Ақтөбе қаласындағы теміржол вокзалының қайта жаңғырту жұмыстары аяқталуға жақын. Құрылыс жұмыстарының дайындық деңгейі бүгінде 95 пайызды құрайды. Нысандағы жұмыс барысын Премьер-Министрдің бірінші орынбасары Нұрлыбек Нәлібаев өңірге жұмыс сапары кезінде арнайы барып көрді.
Теміржол вокзалын жаңғырту – Мемлекет басшысының тапсырмасымен республика бойынша жүзеге асырылып жатқан ауқымды бағдарламаның бір бөлігі. Ел көлемінде 124 вокзал заманауи талаптарға сай қайта жаңартылып жатыр. Бұл жоба жолаушыларға көрсетілетін қызмет сапасын жақсартып, көлік инфрақұрылымын жаңғыртуға бағытталған.
Жұмыс сапары барысында Нұрлыбек Нәлібаев құрылыс алаңын аралап, мердігер ұйымдар мен жауапты сала басшыларына жобаны белгіленген мерзімде әрі сапалы аяқтауды тапсырды. Оның айтуынша, әрбір құрылыс кезеңі қатаң бақылауда болуы тиіс.
Қазіргі уақытта вокзал ғимаратының іргетасы, қаңқасы, шатыры мен қасбеті толық аяқталған. Ішкі әрлеу жұмыстары жүргізіліп, инженерлік жүйелер жаңартылуда. Сонымен қатар перрон мен вокзал маңындағы аумақты абаттандыру, көгалдандыру және көріктендіру жұмыстары жалғасып жатыр. Құрылыс-монтаж жұмыстарын 20 тамызға дейін толық аяқтау жоспарланған.
Премьер-Министрдің бірінші орынбасары вокзал алдындағы алаң мен перронды да аралап көріп, жаңартылған нысанның айналасын кешенді түрде ретке келтірудің маңызын атап өтті. Ол вокзал маңындағы ғимараттардың сәулеттік келбетін біріздендіріп, аумақты толық абаттандыру жөнінде нақты тапсырмалар берді. Оның пікірінше, вокзал тек жолаушыларға қолайлы қызмет көрсететін орын ғана емес, өңірдің сәулеттік келбетін айқындайтын маңызды нысан болуы қажет.
Жалпы Ақтөбе облысында жеті теміржол вокзалы жаңғыртылуда. Атап айтқанда, Ақтөбе, Қандыағаш, Шалқар, Жем, Алға, Шұбарқұдық және Қарауылкелді станцияларындағы вокзалдар кезең-кезеңімен жаңартылып жатыр. Бүгінде Шалқар мен Шұбарқұдық вокзалдарындағы құрылыс толық аяқталса, қалған нысандарда жұмыстар жалғасуда. Барлық жобаның жалпы құны 10,5 миллиард теңгеден асады.
– Вокзалдар – өңірдің айнасы. Сондықтан оларды заман талабына сай жаңғырту тұрғындардың жайлылығын арттырып қана қоймай, өңірдің көлік әлеуетін де күшейтеді. Жобалар толық аяқталған соң тұрғындар мен жолаушылар сапалы әрі қолайлы қызмет көрсететін жаңа вокзалдарды пайдалана алады, – деді Нұрлыбек Нәлібаев.
Жаңғырту жұмыстары аяқталғаннан кейін Ақтөбе облысының теміржол вокзалдары өңір тұрғындары мен қонақтарына заманауи талаптарға сай қызмет көрсететін жаңа инфрақұрылымдық нысандарға айналмақ.