Қызылордада ірі IT-орталық салу жоспарланып отыр

0 3

Қызылорда облысында цифрландыру мен жасанды интеллект саласын дамытуға бағытталған ауқымды жобалар қолға алынуда. Осы бағыттағы жоспарлар облыс әкімі Мұрат Ергешбаевтың Дүниежүзілік банктің Қазақстандағы және Түрікменстандағы тұрақты өкілі Андрей Михневпен кездесуінде кеңінен талқыланды.

Кездесу барысында тараптар өңірдің цифрлық әлеуетін арттыру, халықаралық әріптестікті нығайту және жаңа технологияларды экономиканың барлық саласына енгізу мәселелеріне тоқталды.

Облыс әкімі Мемлекет басшысы 2026 жылды «Цифрландыру және жасанды интеллект жылы» деп жариялағанын атап өтіп, осыған сәйкес өңірде нақты бастамалар жүзеге асырыла бастағанын жеткізді.

– Цифрландыру – уақыт талабы ғана емес, өңірдің әлеуметтік-экономикалық дамуының басты тетігі. Біз бұл бағыттағы жұмыстарды жүйелі түрде жүргізіп келеміз. Жуырда Астанадағы «Alem AI» халықаралық жасанды интеллект орталығы мен елорданың ахуалдық орталығында болып, олардың жұмыс тәжірибесімен таныстық. Онда цифрлық технологияларды дамыту, жасанды интеллект жобаларын қолдау және Astana Smart City үлгісін өңірлерде енгізу мәселелері талқыланды. Сол тәжірибені Қызылордада да тиімді пайдалануға ниеттіміз, – деді Мұрат Ергешбаев.

Өңір басшысының айтуынша, бүгінде Қызылордадағы цифрландыру инфрақұрылымы бірнеше мекемеге бөлініп орналасқан. Мәселен, өңірлік «Қызылорда хаб» Қорқыт ата атындағы Қызылорда университетінің базасында жұмыс істесе, IT Park стартаптары мен резиденттері облыстық жастар ресурстық орталығында орналасқан. Ал «109» бірыңғай байланыс орталығы мен «112» жедел қызметі облыстық медициналық жедел жәрдем стансасының ғимаратында қызмет көрсетеді.

Мұндай шашыраңқы құрылымның орнына цифрлық экожүйені бір орталыққа біріктіру көзделіп отыр. Осы мақсатта облыс орталығында жалпы аумағы 5-10 мың шаршы метрді құрайтын заманауи цифрлық орталық салу ұсынылды. Жаңа кешенде IT-хаб, жасанды интеллект зертханалары, стартаптарды қолдау алаңдары, ахуалдық орталық, инновациялық білім беру ұйымдары және мемлекеттік цифрлық сервистер бір жерге шоғырланбақ.

Қазіргі таңда аталған жобаның тұжырымдамасын «BI Group» компаниясы әзірлеуде. Қала әкімдігі құрылысқа қажетті жер телімін бөлу мәселесін қарастыруда. Жобаның жалпы инвестициялық құны шамамен 10 миллиард теңгені құрайды. Облыс әкімдігі осы бастаманы жүзеге асыруда Дүниежүзілік банктің қатысу мүмкіндігін қарастыруға мүдделі екенін жеткізді.

– Біз халықаралық қаржы институттарының тәжірибесіне және қолдауына үлкен мән береміз. Сондықтан Дүниежүзілік банктің осы жобаға қатысу мүмкіндігін талқылауға дайынбыз. Бұл өңірдің цифрлық әлеуетін жаңа деңгейге көтеретін маңызды бастама болады деп сенеміз, – деді облыс әкімі.

Өңірде жасанды интеллект саласында білім беру мен ғылыми зерттеулер де қарқын алып келеді. Қорқыт ата атындағы Қызылорда университеті Оңтүстік Кореяның Сеул ұлттық ғылым және технология университетімен бірлесіп, Қазақстандағы алғашқы Жасанды интеллект институтын ашты. Қазіргі таңда онда 240 студент білім алып, халықаралық стандарттарға сай мамандықтарды игеруде.

Сонымен қатар өңірлік «Қызылорда хаб» соңғы үш жыл ішінде цифрлық кәсіпкерлікті дамытуға елеулі үлес қосып келеді. Осы кезеңде 48 стартап жоба жүзеге асырылып, олардың негізінде 20 жаңа жұмыс орны құрылған. Бұл көрсеткіштер өңірде инновациялық экожүйенің қалыптасып келе жатқанын аңғартады.

Мемлекеттік қызметтерді цифрландыру бағытында да оң нәтижелер байқалады. Бүгінде облыс көлемінде 23 ақпараттық жүйе жұмыс істейді. Оның төртеуі «Электрондық үкіметтің» архитектуралық порталында орналастырылған және ақпараттық қауіпсіздік талаптарына толық сәйкес келеді. Бұл мемлекеттік қызметтердің ашықтығы мен тиімділігін арттыруға мүмкіндік беріп отыр.

Кездесу қорытындысында тараптар цифрлық трансформацияны жеделдету, халықаралық тәжірибені кеңінен пайдалану және инвестициялық жобаларды бірлесіп жүзеге асыру бағытындағы ынтымақтастықты жалғастыруға уағдаласты.

Сарапшылардың пікірінше, жоспарланып отырған цифрлық орталықтың іске қосылуы Қызылорда облысын өңірлік IT және жасанды интеллект технологияларын дамыту орталықтарының біріне айналдыруға жол ашып, инновациялық кәсіпкерліктің дамуына, жаңа жұмыс орындарының құрылуына және цифрлық экономиканың үлесін арттыруға елеулі серпін береді.