Тұрғындар өтініші – басты назарда

0 2

Түркістан облысының әкімі Нұралхан Көшеров қоғамдық қабылдау өткізіп, өңірдің әр аудан-қаласынан келген тұрғындардың өтініштері мен ұсыныстарын тыңдады. Қабылдауға 150-ге жуық азамат қатысып, өздерін толғандырған мәселелерін тікелей облыс басшысына жеткізді. Бірнеше сағатқа созылған ашық диалог барысында тұрғындар тарапынан көтерілген әрбір мәселе жеке қаралып, оларды шешу жолдары жауапты мемлекеттік органдардың қатысуымен талқыланды. Қабылдауға облыс әкімінің орынбасарлары, басқарма басшылары, аудан және қала әкімдері, сондай-ақ құқық қорғау органдарының өкілдері қатысты.

Кездесу барысында бірқатар мәселе сол жерде шешімін тапса, қосымша зерделеуді қажет ететін өтініштер бойынша нақты мерзімдер белгіленіп, жауапты тұлғаларға тапсырмалар берілді. Бұл жұмыстардың орындалуы тиісті бақылауға алынатын болады. Тұрғындар негізінен әлеуметтік және тұрмыстық мәселелерін көтерді. Атап айтқанда, баспанаға қолжетімділік, жер қатынастары, әлеуметтік көмек, денсаулық сақтау, жұмыспен қамту, инженерлік инфрақұрылым және құқықтық мәселелер бойынша ұсыныстар айтылды.

Облыс әкімі әрбір өтініштің заң талаптарына сәйкес қаралатынын атап өтіп, мемлекеттік органдардың жұмысы нақты нәтижеге бағытталуы керектігін жеткізді. Оның айтуынша, тұрғындармен тікелей байланыс орнату – халықтың талап-тілегін түсінудің және басқару шешімдерінің тиімділігін арттырудың маңызды жолы.

Қабылдау барысында жер мәселесіне қатысты бірқатар ұсыныс қаралды. Нұралхан Көшеров инженерлік инфрақұрылымы толық дайын емес аумақтардан жер телімдерін беру заң талаптарына сәйкес келмейтінін айтты. Сонымен қатар жер кезегінде тұрған азаматтардың құқықтары сақталатынын, белгіленген тәртіптен ауытқуға жол берілмейтінін атап өтті.

– Жер беру мәселесінде заң талаптары қатаң сақталуы тиіс. Әрбір азаматтың құқығы қорғалуы керек. Кезектілік тәртібі бұзылмай, барлық шешімдер ашық әрі әділ қабылдануы қажет, – деді облыс әкімі.

Кездесуде тұрғын үй мәселесі де кеңінен талқыланды. Өңір басшысы Түркістан облысында тұрғын үй құрылысы қарқынды жүргізіліп жатқанын атап өтті. Қазіргі таңда облыс республикадағы тұрғын үй салу көлемі бойынша алдыңғы қатарлы өңірлердің бірі саналады. Жыл сайын шамамен 1 миллион шаршы метр тұрғын үй пайдалануға беріліп, халықты баспанамен қамтамасыз ету бағытындағы жұмыстар жүйелі түрде жалғасып келеді.

Сонымен қатар қабылдауға келген азаматтар ауылдық округ әкімдерінің қызметіне қатысты ұсыныстары мен сын-пікірлерін де білдірді. Өңір басшысы барлық ұсыныстың зерделеніп, тиісті мемлекеттік органдар тарапынан заң аясында шешім қабылданатынын айтты.

Қоғамдық қабылдау тұрғындар мен билік арасындағы ашық байланысты нығайтатын маңызды алаңға айналды. Мұндай кездесулер азаматтардың мәселесін жедел анықтап, оларды шешудің тиімді жолдарын белгілеуге мүмкіндік береді.

Қабылдауды қорытындылаған Нұралхан Көшеров мемлекеттік қызметтің негізгі өлшемі – халықтың сенімі екенін атап өтті. Оның айтуынша, тұрғындардың мәселесіне жауапкершілікпен қарап, нақты нәтиже көрсету – барлық мемлекеттік органның басты міндеті.