Япырм-ай, қазақша сөзді түсіне алмадым

0 2

Бәріміз бір республиканың ішінде жүрміз дейміз ғой. Дегенмен бар ғой, кейде әр аймақтағы таныстарымыздың өзін де, сөзін де түсіну қиын. Барлығы қазақ тіліндегі саған түсінікті сөз. Бірақ, мағынасына келгенде толық ұғына алмай қиналып, әбіржіп жатамыз. Әр өңірде қолданылатын диалект сөздер мағынасы әр жерде әртүрлі болып, қиындықтар кездесіп жатады. Әрине, сол қиындықтың өзі бір қызық.

Бір жолы Қызылордадан ұзақ жылдан бері таныс досымыз қоңырау шалды. «Тараз қаласына апам бара жатыр. Сағат түнгі пәлен уақытта теміржол вакзалынан пойыздан күтіп аласыз ба?» деп өтінді. Досымның есімі – Берік. Досым айтып тұрған соң келістім, күтіп алатын болдым. Өзім ішімнен «Ол қандай еріккен апа екен? Жасы бір жетпістен асқан кісі шығар. Осы жаста ел қыдырмай үйінде тыныш отырмай ма?» деп ойланып қойдым.

Уәделескен күні түнде қиналсам да көлігімді оталдырып, теміржол вокзалына бардым. Досымның айтуы бойынша пәленінші пойыздың түгенінші вагонының алдында тұрмын. Өз ойым бір кемпірді күтіп тұрмын ғой. Жолаушылардың бәрі асығыс түсіп жатыр. Шамасы түсетін ешкім де қалмады ау. Мен күткен «апа» жоқ. Өлә! Ол қалай? Досыма қайта қоңырау шалып сұрадым. «Апам қазір түсіп, вагонның шетінде манты сатып тұрған саудагердің жанында тұр ғой. Маған солай хабарлады» дегені. Манты сатып тұрған саудагер келіншекті алдында сырттай байқап өткем. Сол жаққа барсам, бір әдемі қыз тұр. «Апа» жоқ. Мен алақтап «Бұл жерге бір апа келді ма?» деп сұраймын ғой. Сонда барып әлгі әдемі қыз «Беріктің апасы мен ғой. Есімім – Гүлім. Досым күтіп алады деген еді. Сіз бе?» деп танысып, жағдай сұрасып жатырмыз. «Апаны» алқынып іздеп жүрегім тоқтап қала жаздады ау. Сөйтсем ше? Сөйтсем, Сыр жақта, аяулы Ақмешітте әп-әдемі қыздарды «апа» дейді екен. Біз «Әпке» дейміз, олар «Апа» дейді.

Сөйтіп не керек бір апта бойы қартайған апаны күтіп алам ба деп ойланып жүрген мен жап жас бойжеткенді қарсы алып қуанып қалған едім. «Қалайсыз? Кафеге барып шай ішсек. Жолдан шаршап келдіңіз ғой» деп лыпылдап жатырмын. «Жоқ! Ақ ниетіңе рақмет. Қонақ үйге апарсаңыз жетеді. Сол жерден шай ішемін, ақшасы бәрі төленген. Сіз әуре болмаңыз. Онсыз да уақыт бөліп мен үшін келдіңіз» деп қыз сыпайылық сақтады.

Осындай бір қызық жағдай болғаны бар. Ұмытылмай есімде қалыпты. Кейіннен қанша жыл өтсе де пойызға мінген сайын, пойыздан бір кісілерді күтіп алған сайын осы жағдай есіме түсіп, өзімнен өзім күліп, жадырап, жымиып аламын. Ондайда жанымдағы кісілер ештеңе түсінбей қалады. Мен оларға басымнан өткен оқиғаны асықпай түсіндіруге кірісемін. Әй, қызық-ай! Әлемде талай қызық бар деген сол.

Ол ол ма тағы бірде мынандай қызық болды ғой. Ақтөбе қаласына іссапармен барып, қонақ үйде шалқамнан түсіп жатырмын. Бір кезде бөлмеме қонақ үйдің жауапты қызметкері келді. Бірдеңеге алаңдап тұр.

– Аға, сізден бірдеңе өтінсем бола ма? Егер ренжімесеңіз, – деп сыпайылайды.

