жетісу облысында қоғамдық тәртіпті бақылау мен құқық бұзушылықтың алдын алуда цифрлық технологиялардың маңызы артып келеді. Жыл басынан бері бейнебақылау жүйелерінің көмегімен өңірде 281 қылмыс ашылып, 24 мыңнан астам әкімшілік құқық бұзушылық анықталған.

Қазіргі таңда көшелер мен қоғамдық орындардағы қауіпсіздікті қамтамасыз етуде бейнебақылау камераларының мүмкіндігі кеңінен қолданылуда. Жетісу полицейлері де заманауи технологияларды жедел басқару жүйесімен ұштастырып, құқық бұзушылыққа дер кезінде ден қоюға басымдық беріп отыр.

Сегіз айдың қорытындысы бойынша облыс аумағындағы бейнебақылау камералары арқылы 281 қылмыстың беті ашылған. Бұдан бөлек, камералардың көмегімен 24 434 әкімшілік құқық бұзушылық тіркелген.

Бұл жұмыста Полиция департаментінің Жедел басқару орталығының инспекторлары да маңызды рөл атқаруда. Орталық мамандарының бақылауындағы бейнекамералар арқылы есепті кезеңде 193 қылмыстың ашылуына ықпал жасалып, 10 814 әкімшілік құқық бұзушылық анықталған.

Бейнебақылаудың тиімділігі тек жасалған құқық бұзушылықты тіркеумен шектелмейді. Оның басты артықшылықтарының бірі – күмәнді жағдайды дер кезінде байқап, оқиға орнына жедел топтарды бағыттау арқылы келеңсіз жағдайдың алдын алуға мүмкіндік беруі. Осылайша цифрлық жүйелер қоғамдық тәртіпті сақтаудың қосымша әрі маңызды құралына айналып отыр.

Полиция мен тұрғындар арасындағы байланысты жетілдіру бағытында да жаңа тетіктер енгізілуде. Солардың бірі – азаматтардың өтініштері мен хабарламаларын қабылдауды жеңілдетуге арналған «Омниканалды» жоба. 2026 жылы бұл жүйе арқылы 542 хабарлама тіркелген. Оның 439-ы «Заң мен тәртіп» мобильді қосымшасы арқылы түскен.

Бұл көрсеткіш тұрғындардың қоғамдық қауіпсіздік мәселесіне бейжай қарамайтынын көрсетеді. Азаматтардан келіп түскен хабарламалар полиция жұмысының жеделдігін арттырып, нақты жағдайға уақытылы әрекет етуге мүмкіндік береді.

Жедел басқару орталығы қызметкерлерінің күнделікті жұмысының тағы бір бағыты – қоғамдық орындарда алкогольдік масаң күйде жүрген адамдарды анықтау. Мұндай жағдайларға уақытылы назар аудару арқылы мас күйдегі азаматтардың қатысуымен болуы ықтимал құқық бұзушылықтардың алдын алу көзделеді.

Бүгінде қауіпсіздікті қамтамасыз ету тек полицияның міндеті емес, қоғам мен құқық қорғау органдарының бірлескен әрекетін талап ететін ортақ іс. Осы ретте бейнебақылау жүйелері, цифрлық сервистер және тұрғындардың белсенділігі қоғамдық тәртіпті нығайтуға өз үлесін қосып келеді.

Жетісу облысының полициясы алдағы уақытта да «Заң мен тәртіп» қағидатын нығайтуға, құқық бұзушылықтардың алдын алуға және азаматтардың қауіпсіздігін қамтамасыз етуге бағытталған жұмыстарды жалғастырады.