Алматы облысының Қарасай ауданында ірі инвестициялық жоба жүзеге асырылуда. Әйтей ауылдық округінде орналасқан «Almaty W. S.» Қазақстан-Қытай бірлескен кәсіпорны құрылысқа қажетті металл конструкциялары, бетон, сэндвич-панельдер, терезе, есік және басқа да өнімдер шығаратын заманауи өндіріс орнын іске қосты.
Кәсіпорынға 4,7 млрд теңге инвестиция құйылған. Жобаны қытайлық инвестор Тивей Ру қаржыландырған. Зауыт құрылысы 2025 жылдың наурызында басталып, сол жылдың соңында пайдалануға берілді.
«Almaty W. S.» ЖШС директорының орынбасары Сержан Дәулеткерейұлының айтуынша, зауыт іске қосылғаннан бері 200 мың текше метр бетон мен 6 мың тонна металл конструкциясы өндірілген. Ал өндірістік қуаты жылына 300 мың текше метр бетон және 10 мың тонна металл конструкциясын шығаруға мүмкіндік береді.
Бүгінде кәсіпорын «Минстальком», «PanelTek», «Самұрық-Қазына», «Real Construction», «Қазақ темір құрылыс» және басқа да ірі компаниялармен әріптестік орнатқан. Өнімнің 60 пайызы Алматы қаласы мен Алматы облысына жеткізілсе, қалған бөлігі еліміздің өзге өңірлері мен Қырғызстан, Өзбекстан нарығына жөнелтіледі.
Қазіргі таңда зауытта 80-нен астам адам еңбек етеді. Оның басым бөлігі – жергілікті тұрғындар. Жоба толық қуатына шыққанда 1200 жаңа жұмыс орнын ашу жоспарланып отыр.
Кәсіпорында металл конструкцияларын жобалау, өндіру және монтаждаумен қатар сэндвич-панельдер, металл шатыр жабындары, профильдер, терезелер мен есіктер, модульдік үйлер және басқа да құрылыс материалдары шығарылады. Әсіресе, модульдік үйлерге сұраныс артып келеді. Мамандардың айтуынша, олар қысқа мерзімде тұрғызылады, ұзақ уақыт пайдалануға жарамды әрі қажет болған жағдайда басқа жерге оңай көшіріледі.
Заманауи технологиямен жабдықталған өндіріс орны өңірдің құрылыс индустриясын дамытуға серпін беріп қана қоймай, жаңа жұмыс орындарын ашуға, инвестиция тартуға және жергілікті экономиканың өсіміне өз үлесін қосып отыр.