– Айтыңыз енді, несіне ренжимін. Сіз өкпелейтін сөз айтпайтын шығарсыз, – деп қойдым мен де екі ұштылау сөйлеп.

– Жоқ, ондай ренжітетін сөз жоқ. Бір қиындау мәселе болып тұр. Мынау ең жақсы қонақ үй еді. Бір үлкен дөкей бастықтың балдызы келе жатыр. Сол кісіге орын болмай тұр. Бір түн сіздің қасыңыздағы төсекке қонып шықса бола ма? – дейді әлгі қызметкер.

Балдызы дей ме? Келіншек болғаны ма? Бойжеткен бе? Оны неге менің қасыма жатқызбақшы. Көзім жайнап, қуанып кеттім бірақ!

– Енді бәріміз жол жүріп жүрген жолаушымыз. Ол кісінің басқа қонатын ыңғайлы жері болмаса. Менің қасыма жайғаса берсін. Сіздерді ыңғайсыз жағдайға қалдырмаймын ғой енді, – деп лыпылдап кеттім. Бір жағы «балдызы» дегенге елжіреп, үздігіп, қуанып тұрмын. Бір бөлмеде әдемі келіншекпен жай сөйлесіп жатсаң да әдемі ғой.

  – Түсіністік танытқаныңызға рақмет. Онда дөкей бастықтың балдызы кешке сағат пәленде келіп қасыңызға жайғасады, – деді де, қызметкер жігіт шығып кетті. Ал, мен көз алдыма күлімдеген әдемі балдыз, сұлу келіншек келіп, ұйқым бұзылды. Тәтті қиялға беріліп, өзіммен өзім арпалысып кеттім. «Қандай келіншек, қандай бойжеткен екен? Әзілдессем әзілді түсінетін шығар. Әлде бұл жақтағылар ондай қалжың сөз дегенді түсінбей ме екен. Қалай екен өзі?» деп күбірлеп қоямын. Ақыры арпалысып, талай арманға беріліп жүріп күнді де батырдым, қонақ үй қызметкері айтқан уақытты да болдырдым. Күткен мезгіл жетті. Аса ұзақ күттірмей есік қағылды. «Қазір, қазір» деп сызылып жатырмын. Сосын не болды деңіз. Есікті асығыс барып ашып қалсам, арғы жақта еркек тұр. Жасы елулерге келіп қалған қолақпандай ер азамат. Есім шығып жан-жағыма қарай беріппін. Басқа ешкім жоқ. Әлгі кісі:

– Аман-есенсіз бе? Мен әлгі Пәленше Түгеншеевичтің балдызымын. Сізге қонақ үй қызметкері ескерткен шығар, – деді.

– Ескертті, иә, ескертті. Келіңіз, төрлетіңіз. Қош келдіңіз, – деп елпеңдеп жатырмын. Дұрысы елпеңдеген болып жатырмын. Еркек адамды қай бір жақтырып тұр дейсің. Сонымен, кешке дейін күткен бастықтың балдызы, жоқ, менің арман-қиялдарымның күллі көкке ұшты. Сөйтсем, бұл жақта ше, ер адамның қайнысын да «балдыз» дей береді екен. Өйткен «балдызы» бар болсын!

Содан шаруаның жайымен қонақ үйде екі-үш күн жатып қалдым. Бір кезде ақтөбелік таныс жігіттер келіп тұр. «Қайтыс күніңізді айтпадыңыз, қайтыс қашан?» дейді. Біз жақта «Қашан қайтасыз?» дейміз ғой. «Бұйырса ертең жолға шығамын» дедім мен шошып кетіп. «А-а-а, жақсы түсінікті. Бүгін демалыңыз. Жатқан жеріңіз жайлы болсын!» дейді әлгі таныс досым. «Жатқан жері жайлы болсын» деп бізде басқа жағдайда, қайтыс болған кісіге айтады ғой. Сол түнді әрең өткізіп, ертеңіне «Атыңнан айналайын, Әулиеата!» деп өз өңіріме аман-есен қайтқаным бар.

Қазақтың диалекті сөздерін ажырата білу де оңай емес екен. Сіздер енді Батыс облыстарға бара қалсаңыздар, абайлап, осы мәселелерді ескере жүріңіздер. Мен құсап босқа арман-қиялға берілмеңіздер! Жарай ма? Сол қызықтар естен кетпейді! Айналамыздан қуаныш, қызық, күлкі кетпесін!